Елімізде этносаралық татулықты сақтап, ауыл шаруашылығы саласына да жаңа серпін беру – қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсартуға алып баратын жол. Міне, сондықтан Елбасы былтырғы жылғы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында еліміз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында үлкен жетістіктерге жеткенін айта келіп, ел бірлігін, татулық пен ұлтаралық келісімді нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен жұмыс атқарып келе жатқанын атап көрсетті.
Бүгінде Алматы облысында 103 этнос өкілі тұрады. Бір қуанарлығы, жетісулықтар ұлтқа бөлінбей, кәсіби мамандығына сай келген жұмысты істеп, табыс табуға машықтанған. Бірер мысал келтірсем, табаны күректей 26 жыл өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарын басқарып, елдің ұйғарымымен Қаратал аудандық мәслихатының екі дүркін шақырылымының депутаты болдым.
Халықтың сенім артуының басты себебі, тоқырау жылдары ауылдастарым күнкөріс қамын күйттеп, қалайда жан бағуды ойлап ертеңгі күнге деген сенімдері сетіней бастағанда, Елбасының сарабдал саясатын өзім ғана ұстанып қоймай, соңымнан елді, яғни этнос өкілдерін ерте білдім. Өтпелі кезең қиындықтарын бірлесе жеңу үшін 1994 жылы «Қаратал» акционерлік қоғамын құрып, бұрынғы ұжымшардың бір кірпішін де бұзғызбай сақтап қалдым. Заңнама шеңберінде әрекет етіп, жемісін елге жегізудемін. Оған халық куә.
Ел бірлігін, ынтымағын сақтауды ұлтқа бөлінуді білмейтін жерлестерімнің санасына сіңіре беруді парыз санаймын. Ұстанған жолымның дұрыстығы болар, ауылда еңбек көрігін қыздырып жүргенімде, яғни 1999 жылы ойламаған жерде Астанаға шақырту алдым. Міне, ғаламат. Ақордада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен омырауыма «Құрмет» орденін тақты. Сол бір сәттегі қуанышымда шек болмады. Шадыман шаттыққа бөленіп тұрып, Мемлекет басшысының қолы тиген орденімді сипап та қоямын. Сөйтіп, Елбасымен бірінші рет қол алысып амандасу бақытына ие болған едім.
Екінші рет 2014 жылдың 18-20 тамызында Елбасы жұмыс сапарымен Алматы облысына келгенде қарсы алып, алдымен қол алысқан үш адамның бірі болдым. Сол қуанышты сәттерім жайлы сан сауалын ағытатын қазақ, орыс, корей және тағы басқа этнос өкілдеріне айтарым, Елбасымен жүзбе-жүз кездесудің жөні бөлек. Ет пен сүйектен жаратылған пенде болған соң толқисың, тебірене тұрып келелі ой түймеске әддің қалмайды. Тосын сұрақ қоя қалса, мүдірмей жауап беруге дайын тұрасың. Бұл адамның өзін өзі шыңдау қадамы деп санаймын.
Сондай сәттерде аграрлы саланы дамытудың ойтамызығы да көкейіме мықтап түйіле түседі. Осы ойтамызық еңбекке құлшынысымды күшейтеді. Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ» деген сөз бар. Елбасымен кездескендегі түйген келелі ойымды облысымызда мемлекеттік саясатқа сай атқарылып жатқан жұмыстар дөп басатыны қуантады.
Бақыт СМАЙЫЛОВ,
«Қаратал» АҚ төрағасы.
Алматы облысы,
Қаратал ауданы.