Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Жалпы, Түркістанда құрылыс қызған кезде кейбір алпауыт компанияларға айрықша артықшылық жасалғаны, кейбір нысандарға бөлінген қаражаттардың күмәнділігі, кейбір ғимараттардың алдын ала жоспарсыз, мақсатсыз салынғаны бұған дейін де талай айтылған. Әсіресе Түркістан облыс орталығы болғалы бері облыстық құрылыс басқармасына басшылық жасап келе жатқан Тоқтар Усубалиевтің «еркелігі» бір атанға жүк болуға айналды десек артық айтқанымыз емес шығар. Қайбір жолы Мәжілістің және «Аmanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың тікелей тапсырмасымен партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия мүшелері Түркістан облысында құрылыс саласындағы жүйесіздік пен жүгенсіздікке қатысты арнайы жиын өткізген. Осы жиында жауапты басшылардың салғырттығынан облыста бірнеше мектеп құрылысының тоқтап тұрғаны айтылғанымен, көкейдегі көп сұраққа жауап табылмады. Себебі комиссияның отырысына құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің өзі, не өкілі келген жоқ. Облыстың бас құрылысшысы Мәжіліс төрағасының да тапсырмасына атүсті қарағанына қайран болдық. Осындай жауаптан жалтарудың ақыры ерекше күтімді, айрықша қамқорлықты қажет етеді деген мүгедектерге қатысты нысанға да келіп жетті. Осы мәселенің анық-қанығын білуге ел газеті «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі ғана емес, облыстық мәслихаттың депутаты, «Amanat» партиясы облыстық филиалының жанындағы Отбасы және әлеуметтік қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде де құзырлы мекемелерге жан жақты сұрау салып зерттеу, зерделеу жүргіздік. Мәселенің мәнісі былай.
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес Сауран ауданы Оранғай ауылында мүгедектігі бар адамдарға арналған 200 орындық оңалту орталығын салу жоспарланған. Мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу нәтижесінде «Шымкент құрылыс» ЖШС-ымен 2021 жылдың қыркүйегінде келісімшарт түзілген. Сол кезде жобаның жалпы құны 2 562,9 млн теңгені құраған. 2021-2022 жылдары республикалық бюджеттен 2 306,6 млн теңге, облыстық бюджеттен 256,3 млн теңге бөлінген. Келісімшартқа сәйкес құрылыс жұмыстары былтыр аяқталуға тиіс еді. Алайда ерекше жандарға арналған нысанның құрылысына ерекше назар аударуы тиіс шенеуніктердің шалағай тірлігінен нысан әлі пайдалануға берілген жоқ.
– Облысқа оңалту орталығы керектігін айтып, 2015 жылдан бастап мәселе көтердік. Өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын, ұсыныс-тілегін хатқа түсіріп Президентке, Парламентке, Үкіметке жолдаған да болатынбыз. Өйткені жаңа құрылған облыста мүгедектерге жан-жақты жағдай жасалған оңалту орталығы жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау маңызды мәселе екенін айтты. Біздің жанайқайымыздың нәтижесінде Сауран ауданында оңалту орталығын салу жөнінде шешім қабылданып, ол жүзеге асырыла бастағанда қуандық. Алайда өкінішке қарай, ол нысан бүгінде «сақалды құрылысқа» айналды. Жауаптылар былтыр көктемде пайдалануға береміз деді, ол орындалмады. Уәде етілген желтоқсан да өтті, жаңа жыл да артта қалды. Көктем өтіп, жаз шықты. Құрылыс басқармасы уәде беріп, жұртты алдаусыратудан жалығар емес. Жауапкершілік жоқ. Қаржы бөлінген, бірақ артқарылып жатқан жұмыс өте баяу. Мүгедектер құқы қорғалмайды. Облыстағы жалғыз орталықтың құрылыс қарқынына, сапасына көңіл толмайды, – дейді «Ақ ниет» мүгедектер мен зағип жандардың қайырымдылық қорының төрағасы, І топтағы мүгедек Дастан Орынбасаров.
Былтыр маусымда Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Т.Оспанқұлов оңалту орталығының құрылыс алаңында болып, жұмыс қарқынының қанағаттанарлықсыз екендігін, жұмыс кестесінен айтарлықтай артта қалу бар екенін айтқан. Мәжіліс депутаты Е.Әбдиев те нысанның басына барып, осындай пікір білдірген еді. Алайда бұдан қорытынды жасаған ешкім жоқ. Сонымен, құрылыстың кешеуілдеуіне не себеп?
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның бізге берген хатына қарағанда, ең басты себеп – инфляция. Әдеттегіше, нарықтағы құрылыс материалдарының бағасы қымбаттаған, жұмысшылардың еңбек ақысы өскен. Алайда сол 2021 жылдан бергі аралықта облыста қаншама мектеп, аурухана салынып, пайдалануға берілді. Құнсызданудың неге дәл мүгедектерге арналған нысанның басын тұмшалап алғанын түсінбедік. Мәселе құнсыздықта емес, құнтсыздықта жатқан сияқты.
