Қазақстан-Сингапур қатынасы нығая түспек
Күн тәртібінде қаралған алғашқы екі заң жобасы туралы, яғни «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем алу тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жайлы ілеспе баяндаманы Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева жасады. Сондай-ақ ол осы мәселеге байланысты еліміздің Салық кодексін жетілдіру бойынша өзгерістер енгізу туралы да баяндады.
Сондай-ақ жалпы отырыста қаралған халықаралық келісімдерді ратификациялауға қатысты заң жобаларынан Қазақстан-Сингапур ынтымақтастығы аясындағы келісім де мақұлданып, тиісті шешімі шығарылды. Осы ратификацияның арқасында енді еліміздің қызмет экспорттаушылары Сингапур нарығына шыға алады.
Мәжіліс ратификациялаған Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісім былтыр 22 мамырда Астанада жасалған. Қос тараптың сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуді көздеген құжат екі ел арасында көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы туралы алғашқы келісім болып отыр. Бұл туралы жалпы отырыста депутаттар алдында еліміздің Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев хабарлады.
– Сингапур көрсетілетін қызметтерде дамудың озық тәжірибесіне ие, бұған оның экономикалық көрсеткіштері мен инновациялық жетістіктері дәлел бола алады. Бұл ел – Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы және жалпы әлемдік экономикадағы флагман, сондай-ақ ірі IT және қаржы хабы. Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымы өткен жылы 1,8 млрд долларды құрады, оның ішінде, отандық экспорт – 94%. Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы былтыр 9,6 млн долларға жетіп, Қазақстан тарапының қызметтер экспортының үлесі 37%-ды құраған. Яғни еліміздің қызмет берушілері – 3,5 млн, ал сингапурлықтар 6 млн долларға қызмет көрсетті, – деді министр А.Шаққалиев.
Жалпы, бұл келісімді ратификациялау отандық қызмет берушілердің серіктес нарыққа қолжетімділігін арттыру үшін жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар Қазақстан капиталының қатысуымен кәсіпорындар құруға, өзара инвестицияларды тартуға және қорғауға бағытталған қосымша мүмкіндіктер қарастырылады. Кейінгі 10 жылда Сингапурдың Қазақстанға салған тікелей инвестициясының жалпы көлемі 1,7 млрд долларды құраған екен.
Көлік саласындағы өзекті мәселелер
Мәжіліс көлікті дамытуға және көлік саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы Жоғары аудиторлық палатаның есебін талқылады. Алдымен осы мәселе туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов есеп берді. Оның айтуынша, «Қазақстан темір жолы» АҚ компаниялар тобының қарызы 10 жылда 928 млрд теңгеден 2,9 трлн теңгеге дейін немесе 212,7 пайызға ұлғайған.
Жоғары аудиторлық палата есебінде республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау сапасының төмендігі де айтылды. Оған басты себеп – жолдардың пайдалану техникасы мен нормативке сәйкес жабдықталмауы. Сонымен қатар талқылауда вагондардың жетіспеушілігі, вагондардың санитарлық талапқа сай келмеуі, жол сапасын бақылауды толық цифрландыру, реконструкциялау жұмыстарының ұзаққа созылуы мен құнының жоғарылауы сынды саладағы өзекті мәселелер сөз болды.
Отырыс барысында Үкімет пен Көлік министрлігіне және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на қарыз жүктемесін азайту шараларын қабылдау, теміржол көлігі саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту, тасымалдаушының жаңғырту бағытындағы міндеттемелерін белгілеу, активтерді реконструкциялау және жаңарту шараларын жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ конкурстар өткізу үдерістерін цифрландыру арқылы әлеуметтік маңызы бар теміржол тасымалдарын мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету, жеке инвестициялар арқылы магистралдық темiржол желiлерiн дамыту үшiн жағдай жасау, салмақ өлшемдері артып кеткен ауыр салмақты автокөлік құралдарын автомобиль жолдарына жібермеу шаралары да жүктелді.
Арнайы орталық құрылады
Мәжіліс тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Заңды Мемлекет басшысының азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу туралы тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет әзірлеген.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ұлықбек Тұмашиновтың айтуынша, биылдан бастап елімізде Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылмақ. Осы мақсатта «Отбасы банкі» АҚ ұлттық даму институтына айналады. Тұрғын үйді орналастыру, есепке алу және бөлу функциялары жергілікті атқарушы органдардан осы институтқа беріледі.
Екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар «Отбасы банкінің» екінші деңгейдегі банктер жүйесінде және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінде сақталуына бағытталған түзетулер енгізді. Сондай-ақ банк қызметін лицензиялау жалғаса беретін болды.
