Мұнайдың арзандауы Венесуэланы аштық шетіне жеткізді
Венесуэланың шектеулі төменгі бағамен мемлекеттік азық-түлік сататын дүкендеріндегі тәртіпті күзетіп тұрған полицейлерге сатып алушылардың құжаттарын мұқият тексеру тапсырылды. Осыдан бастап аталмыш дүкендер жүйесіне әрбір мемлекеттік қызметкер аптасына екі рет қана келіп, керекті азық-түлік өнімдерін алып тұрады. Иммиграциялық қызмет қызметкерлері, сондай-ақ, сауда нүктелері маңайына арзан бағаға сатып алынған азық-түліктерді қайта саудалап, контрабандалық жолмен көршілес жатқан елдерге жөнелту үшін келетін шетелдік алаяқтардың жолдарын кесу де жүктелді. Басылым ақпараты бойынша, елдегі «қара базарлардың» өзінде тауар тапшылығы біліне бастаған. Құқық қорғау органдары қазір жаппай тәртіпсіздік орын алып кетуінен сақтанып, тұрмыстары төмен отбасылары үшін арзан бағаға тауар сататын магазиндер жанында да үздіксіз кезекшілік ететін болды. Ал елдің былайғы тұрғындарына сүт немесе ұн секілді бірінші кезектегі тауарларды сатып алу үшін дүкендердегі кезектерде сағаттап тұруға тура келеді. Тапшы тауарларды сату кезіндегі дүрбелең жергілікті билік органдарын да әртүрлі шектеудер енгізуге мәжбүр етіп отыр. Айталық, Яракуй штатында кезекке түннен келіп тұруға тыйым салынды. Мұны штат губернаторы Хулио Леон Эредия мұндай белсенділікке негізінен алыпсатарлардың бейім келетіндігімен түсіндірді. Елдің президенті Николас Мадуро мұнайдың бағасы тағы да төмендей түскенін жеткізді. Бұрын Каракас елге келетін валюталық құйылымның 95 пайызын осы мұнайдан алатын еді. Ал АҚШ «экономикалық соғыс» жариялағалы бері сырттан келетін қаржының қоржыны күрт төмен түсіп кетті. Үкімет энергия тасымалдаудан түсетін қаржыларды негізінен өзінің саясатына қолдау білдіріп отырған әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарды қолдауға жұмсайтын еді. Мадуро бюджетті толтыру үшін Қытайдан 20 млн. доллар көлемінде қарыз алатын болып келісті. Ол мұнай бағасын көтеру үшін мұның алдында Иран және Сауд Арабиясы басшылықтарымен кездесті. Бұлардың біріншісінен қолдау алғанымен, келесісі бұған мүлдем жылы ыңғай бермеді. Содан кейін Венесуэла президенті Ресейге келді.Сарапшылар: мұнай бағасы 31 долларға дейін құлайды
Мұнайдың баррелінің бағасы үстіміздегі тоқсанның соңында, яғни наурыз айының аяғында 31 долларға дейін төмендейді. Bank of America Merrill Lynch сарапшылары осындай болжам жасап отыр. Ал Merrill Lynch сарапшыларының түсіндіруінше, мұнай бағасының бұлайша қатты құлдырауына осы кезге дейін оның көп қорының жинақталып қалғаны басты себеп болмақ. Атап айтқанда, 2015 жылдың екінші тоқсанында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде (ЭЫДҰ) мұнайдың қоры 2,83 млрд. баррельге жетіп, былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 180 млн. баррель шамасында асып түспекші. Алайда, биылғы екінші тоқсанда АҚШ тақтатас мұнай өндіру көлемін амалсыз қысқартқалы отыр. Сол кезде мұнайдың баррелінің бағасы 43 доллардың төңірегінде тұрады. Жалпы, Merrill Lynch сарапшыларының болжамы бойынша, Brent маркалы мұнайдың 2015 жылғы орташа бағасы 52 доллардың, ал WTI мұнайы 50 доллардың шамасында болады.Жер бетінде 2,2 млрд. адам кедейлік қамытын киген
Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша, қазіргі таңда қаржылай дағдарыстың, табиғи апаттардың, азық-түлік бағаларының өсуі мен соғыс қимылдарының салдарынан әлемнің 2,2 млрд. адамы «кедейліктің немесе кедей дерлік халдың» қамытын киіп отыр. БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Токиода өткен жиынында оқылған баяндамада айтылғандай, күллі әлемдегі кедейшіліктің алатын үлес салмағы кішкентай болғанымен, күн санап өсіп келе жатқан теңсіздік пен «құрылымның осалдығы» бұрынғысынша ең қауіпті тұс күйінше қала бермек. Қазір артта қалған және дамушы 91 мемлекеттің 1,5 млрд.-қа жетеқабыл тұрғыны нағыз тақыр кедейліктің зардабын шегіп отырса, тағы 800 млн. адам осыған құлаудың ең шеткі шегінде тұр. «Жер шарындағы 1,2 млрд. адам күніне эквиваленті 1,25 долларға жетер-жетпес сомадағы қаржымен нәпақаларын айырып, өлместің күнін кешіп отыр», делінген БҰҰДБ баяндамасында. «Аталған проблеманы шешудің жолдары мемлекеттердің тұрғындарды еңбекпен қамту және әлеуметтік жағынан қорғау салаларындағы бағдарламаларында қарастырылған», деп мәлім етілген зерттеу жұмыстарында. «Құрылымдық әлсіз тұстар көбіне-көп тамыры тереңге кеткен теңсіздік пен кеңге тараған кедейлік арқылы көрініс береді», деп атап өтеді зерттеушілер. «Кедейлер, әйелдер, шағын топтар (этностық, лингвистикалық, діни, сексуалдық немесе мигранттар), тұрғылықты тұрғындар, ауылдық жерлер мен алыс аудандардың адамдары, мүмкіндіктері шектеулі кісілер мен теңізге шығатын мүмкіндіктері жоқ немесе табиғи ресурстары шектеулі елдер әдетте мейлінше қиынырақ кедергілерге тап болады», деп түсіндіреді БҰҰ-дағылар. «Жұмыссыздық әдетте қылмыстың, өзін өзі өлтірудің, зорлық-зомбылықтың, нашақорлық пен басқа да әлеуметтік проблемалардың өсуімен байланысты келеді. Осылайша, жұмыстан алынатын әлеуметтік тиімділіктер жеке жалақы төлемінің тиімділігінен әлдеқайда жоғары тұрады», делінген зерттеуде.Египет ереуілдерінің ертеңі жоқшылыққа апарды
Әл-Дувайка – Каирдің шығысындағы ең кедей махаллалардың бірі. Мұнда келген әрбір шет жерлік адам Мысырдың араб елдері ішіндегі ең бақуаты кем мемлекет екеніне көзін жеткізе түседі. Айтатыны жоқ, Египет жұртының жартысына жуығын осындай кембағалдар құрайды. Елде 2011 жылғы қаңтар айында бұрқ ете қалған революцияның да басты себептерінің бірі тап осы кедейшіліктің болғаны еш күмән туғызбайды. Содан бері де сол «қу кедейлік» бұл елдің табалдырығынан кете қойған жоқ. Керісінше, революцияның кесірінен елдің жағдайы бұрынғыдан бетер нашарлай түсті. Қазір ел экономикасының рецессиясы, жұмыссыздықтың өсуі және айлық жалақының төмендеуі салдарынан кедейліктің қамыты жұрттың барынша көбірек бөлігіне киіле бастады. Ніл жағасындағы қаладағы қаптаған лашықтар көшелер мен тұйықтардың бойларын шым-шытырық шырғалаңға айналдырып жіберген. Оларға кірген адамның жуыр маңда қайта шығар жолды табуы қиындау. Құбырлардан аққан ағын сулар орамдар орайларын шылқыта алып жатыр. Олардан пайда болған көлшіктер балалардың ойын алаңдарына айналған. Сол маңдағы лашықтардың бірінің құрқылтайдың ұясындай жалғыз бөлмесінде Әбу Хусейн есімді азамат бес баласымен бірге тұрып жатыр. «Менің ештеңем жоқ: ақшам да, жұмысым да, демек, үйде де ешқандай үнем жоқ: өсімдік майы да, нан да – ештеңе», дейді Әбу Хусейн. Электр жарығының үзіліп берілуі, су құбырлары мен қалыпты канализацияның болмауы – бұл жердегілерге әбден үйреншікті нәрсе. Ал мұндай олқылықтардың қатарын тоқтамай созып кете беруге болады. «Көріп тұрсыздар ма, үйде адам айналатын жер шамалы, үкімет түк те көмектеспейді. Мен терезесінен су саулап құйып тұратын жалғыз бөлмеде тұрамын», дейді келесі бір тұрғын әйел. Мемлекеттік органдар жұрттың сұранысын қанағаттандыруға мүлдем қабілетсіз болып шықты. Соңғы үш жылда әлеуметтік проблемалар тек қана көбейе түсті. Революция кезінде айтылған мүмкіндіктерді теңестіру мен әлеуметтік әділеттілікті орнату жөніндегі талаптар сол күйі орындалмай, сөз жүзінде қалып қойды. «Жұрт осының бәрінен шаршап, мезі болды. Ендігі революция, сірә, аш адамдардікі болатын шығар. Біз үкіметтен көмек күтіп жүрміз, біз мемлекетіміздің бар екендігін білдіретін әрекеттердің болғанын қалаймыз», дейді Ашраф Сәлем деген кісі. Каирдің Аз-Забалин деген шағын ауданының тұрғындары осындағы күл-қоқыстардың есебінен күн көреді. Осы маңда тұратын 35 мың адам қоқысқа тасталған заттарды теріп алып, оларды қайта сату арқылы нәпақаларын айырады. «Саяси режімдер өзгеріп тұрғанымен, Египеттің кедейлігі бұрынғысынша күннен күнге шөлді басу үшін бір жұтым таза ауыз су іздеу, аштықтың аранын қайтару үшін бір тілім нан табу секілді қарапайым күнкөрістің мұқтаждығын қанағаттандыруға ұласып келе жатыр», деп хабарлайды «Еуроньюстің» Каирдегі тілшісі Мохаммед Шейхибрагим. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».