Бозбала жігіт майданға 1942 жылдың маусым айында кіреді. Аумалы-төкпелі кезеңде тоғыз бірдей перзентін жер қойнына беріп, қайғы-қасірет шегіп жүрген ата-анасының тілеуіне туған жалғыз ұл еді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген, әлде әке-шешесінің Алладан сұрауы себеп болды ма, Мәткәрім соғыстан аман-есен елге оралады. Сол сұрапыл соғыс жылдары туралы ардагердің өзі: «Әкемнің туған інісі Нұрымбетұлы Қайбулла екеумізбен қоштасып, батасын беріп тұрып айтқан мына бір сөзі әр уақытта есімнен шықпай жүрді. Ол кісі: «Жас бұтақтай майысқан екі алтыным, бүлінген елден бүлдіргі алма деген, ешнәрсе алмаңдар, екеуің де аман-есен елге ораласыңдар», деген еді. Ағамның берген осы батасы мен анамның тілеуі болар, мен 1945 жылдың жазында Жеңіспен елге оралдым. Қайбулла інім де аман-есен ортамызға келіп қосылды», деп толқыныспен еске алып отыратын.
М.Досжанов бейбіт өмірдегі алғашқы ұстаздық жолын жаңа оқу жылында Қызылорда облысындағы Жаңақорған аудандық Жайылма жеті жылдық мектебінде әскери жетекші және соғыс ісі пәнінің мұғалімдігінен бастады. Кейін балалар үйі жанындағы жетіжылдық мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, Бөртескен (№24 теміржол бекеті) елді мекеніндегі №165 Тақыркөл жетіжылдық мектебінің директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Ал осы мектеп Төменарық стансасына көшіріліп, №223 сегізжылдық мектеп болып қайта құрылғанда мектептің негізін қалап, мектеп директоры болып тағайындалады.
М.Досжановтың бойындағы білім мен біліктілік, жауапкершілік пен тиянақтылық, іскерлік пен ұйымдастырушылық қабілеті бағаланып, 1975 жылдың желтоқсанында Жаңақорған ауданы Келінтөбе аулындағы №192 орта мектептің директоры қызметіне жоғарылатылады. Ол кезде мектеп ауыл сыртындағы қырманның қасындағы бірқабатты жатақханалық үйде орналасқан болатын. Іскер басшы ауыл тұрғындарының жаңа мектеп ғимаратын салу жөніндегі сұранысын сол кездегі кеңшар және аудан басшыларына тұжырымды түрде жеткізе біліп, нәтижесінде ауыл орталығынан екіқабатты жаңа мектеп бой көтереді, 1983 жылы мектеп жаңа жобамен салынған ғимаратқа көшеді. Атпал азамат жоғарыда аталған қызметтерде жүріп өзіне лайықты ізбасарлар дайындап, олар аудан, облыс және республика көлемінде жақсы қырымен танылды.
Мәткәрім ұстаз зейнеткерлікке шыққан соң да, бос отырмай қоғамның талабын, мемлекеттің саясатын жүзеге асыруға белсене араласты. Ауыл, аудан өмірі мен тұрмыс-тіршілігіндегі өзекті мәселелерді шешуге бір кісідей атсалысты. Осы кезеңде Келінтөбе аулына алғаш типтік үлгідегі мектеп пен балабақшаның салынуына қол жеткізді. Сонымен қатар ұлағатты ұстаздың №192 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде қатысқан жоғары сынып оқушысына әр тоқсан сайын өз қалтасынан шәкіртақы тағайындаған бірден-бір білім басшысы екенін де айта кеткен орынды.
Соғыстан аман-есен оралып, елді өркендетуге зор үлес қосқан қайраткер атамызды тағылымды тұлға деп танып, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Сол тұрғыда бір топ зиялы, есті-басты адамдардың қалауы, қолдауымен Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы Мәткәрім Досжановтың есімін Тарихи тұлғалар тізіміне енгізу үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсыныс жолдады. Ендігі кезекте біздер бұл ұсынысқа министрліктегілер сергек қарап, қолдайды деп сенеміз. Өйткені ол – бәріміздің алдыңғы буын ағалар алдындағы адалдығымыз, парызымыз және борышымыз.
М.Досжановтың облыстық, аудандық газет беттеріне жарияланған «Күні ертең көшіп кететіндей», «Ойланайық», «Ақ босаға берік болсын», «Ашығын айтсақ», «Өткенге көз салсақ», «Майдангерлерге деген қамқорлық бәсеңдемесін», «Болсын деп кейінгіге үлгі-өнеге», «Отан үшін от кешкен қаһармандар» атты мақалалары, «Он жасар қыз» қиссасы да – еліне, жеріне, Отанға, жастар тәрбиесіне қосқан елеулі еңбегі.
М.Досжанов туралы облыстық, аудандық газеттерде жарық көрген «Жырға жанашыр болған майдангер», «Мектепке Мәткәрім аты берілсе екен», «Майдангер ата», «Майдангер мұғалім еді» атты мақалалар да айдынды ардагердің тарихи тұлға деген атқа лайық, биік пайым-парасат иесі, аймақ-атырапқа қадірі артқан білікті басшы, іскер ұйымдастырушы болғанын танытады.
Арыстан АХМЕТОВ,
Ауған соғысының ардагері, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері,
Оспан ДОСЖАНОВ,
техника ғылымдарының кандидаты, доцент