Фото: https://www.mbook.kz/media/8/items/26/index.html
Министрдің айтуынша, көкжөтел – вакцинамен басқарылатын инфекциялардың бірі, барлық мемлекет көкжөтелге байланысты вакцинаны балаларға егіп, эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап отыр. Былтырдан бері Қазақстанда көкжөтелге қатысты жағдайдың өскені байқалған.
Inbusiness.kz сайты жазғандай, ауруға шалдыққан балалардың 80 пайызы вакцинаны алмаған.
«Көкжөтелдің асқынған түрлері өте ауыр түрде өтеді. Емі де қиын. Азаматтарымызды балаларын осы ауру түріне қарсы вакцинаны белсенді алуға шақырамыз. Қосымша вакцинациялау мәселесінде тағы қаражат бөлінді. Былтырғы жылдары вакцинациядан өтпеген балаларымыздың арасында қосымша вакцинациялау жұмыстары жүріп жатыр», деді Денсаулық сақтау министрі.
Оның сөзінше, бұл бағытта түсіндіру жұмыстары әлі де күшейтуді қажет етеді.
«Өкінішке қарай, Қарағанды облысында 9 наурыз күні бір сәби көкжөтелден қайтыс болды. Бала 1 жас 11 айда болды. Бұл жағдайға ДСМ тарапынан сараптама жүргіздік. Біріншіден, бала уақыты жетпей дүниеге келген. Екіншіден, екпе алмаған және емхана деңгейінде көп жүріп қалған, ауруханаға кеш түскен. Сондықтан тиісті асқынулардың себебінен бұл балаға көмектесе алмадық. Көкжөтел жеңіл өтетін ауру емес», деді Ақмарал Әлназарова.