Фото: informburo.kz
«The Telegraph» басылымы әлемдегі экологиялық ең таза қалалардың тізімін жариялаған. Бұл тізім – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметтері негізінде жасалады. Әзірге бірінші орында Швеция астанасы Стокгольм тұр.
Ал қазақ елінің елордасы – Астана шаһары отыздықтың ішінде. Бұл меже зор мақтаныш, әйткенмен оны ұстап тұру оған дейін еткен еңбектен кем түспейтін күш-жігер керек.
Осыған орай, кеше Астана қаласында өткен «Satisfaction» фестивалінің қатысушылары іс-шараны өткізу кезінде қоқыс жинап, қала тазалығына атсалысты. Осылайша, олар «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясына қолдау көрсетті.
Олардың бұл игілікті ісіне ризалығын білдірген Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі: «Жұмыс тобына «Satisfaction» ауқымды жазғы фестивалінің тазалыққа бейжай қарамайтын және белсенді қатысушылары қосылды», дейді.
«Өзімізді мысалға келтіре отырып, біз барлық азаматты табиғатқа ұқыпты қарауға шақырамыз! Астана біздің – бас қаламыз. Халқымызда «Бұлақ басынан тұнады» деген сөз бар. Сондықтан еліміздің экологиялық тазалығы елордадан басталады. Мысалы, Астана қаласында күн сайын көптеген спорттық және де басқа әртүрлі іс-шара өтеді. Әсіресе жаз мезгілінде мұндай шаралар ашық аспан аясында болады. Сондай атқарылған іс-шарадан кейін ұйымдастырушылар орындарды тазалап кетуді үрдіске айналдыру қажет деп білеміз. Біздің бұл әрекетіміз соған үлгі, бастамашы болсақ, «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясына қолдау білдірсек деген ой еді», дейді фестивальға қатысушылар.