«Таза Қазақстан» • 13 Маусым, 2024

Шипажайдың шырайы кірсін десек...

43 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шипажайы көп Сарыағаш ауданына келушілер қатары жыл бойы үзілмейді, ал жазда көбейе түседі. Өңірдегі 75 шипажайдың 60-сы осы ауданда. Ем алуға, демалуға келушілер шипажайдан бөлек аудан орталығында болып, көрікті жерлерін аралауды қалайтыны анық. Тазалыққа үлес қосуды туған жерге деген қамқорлық деп есептейтін жергілікті тұрғындардың қонақ алдында ұятқа қалғысы жоқ. Қонаққа бару да, күту де – мәдениет. Яғни тура мағынасында таза ортаны көрген қонақ күтушінің мәдени деңгейін де бағалайтыны мәлім.

Шипажайдың шырайы кірсін десек...

Бұл орайда шипажай аума­ғын­да ғана емес, бүкіл ауданда қоршаған ортаның экологиялық таза­лығын сақтау мақсатында сен­білік жұмыстары үнемі жүр­гізіліп келеді. Ең бастысы, тұрғындар тазалыққа денсаулық кепілі ретінде қарайды. Сенбі­лік­ке қала және ауылдық округі әкімдіктері, бюджеттік мекемелер қызметкерлері және ауыл тұрғындары атсалысып жүр. Жуырда республикалық, об­лыс­тық маңызы бар авто­жол­дың, ішкі көшелердің бойында жинақталған, бей-берекет тас­тал­ған күл-қоқыстарды таза­лау, шөп ору, мекеме аула­ла­рындағы ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізілді. Өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстау арқылы да игі іске үлес қосып жүрген тұрғындар тазалық жанаршылықтан бас­талатынын, экологиялық мә­дениет осындай іс арқылы қалыптасатынын айтады.

Ал Арыс қаласында Арбат демалыс аумағында орындықтарды сырлау, бұзылғандарын ретке келтіру, ағаштарды суарып, арамшөптерін шабу жұмысы жүргізілді. «Теміржолшылар» саябағы аумағынан қоқыс жиналып, полигонға шығарылды. Сәуірде басталған тазалық нау­қаны Сайрам ауданында да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Аудан аумағында өткізілген 70-тен астам сенбілікке жалпы 135 000 адам және 267 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 5 012 тонна күл-қоқыс қатты тұр­мыс­тық қалдықтар тастайтын полигон аумақтарына шы­ға­рылды. Сенбілік барысында 753 шақырым облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелер, 52 шақырым аяқжол, 98 шақырым ирригациялық жүйелері мен арық-атыздар күл-қоқыстардан тазаланды. Бұдан бөлек, 16 саябақ пен сквер, 33 аялдама, 42 спорт және балалар алаңшалары мен 12 стрит-воркауттар сырланып, қал­пына келтірілді. Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды рет­теу басқар­ма­сы­на қарасты «Жасыл аймақ» КММ тарапынан берілген 23 200 түп көшет жол жиектеріне, өзен жағалауына, демалыс аумақ­та­ры­на отырғызылды. Сонымен қатар демеушілер есебінен беріл­ген 2000 ағаш және гүл көшет­тері егілді.

 

Түркістан облысы