Сонымен қатар «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жаңа электронды деректер базасы құрылады, онда баспанаға мұқтаж және «Отбасы банкінде» тіркелген азаматтар туралы мәліметтер қамтылады. Бұған қоса заң жобасына «сатып алу құқығынсыз» азаматтарға жалға берілген тұрғын үйлерге енді «жекешелендіру құқығын беру» туралы ұсыныс енгізіліп, қолдау тапты.
– Сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана берілетіні белгілі. Бұл азаматтарға жалға берілетін баспананы жеке меншік ретінде қалдық құнымен алуға мүмкіндік береді. Мұндай жаңа жекешелендіру құқығын барлық өңірдегі халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 51 мың азамат пайдалана алады, – деді Ұ.Тұмашинов.
Ендігі жерде бұрын мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алып, оны жекешелендіріп алған азаматтарды тіркеуден бас тарту нормасы да енгізіледі. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша ипотекалық несие алғандар да тіркелмейді.
– Жалғыз баспанасы «апатты тұрғын үй» деп танылған үйдің орнына берілген тұрғын үйге жекешелендіру құқығын беру енгізіліп отыр. Ол да қолдау тапты. Бұл ұсыныс 1 600 астам азаматтың мәселесін шешуге бағытталған. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 13-бабының 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрып жатқан үйлерді 11 санатқа «меншігіне өтеусіз алуға» қолданыстағы құқық сақталды. Депутаттардың түзетуіне Үкімет оң қорытындысын берді, – деген баяндамашы мемлекеттік қордан баспана алу басымдықтарының тізбесі кеңейтілетінін де жеткізді.
Жаңа заңда халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтарының төрт санаты үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алудың басым құқығы сақталады. Бұлар – соғыс ардагерлері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ көпбалалы отбасылар.
Қызмет бабында қаза тапқандардың отбасыларына баспана беріледі. Заңда мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери борышын өтеу кезінде, адам өмірін сақтап қалу және құқықтық тәртіпті сақтау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына тұрғын үй беру ұсынылып отыр. Жергілікті атқарушы органдар осы санаттағы азаматтарды қызметкер қайтыс болған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндетті.
Бұдан бөлек халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтарының тізімі кеңейтіледі. «Жесірлер» санаты жеке тәуелсіз санатқа бөлінеді. Түзетулер асыраушысынан айырылғандардың мүдделерін қорғау үшін енгізіліп отыр.
Азаматтар апатты үйлердің орнына берілген тұрғын үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік алады. Депутаттар енгізген түзетулердің арқасында бірқатар отандасымыз өздері тұрып жатқан баспанаға меншік құқығын ала алады. Оларға берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығы жалғыз баспанасы қауіпті деп танылған азаматтарға беріледі.
Отырыс соңында депутаттар депутаттық сауалдарын жария етті. Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға сауал жолдаған «Amanat» партиясы фракциясының депутаты Қазыбек Әлішев Ақтөбе қаласы Алматы ауданында жаңа аурухана қажеттігіне қатысты мәселе көтерді. Ол Ақтөбе қаласының шалғай шетінде орналасқан Алматы ауданының 35 мың тұрғынының игілігі үшін заманауи аурухана салу қажет дейді.
– Ауданның 35 мың тұрғыны қыста борандатып, көктем мен күзде жаңбырлатып 7-8 аялдама қатынап, №2 қалалық ауруханаға баруға мәжбүр. Сауалымызды бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігіне жолдағанбыз. Алайда, бүгінгі таңда, «өңірлерде денсаулық сақтау ұйымдарын дамыту шараларын қабылдау жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде» деген шығарып салма жауабын алдық, – дейді депутат.
Ал Наурыз Сайлаубай қоғамдағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жайын қозғады.
– Тарихы терең білім ордаларындағы жемқорлық және балдырғандардың тамағына таласқандар қазіргі таңда тыйылмай тұр. Жемқорлық әрекеті мектепке қарапайым еден жуушы, күзетші және аула сыпырушы болып жұмысқа тұрайын десең де жағаңнан алып, тығырыққа тірейді. Ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеймін десеңіз оның ставкасы бөлек әңгіме. Жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істегісі келетін жас маманның сағы сынып, осының кесірінен басқа салаға кетуге мәжбүр, – деген депутат сөзінің дәйектілігі үшін біраз фактіні мысалға келтірді.
Депутат Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа есеп жүйелері арасындағы байланысты түзету, яғни саладағы басшылар мен есепшілер арасындағы сыбайластықты жою, мектептерде мұғалімдерден «белгісіз қорларға» қаражат жинауды тыю, бюджеттік жоспар мен бөліністің ашықтығы және осы жүйені цифрландыру арқылы ақпараттық ашықтықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету, еңбекақыны есептеу және жергілікті жерлердегі білім саласындағы бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету сынды ұсыныстарын жолдады.