Инвестиция • 13 Маусым, 2024

Инвестиция тартудың мүмкіндігі мен тәсілі

124 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Инвестициялық әлеует біртіндеп артып келе жатыр. «ASER» консалтинг агенттігі арнайы зерттеу жасап, еліміздің инвестициялық тартымдылығына қатысты бір­қатар факторды тізбелейді. Оның ішінде – қолайлы географиялық орналасу, тұрақтылық пен ашықтық және инфрақұрылымды белсенді дамыту бар.

Инвестиция тартудың мүмкіндігі мен тәсілі

Коллажды жасаған – Ерлан ОМАР, «EQ»

Үш маңызды критерий

Консалтинг агенттігінің пайымынша, жобаны бағалау кезінде инвестор өзіне капиталды салу немесе салмау туралы шешім қабылдауға көмектесетін бірнеше маңызды критерийді назарға алады:

  • Рентабельділік. Инвестор бірінші кезекте жобаның күтілетін кірістілігіне талдау жасайды. Олар бизнестің рентабельділік индексіне (PI), өсім әлеуетіне, ақша ағынына, инвестиция қайтарымына (ROI) және басқа да маңызды қаржылық көрсеткіштерге бағалау жүргізеді.
  • Өтеу мерзімі. Инвесторлар үшін сал­ған капиталдан түскен таза кірістің шы­ғынмен теңесетін мерзімін білу өте маңызды. Мер­зімді бағалау кезінде есептеудің қарапайым немесе динамикалық тәсілі қолданылады. Қарапайым бағалау көп жағдайда өтелу мерзімі 1-3 жыл аралығын құрайтын қысқа­мерзімді жобаларды есептеу үшін қажет болады. Ал динамикалық тәсілмен есептеген жағдайда кірістің әрқалай түсімі және мүмкін тәуекелдер ескеріледі, сондықтан бұл тәсіл әлдеқайда дәл болып саналады.
  • Тәуекел деңгейі. Тәуекелдер әртүрлі болуы мүмкін: қаржылық, нарықтық, операциялық, құқықтық және тағы басқа.

 

Инвесторларды қайдан табуға болады?

Республикада әртүрлі жеке және мем­лекеттік инвестициялық агенттіктер бар. Сонымен бірге, жоба үшін әлеуетті инвес­торларды іздеумен айналысатын ұйымдар да жұмыс істейді. Компания солардың ең маңыздысы мен танымалдарын тізбелейді.

  • «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры». Шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға арналған мемлекеттік қор кәсіп­керлікті дамыту үшін грант пен инвести­цияларды қоса алғанда, түрлі бағдарлама мен құрал ұсынады.
  • «Ғылым қоры» АҚ. Қорды Білім және ғылым министрлігі құрған (кейін бұл ведом­ствоның атауы және құрылымы ауысып кетті). Ол жоғары коммерциялық табыс әкелуі мүмкін перспективалы ғылыми жоба­ларды гранттық қаржыландырумен қам­тамасыз етеді. Кандидаттарға қойылатын басты талап – ел экономикасының басым салаларындағы маңызды міндеттерді шешу. Қор қызметі шеңберінде 140-тан астам жоба жүзеге асып үлгерді.

ASER сарапшылары түрлі жобаларды қаржыландыратын негізгі банктік ұйым ретінде Еуропалық қайта құру және даму банкін айтады.

«Банк түрлі саладағы (энергетика, инфра­­құрылым, химия өнеркәсібі, ту­ризм, агро­өнеркәсіп кешені, «жасыл» техноло­гиялар) шағын және орта бизнесті қол­дай­ды және қаржыландырады. Елдегі жұмыс істе­ген уақытында банк жалпы сомасы ­­10 млрд дол­лардан асатын 300-ден аса жо­баны қаржыландырды. Қазір де бұл қар­жы ұйымымен ынтымақтастық сәтті жалғасып жатыр», делінеді зерттеуде.

Елде сондай-ақ стартаптар үшін ресурс пен қолдау ұсынатын бизнес инкубаторлар мен акселераторлар бар. Соның ішіндегі ең танымалдары:

  • Astana Hub. Хаб Techpreneurs, Scalerator, Startup Academy, Seed Money деп аталатын түрлі инвестициялық бағдарламалар көмегімен стартаптар мен инновациялық жобаларға қаржылық қолдау көрсетеді.
  • Tech Garden. Бұл – инновациялық жобалар мен технологиялық стартаптарды қолдауға мамандандырылған бизнес инкубаторы мен акселераторы. Мұнда табиғи жер қойнауын пайдаланушылар инвестор болады.
  • Nuris Technopark. Технопарктің мақ­саты – технологиялық жобалар мен иннова­циялық стартаптарды қолдау және дамыту. Резиденттерге 2 бағдарлама қолжетімді, олар – 12 аптаға созылатын «ABC Incubation» және 10 аптаға есептелген «QUICK START XIV».

Елімізде өсім әлеуеті жоғары жас компаниялар мен стартаптарды қаржыландыратын бірнеше венчурлық қор жұмыс істейді. 

  • MyVentures. Компанияның басымдық беретін бағыттары – fintech, e-commerce, жасанды интеллект, медицина, корпоративтік бағдарламалық қамтамасыз ету.
  • Activat VC. Қор әлі даму сатысында тұрған перспективалы IT-стартаптарды іздейді.
  • Sturgeon Capital. Жоғары технологиялық стартаптарды іздеумен және дамытумен айналысатын британиялық инвестициялық компания.
  • Falconry. IT саласындағы жобаларды қолдауға маманданған қор. Кәсібін енді бастаған жас кәсіпкерлерге эксперттік қолдау көрсетумен айналысады.

 

Кедергілер мен тәуекелдер

  • Салалар мен өңірлерді дамытудың жалпы стратегиясының болмауы;
  • Өңірге инвестиция тарту жөніндегі жұмыстың қаралып отырған өңірдің нақты қажеттіліктерімен үйлеспеуі;
  • Жер учаскелерін бөлу үдерісінде инфра­құрылым мен ашықтықтың жоқтығы;
  • Техникалық жағдай және қажетті инже­нерлік-коммуникациялық инфра­құры­лыммен қамтамасыз етудің әлсіздігі;
  • Газдандырудың жүйесінің баяулығы, электр энергиясының тапшылығы және қойма үй-жайларының болмауы.

Еліміз 2029 жылға таман экономика айналымын 450 млрд долларға жеткіземіз және соған дейін 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартамыз деп жоспарлап отыр.