Мүмкіндігі шектеулі жандар көтерген мәселеден Мәжіліс депутаттары да хабардар. «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңеске де мәлім. Ал қоғамдық кеңес мүшелері жуырда құрылыс басына барып, мүмкіндігі шектеулі жандармен, құрылысқа жауаптылармен кездестік. Сапасы мен мерзіміне байланысты бірқатар кемшілік анықталды. Көтерілген мәселелерден аңғарғанымыз – «Жол картасында» бақылауда тұрған айрықша нысанның жобалық-сметалық құжаты дұрыс жасалмаған. Басты кемшілік те осы. Сондықтан көптеген жұмыс сапасыз атқарылған, кей жұмысқа толық қаржы бөлінбеген. Енді қосымша қаржыландыруға қатысты мәселеге тоқталсақ.
Темірбаеваның бізге берген жауабында құрылыс басқармасы тарапынан оңалту орталығын қосымша қаржыландыру, құрылыс жұмыстарының сметалық құнын сол кездегі қалыптасқан бағаға сәйкестендіру жөнінде қайта түзету ұсынысы 2021 жылдың қараша-желтоқсан айларында енгізілген. Алайда құрылыс саласына жетекшілік жасайтын облыс әкімінің орынбасары тарапынан аталған ұсыныс қолдау таппаған. Ал құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің бізге берген жауабында ұсыныстың бюджеттік комиссиядан қолдау таппағаны келтірілген. Сонда бұл мәліметтердің қайсысына сенеміз? Қалай болғанда да облыс әкімінің орынбасары мен мәслихаттағы бюджеттік комиссияның мүгедектердің мұң-мұқтаждығынан қаржы аяп қалуы мүмкін емес қой. Бұл жерде бір кілтипанның бары анық.
Ең қызығы, қосымша қаржыландыру болмаған соң, құрылыс басқармасы оңалту орталығы нысанының құрылысын аяқтау үшін орталықтың технологиялық жабдықтарға қаралған 425,2 млн теңгенің 98,0 млн теңгесін жобалық-сметалық құжаттамада қаралмаған қазаншұңқыр, ішкі әрлеу жұмыстары, сыртқы суғару, кондиционер жүйелерін орнату жұмыстарын жүргізуге жұмсап жіберген. Бұл қаншалықты заңды екені өз алдына бөлек әңгіме. Тоқтар Усубалиев жауабында бұл мәселе былтыр қыркүйекте облыс әкімінің орынбасары Е.Кенжеханұлының төрағалығымен техникалық кеңесте түзілген хаттамалық тапсырмаға сәйкес жүргізілгенін, бәрібір инфляцияға байланысты 98,0 млн теңгеге құрал-жабдықтарды сатып алудың мүмкін болмағанын алға тартыпты. Бас құрылысшының қалай болғанда да мәселенің бәрін инфляцияға апарып тіреп қойғаны көңілге қонымсыз.
Жалпы оңалту орталығының жобалық-сметалық құжатын жасауда көптеген қажеттілік ескерілмеген. Яғни басқарма басшысы салынатын нысанның ерекшеліктерін зерделеп, терең мән бермеген. Оның салдары бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандардың наразылығына себеп болып отыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Темірбаеваның айтуынша, нысан құрылысына алынған мемлекеттік сараптама қорытындысымен бекітілген бастапқы жобалық-сметалық құжаттамасында физио-емдом кабинеттері, оған қажетті құрал-жабдықтары қаралмаған (қажетті қаржы сомасы 80 млн теңге). Сондай-ақ ЖСҚ-да бассейннің құрылысы қаралғанымен, оған қажетті жылыту, тазарту, залалсыздандыру жүйелері, кәріз жүйесінің қалдықтарын тасымалдайтын арнайы ассенизатор автомашинасы қажеттігі ескерілмеген. Оған тағы 60 млн теңге қажет. Оңалту орталығы пайдалануға берілген соң төсек орын жабдықтары, еден төсеніштері, перде, ыдыс-аяқ сынды заттар да түгендеуді қажет етеді. Оған жұмсалар шығын сомасы 72 млн теңге деп есептеліп отыр. Қысқасы, 98 млн теңгенің құрал-жабдықтары бүгінгі нарықтық бағамен 140 млн теңгені құрайды. Яғни нысанның құрылыс жұмыстарының сапалы аяқталуына, әрі қарай іске қосылып қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген өзекті мәселелердің туындауына байланысты, облыстық бюджет есебінен 352 млн теңге қаржының қажеттілігі туындап отыр. «Қазанға салмағанды қасықпен іздеме» дегенді еске салған мүмкіндігі шектеулі жандар бұл қажеттіліктердің жобалық-сметалық құжаттамада неге қаралмағанына аң-таң. Бұл басқарма тапсырыс берген жобалық-сметалық құжаттың өте сапасыз жасалғанын, әзірлеу барысында мемлекеттік сараптамаға өткізер алдында ешқандай талдау жұмыстары жүргізілмегенін аңғартады.
