Президент • 12 Маусым, 2024

Келесі жылы елімізде толық циклді KIA зауыты іске қосылады

73 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңа экономикалық бағдардың дәйекті жүзеге асырылып жатқаны, инвесторларға қолайлы жағдай жасау шараларына баса мән берілетіні туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келесі жылы елімізде толық циклді KIA зауыты іске қосылады

Фото: Ақорда

Ел Президентінің пікірінше, жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіп сияқты стратегиялық мәні зор салалар Қазақстан мен Корея экономикалары кооперациясының маңызды бағыттары саналады.

«Мұнай-газ саласына Оңтүстік Корея технологияларын толыққанды трансферт жасау, сондай-ақ заманауи құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндірісін жолға қою біз үшін маңызды. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі мұнай-газ кен орындарында өндірісті кеңейтуге бағытталған жобалардың жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, мұның өзектілігі арта түседі», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Тоқаев аса маңызды шикізат игеру саласында еліміздің әлеуеті зор екеніне назар аударып, литий кен орнын игеруге және одан өңделу деңгейі жоғары өнім шығаруға ниетті оңтүстік кореялық серіктестермен (KIGAM, SK Ecoplant) ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысының пікірінше, автомобиль құрастыру саласындағы өзара тиімді өнеркәсіптік кооперацияны өрістетуге мол мүмкіндік бар.

«Қазақстанда қазір Hyundai маркалы автомобильдер құрастырылады. Келесі жылы толық циклді KIA зауыты іске қосылмақ. Аталған жобаға 200 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды. Бұл ретте компанияның алғаш рет Оңтүстік Кореядан тысқары жердегі зауыт құрылысына қаржы салып отырғанын және ол үшін біздің елімізді таңдағанын атап өткен жөн. Оңтүстік Кореяның бірқатар компаниясы автомобиль өнеркәсібін дамытудың келесі кезеңіне кірісуді, яғни Қазақстанда автобөлшектер өндірісінің кластерін құруды жоспарлап отырғаны қуантады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті