«Таза Қазақстан» • 13 Маусым, 2024

Жайық жағасын тазалау басталды

249 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысында «Таза Қазақстан» акциясы енді басталды. Өйткені өңір тұрғындары кейінгі екі ай бойы Жайық өзеніндегі тасқын судан төнген қауіпке байланысты әбігерге түскен еді.

Жайық жағасын тазалау басталды

Фото: almaty.tv

Облыстық экология депар­та­­мен­ті­нің ұйым­дас­тыруымен аталған акция алғаш рет өтті. Бас мемлекеттік экологиялық инспектор Ерлан Есеновтің айтуынша, аталған акция екі айға кейін басталуына табиғи сипаттағы төтенше жағдай себеп бол­ған.

«Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, табиғатты таза ұстауға шақыру. Жас ұрпақты осындай қоғамдық іс-шараға белсене атсалысуға баулу», дейді Ерлан Есенов.

Мұнайлы өңірде бастау алған эко­логиялық акцияға алғашқы күні 2130 адам қатысты. Оның 200-ден астамы Атыраудан Оралға қаты­­найтын күре жолдың оң жақ бөлі­гін тазалауға жұмылды. Бір күнде Атырау қаласының аумағы­нан 110 тонна қоқыс жиналып, «Арнайыавтобаза» ЖШС-нің арнайы полигонына тасымалданды.

Бұрнағы күні Жайық өзенінің Атырау қаласындағы жағалауынан топырақ толтырылған қапшықтарды жинау басталды. Өйткені қалалық әкім­діктің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, су айды­нының қауіп сейілген аума­ғынан құм толтырылған қапшық­тар­ды жинап алуға ұйғарым жасалған.

«Кейінгі күндері Атырау қала­сын­да Жайық өзеніндегі су дең­гейі төмендеп келеді. Бірнеше күннен бері судың деңгейі көтерілген жоқ. Сол себептен, қалалық әкімдіктің шешімімен тасқын су басу қаупі сейілген аумақтардан топырақ са­лынған қапшықтарды жинау қолға алынды. Алдымен «Авангард» шағын ауданындағы және орталық көпір тұсындағы жағалаудан құм толтырылған қапшықтар жиналып жатыр», деді Ғ.Төлеген.

Жайық өзенінің Атырау қаласы аумағындағы жағалауында 250,7 шақырым бөгет бекітілген. Қалалық әкімдік тарапынан осы мақсатқа 4 млн 900 мың қапшық таратылыпты.

«Жайық өзенінің жағалауын бекіту үшін қапшыққа толтырылған топырақ арнайы карьерлерден алынған еді. Енді өзен жағалауынан жиналған қапшықтағы топырақ сол карьерлерге қайта төгіледі. Бұл жұмысты Жайық өзенінің жаға­лауын бекіту тапсырылған компания­лар мен мекемелер атқарады», деп мәлім етті Ғ.Төлеген.

Ал Жылыой ауданының орта­лы­ғы – Құлсары қаласында екі ай бұрынғы тасқын судың зардабын жою жалғасып жатыр. «Жылыой­Тазалық» ЖШС-нің директоры Бауыржан Абдрахмановтың айтуын­ша, қаланың су басқан көше­ле­ріне «West Dala» ЖШС-дан әкелінген 20 контейнер қойылған. Әр контейнердің сыйымдылығы – 8 мың текше метр. Қоқыс жиналатын контейнерлерін тасымалдайтын 2 арнайы көлік бөлінген.

«Біздің кәсіпорынның қызмет­кер­лері Құлсары қаласының су бас­қан көшелерінен күн сайын тұр­мыс­тық қалдықтарды шығаруды жалғастырып келеді. Бұл жұмысқа кәсіпорыннан 50 жұмысшы, 20 арнайы техника тартылды. Қазір арнайы комиссияның шешімімен апатты деп танылған үйлерді бұзу, кейбір баспананы жөндеу, қалпына келтіру жұмысы қолға алынып отыр. Сол себептен, тұрмыстық қалдықтарды шығаруды жалғастыра береміз», деді Б.Абдрахманов.

Оның айтуына қарағанда, «Атырау», «Жадырасын», «Автодо­рожник-2 шағын аудандары қо­қыс­тан толық тазартылған. Кейін­гі күндері 2-ауыл, 4-ауыл, «Ав­тодорожник-1», «Достық» шағын аудан­дарынан да тұрмыстық бұйым­дар қалдығы шығарылған. Осы кезге дейін Құлсары қаласының көшелерінен арнайы полигонға 25 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық пен түрлі арнайы полигонға тасымалданған.

 

Атырау облысы