Тоқтар Усубалиев облыстық мәслихаттың сессиясында бұл орын алған кемшіліктердің бір ұшын мемлекеттік сараптама мекемесімен байланыстырып кінәлай сөйледі. Алайда бас жобалаушы компания – «Дәулет» ЖШС директоры Алжан Байметов құжат тапсырыс беруші қалай әзірлесе, солай жасалғанын айтады. Ал тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы. Т.Усубалиев сілтеген республикалық «Мемсараптама» мекемесінің Оңтүстік өңірі бойынша филиалына да сауал жолдадық. Филиал директоры Б.Абдикаликовтің жолдаған хатынан ұққанымыз, жобадағы физиотерапиялық кабинеттердің бар-жоғын мемлекеттік сараптама ескермейді. Бұл мекеме тек ұсынылған жобаның құрылыс нормасына сай болуын ғана тексереді. Былайша айтқанда, тапсырыс берушіге «неге емдеу кабинеттері қаралмаған, бассейннің тазарту қондырғылары қайда?» деген мәселені қоймайды. Мұны Т.Усубалиев білмей қалды дегенге сенудің өзі қиын.
Басқарма басшылары осы мәселені көтеріп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға уәде беруден жаңылар емес. Сыртқы алаңдарын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын екенін, сонымен қатар ішкі әрлеу, инженерлік-коммуникациялық жүйелерін сынақтан өткізу, құрал-жабдықтарын орнату жұмыстарын ағымдағы жылдың 30 сәуіріне аяқтау межеленгенін айтып жұртты бір «жұбатқан». Келесі бір кездесуде облыстық құрылыс басқармасы тарапынан өткізу-қабылдау актілері 2024 жылы 10 мамырда, әрі қарай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының теңгеріміне өткізу жұмыстарын 2024 жылы 15 мамырға аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізген. Бұл айтылған мерзімдер артта қалды. Уәде орындалған жоқ.
Осы нысанның құрылысы созылғанын облыстық мәслихаттың сессиясында да қозғап, мүгедектерді шырылдатқан мәселені облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өзіне қабырғасынан қойдық. Содан кейін ғана қаржы бөлу ісіне қозғау салынып, оңалту орталығының құрылысын аяқтауға деген әрекеттер байқала бастады. Оңалту орталығының мәселесі 29 мамыр күні өткен «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы депутаттық фракция мүшелерінің отырсында тағы да қозғалды. Депутаттарға есеп берген А.Темірбаева оңалту орталығының толыққанды пайдалануға берілуі күзге созылатынын айтып, ол үшін бюджеттен қосымша 352 млн теңгенің қажеттігін тағы да еске салды.
Жауаптылар нысанның күзде пайдалануға берілетініне уәде беріп отыр. Алайда нысандағы құрылысшылардың аздығын, баяу қимылын байқаған мүмкіндігі шектеулі жандар бұл уәденің де орындалуына күмәнданады. Мына жайтты да ескеру қажет. Қосымша қаражат мәселесі мәслихаттың алдағы уақытта өтетін сессиясында қозғалуын қозғалар. Ал бірақ бөліне ме, жоқ па, оған сенімді түрде жауап беру мүмкін емес. Қазір елдегі су тасқынына байланысты бюджет қаражатын барынша үнемдеу қажеттілігі айтылды. Демек қазынадан қосымша қаржы бөлу ісі қиындап тұр. Сұратылған қаржы уақтылы бөлінсе жақсы. Ал мәслихатта қолдау таппай, қаржыландыру ісі кейінге қалса не болмақ? Оның үстіне, қаржы бөлумен ғана іс тынбайды. Оңалту орталығына керек-жарақтар міндетті түрде мемлекеттік сатып алу арқылы алынатынын, оның өзі біраз уақыт алатынын ескермеуге тағы болмайды. Сатып алу конкурсына қатысып, ұтылып қалған әлеуетті өнім берушілердің арыз-шағым жазатын әдеті бар. Ол да уақытты создырып жіберуі бек мүмкін. Осы жайттарды ескере түссек, Оранғайдағы оңалту орталығының ашылуы күз емес, тіпті келесі жылға дейін сырғып кетуі ықтимал.
Қарап тұрсаңыз, кезінде тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасындағы шенеуніктердің тарапынан жіберілген шалағай тірліктің, салғырттықтың салдарынан кеткен қателіктің әсерінен қаншама мүмкіндігі шектеулі жанның жүйкесін тоздырып, шырылдатып қойды. Жалпы, тапсырыс беруші осы жобаны ойластырғанда жүрдім-бардым қарап, аса қатты бас қатырмағаны көрініп-ақ тұр. Қарапайым ғана қазаншұңқыр, ішкі әрлеу жұмыстары, сыртқы суғару, кондиционер жүйелерін орнату жұмыстарын, бассейнді тазарту мен жылыту жабдықтарының қажеттілігін ескермеген. Басқа-басқа, өзі мүгедек жандарды оңалтатын мекеме болса, оны жоспарлағанда қалайша физио-емдом кабинеттерін тасада қалдырып қойғанына күлесіз бе, жылайсыз ба? Мүгедектерді шырылдатып қойған шенеуніктерге әлі күнге дейін ешқандай шара қолданылмай отырғаны тіпті түсініксіз.
Түркістан облысы