Президент • 14 Маусым, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев: Туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіндік бар

286 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өтті. Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Бас прокурор Берік Асылов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Үкімет мүшелері, Астананың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдері, ұлттық компаниялар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жетекшілері, туризм секторындағы бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіндік бар

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуы­на ықпал етіп отырған әрі инвестор­лар үшін тартымды сала екенін атап өтті.

– Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 па­йы­зы туризмге тиесілі. Әрбір төртін­ші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойын­ша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвес­тицияның 7 пайызы және салық түсім­дерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақ­станда туризмнің барлық түрін да­мы­туға мол мүмкіндік бар, эколо­гиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің геогра­фиялық тұрғыдан оңтайлы орналас­қанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласын­дағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отыр­ғанын сынға алды.

– Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Кейінгі төрт жылда экономи­ка құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 па­йыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе тө­мен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент айрықша назар аударуды қа­­­жет ететін бірнеше басым бағыт­қа ар­­­­на­йы тоқ­­талды. Мемлекет басшысы, ең ал­­ды­­­­­­­мен, ту­­ризм саласының инвести­ция­­­­­лық тар­­­­т­ым­­­­д­ы­­лығын арттыру қажет еке­нін айтты.

– Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны да­мы­ту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішін­де 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көр­сет­кіш емес. Демек бұл салада бизнес жүр­гізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қара­мастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, аза­йып барады. Алакөл демалыс аймағы­ның Жеті­су облысы жағы мен Алматы тау клас­­тері көш соңында келеді. Алакөлдегі қона­қ­үй­лер, отельдер мен туристік база­лар­­дың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қыс­­қа­р­ған. Салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындары­нан қағылып отыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық парктер мен орман қорына тиесілі аймақтарда жер телімін бөлу мәселесі заң тұрғы­сы­нан қиындағанына байланысты бизнес өкілдері тарапынан шағым түсіп жатқанын атап өтті. Ал бұл ұзақмерзімді инвестиция салу, қарызға қаржы тарту және туризм инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін шектейді.

с

– Мысалы, туризм саласындағы 17 сер­пінді инвестициялық жобаның ішінде тек екеуі ірі жоба екені мәлім болды. Бірақ оларға да бюджеттен қомақты қар­жы құю керек. Соған қарағанда, Үкі­мет жобаларды өз қаржысымен жүзеге асыруға дайын инвесторлармен жет­кілікті деңгейде тиімді жұмыс істей алмай отыр. Ал оларға керегі – тек инфра­құры­лым жағынан қолдау. Туризм сала­сына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақ­тар құрылысының Бас жоспарын цифр­лық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолже­тім­ділікті қамтамасыз еткені жөн. Ә­леуетті инвестордың бос жер телім­дері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайды. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды.

Президенттің пікірінше, отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі – көлік инфра­құрылымының нашарлығы.

– Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жыл­да вагондар паркін жа­ңар­туға тиіс. Бұл жұмысты соз­бай, жедел аяқтау қажет. Сондай-ақ теміржол станса­ларының аумағын абаттан­дыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту қажет. Бұл – өте жедел атқаратын міндет. Автомобиль жолдарының сапасы да нашар. Әсіресе шалғайда орналасқан демалыс аймақтары­на көлікпен жету оңай емес. Тіпті өте қиын. Тас жол жоқ деуге бола­ды. «Астана – Алматы» бағытын­дағы жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдан бері созылып келеді. Бұл – Қазақстанның оңтүс­тігі мен орталығын байланыс­ты­рып тұрған күре жол. Құрылысы аяқталмай жатқан тағы бір­неше жоба бар. Бұлар – «Атырау – Астрахань», «Талды­қорған – Өскемен», «Мерке – Бурыл­байтал», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Каз­таловка – Жәнібек» бағыт­тары. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, жол жөндеу жұмыстарының сметалық құны жыл сайын қымбаттайды. Үкімет осы құрылыстарды биыл толық аяқтауы керек. Барлық бағыт бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы демалыс орындарымен логистикалық байланыстың нашарлығы ішкі туризмге ғана емес, шетелдік қонақтардың да келуіне әсер ететінін айтты.

– Шетелдік туристердің 90 пайызына жуығы көршілес ТМД елдеріне тиесілі. Алыс шетелден келетін туристер әзірге аз. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, саяхатшылардың 70 пайыздан астамы ұшақпен 4 сағат айналасында жететін демалыс орындарына барғанды жөн көреді. Демек Қытай, Үндістан, Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстан өте тартымды болуы мүмкін. Бұл ретте шетелдік туристердің ұлт­тық менталитетімен, олар­дың мүддесімен және сұраныс­тары­­мен санасып, өзіндік ерекше­ліктерін ескерген жөн. Бүкіл туристке бір бағдарлама ұсынуға болмайды. Ол үшін жоғары білікті мамандар керек және сапалы жұмыс істеу қажет. Алдағы бес жылда елімізге келетін туристер санын екі есе, тіпті үш есе арттыруға мүмкіндігіміз бар. Әуе тасымалы саласын дамыту қажет. Ең алдымен, танымал әуе бағыттарындағы лоукостерлердің санын көбейту керек. Қазір Қазақстанның жолаушылар тасымалы құрылымындағы лоукос­терлердің үлесі – небәрі 21 пайыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, Грузия мен Әзербайжанда бұл көрсеткіш 56 және 37 пайызды құрайды. Сонымен қатар бизнес әуе тасымалы нарығында ұдайы өзгерістерге тап болып отыр. Тіпті оған бейімделіп үлгермейді. «Атамекен» палатасының мәлі­меті бойынша биыл Алакөл бағы­тындағы әуе рейстері субсидия­сыз қалды. Бұл туралы туристік операторлар маусым басталар алдында ғана білді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланғанын еске салып, көрші елден туристер­ді көбірек тарту үшін мәдени әлеуе­тімізді пайдалану, шекара ма­ңындағы туристік ынтымақ­тас­тықты дамытуға айрықша мән беру маңызды екеніне назар аударды. Бұл ретте Үкіметке шекаралас аймақтардың әкім­дері­мен бірлесіп, елді мекендер­ді туристер қабылдауға дайындау, «Бақты» және «Көлжат» бақы­лау-өткізу бекеттеріндегі жаң­ғыр­ту жұмыстарын тезірек аяқтау, сондай-ақ Қазақстанға келген шетелдік туристердің қауіпсіздігін ұдайы бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берілді.

Президент туристік аймақ­тарды инженерлік инфрақұры­лыммен қамтамасыз ету ісінде де түйткілдер көп екеніне тоқталды.

– Туристік базаларда энергия қуатының өзі жетіспейді. Сол себепті демалушылар көбіне жарықсыз қалады. Салдары­нан адамдарға қатер төнеді. Сон­дай-ақ өрт шығу қаупі бар, тұр­мыс­тық техника жарамсыз бо­лып қалады. Кәсіпкерлер құрал­дардың істен шығуына және азық-түліктің бұзылуына байланыс­ты зор шығынға батады. Үкімет әкім­діктермен бірлесіп, курорт аймақтарын инженерлік инфра­құрылыммен қамтамасыз ету ісіне тексеру жүргізуге тиіс. Ту­рис­тік орындарды инженерлік инф­ра­құрылыммен, соның ішін­де электр энергиясымен, кә­різ жүйесімен, тазарту құрыл­ғыларымен, ауызсумен және кіре­беріс жолдармен қамтама­сыз ету үшін арнайы бюджеттік бағ­дар­лама қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­меттің барлық өңірде бір мезет­те 20 туристік аймақты дамыту жоспарын сынға алып, мұн­­дай тәсіл тиімсіз екенін, мем­ле­кет­тің шектеулі ресурсын зая кетіретінін мәлімдеді. Прези­денттің пікірін­ше, Қазақстан туризмінің жаһан­д­ық деңгейдегі төлқұжатына ай­налуға лайық анағұрлым перспек­тивті нысандарды қысқамерзім ішінде ретке келтірген жөн.

– Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау жағажай туризмі және Щучье-Бурабай курорттық аймағы ең қолайлы бағыттар саналады. Алматы – Қазақстан туризмін дамытудың басты орталығы. Жалпы туристер легінің төрттен бірі, соның ішінде шетелдік туристердің жартысы осы қалаға тиесілі. Бірақ қаланың туристік инфрақұрылымы жыл­дан-жылға артып келе жатқан нөпір­ге төтеп бере алмайды. Дема­лыс және мереке күндері Шым­бұлаққа келушілер саны оның өт­кізу мүмкіндігінен 2,5 есе асып кетеді. Сондықтан тау шаң­ғысы кластерін, оның ішінде Ал­маты облысындағы Түрген шат­қалында жыл бойы жұмыс іс­тейтін тау курортын салу арқылы одан әрі дамыту өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Үкіметке Маңғыстау облысы­ның әкім­дігімен бірге Каспий жаға­лауындағы туризм инфра­құры­лымының сапасын арттыру үшін қонақүй және мейманхана бизнесінің әлемдік брендтері мен франшизаларын тартумен белсенді айналысуды, жағалаудағы курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Дубай мен Баку қалаларының тәжірибесін ескере отырып, Ақтау қаласының Бас жоспарын қайта қарауды, Ақтауға Алматыдан, Ақтөбеден, Шымкенттен және Атыраудан қатынайтын әуе рейстерінің санын арттыруды, «Жылы жағажай» аумағындағы жобаларды жыл соңына дейін аяқтауды, сондай-ақ Кендірлі демалыс аймағын дамыту ісін жеделдетуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы тұмса табиғат, тарихи және мәде­ни ескерткіштер біздің бірегей байлығымыз екенін атап өтті.

– Бурабай Астанадан алыс емес. Сондықтан елорда тұрғын­дары мен қонақтары бұл жерге жиі барады. Туристер саны жылдан-жылға артып келе жатыр. Дегенмен онда инфрақұрылым салу жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Салдарынан жергілікті демалыс орындарындағы экология­лық ахуал әлі де күрделі. Жергі­лікті билік маңызды инфрақұры­лымдық жобалардың орындалуын созбалаңға салып отыр. Мы­салы, Щучье-Бурабай курорт­тық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асырылған жоқ. Бұл құжат сонау 2012 жылы қабыл­данған. Жоспар бойынша 126 миллиард теңге бөлінуге тиіс еді. Іс жүзінде 35 миллиард теңге берілген. Бұл – көзделген қаржы­ның небәрі 28 пайызы. Он жыл­дан астам уақыт өтті. Бірақ демалыс орнында тазарту қондырғылары орнатылған жоқ. Су желілері мен жылу көздерінің құрылысы да толық бітпеген. Үкімет, Президент Іс басқармасы және облыс әкімдігі осы жобаларды көпке созбай, қысқа мерзімде аяқтауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Үкімет пен жергілікті әкімдікке «Бурабай» курортының аумағында орналас­қан «Ақбура», Жөкей көлі, Қатар­көл, Текекөл және басқа да жаңа туристік аймақтарды дамыту, Бурабай аймағына Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен қалаларынан жедел қатынайтын пойыздарды іске қосу, Президент Іс басқармасы әзірлеп жатқан «Burabay Travel» бірыңғай цифр­лық платформасында маңай­дағы туристік аймақтарды түгел қамту міндеттері жүктелді.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан туризмін насихаттау үшін заманауи құралдарды белсенді қолдану қажет деп санайды.

– Еліміз туралы қызықты мәліметтерді ғаламдық ақпарат кеңістігінде кеңінен таратқанымыз жөн. Туризмді дамыту үшін Қазақ­станда өтетін ауқымды халық­аралық шараларды толығы­­мен пайдалану керек. Биыл еліміз­де V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Бұл дода төл дәстүріміздің, мәдениетіміз бен спортымыздың үйлесім тапқанын көрсетеді. Бірақ әлемдік медиа-кеңістікте бұл туралы ақпарат­тар өте аз деуге болады. Мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайды. Шетелден туристер тарту үшін елімізді барынша таныту керек. Халықаралық ірі медиа-компа­ния­­­лармен тығыз жұмыс істеу қажет. Сыртқы істер министр­лігіне осы шаруаны пысықтауды тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, экология мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, туризмді дамытамыз деп, табиғатқа зиян келтіруге болмайды.

– Қоғамда экологиялық мә­де­­ниет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Өкі­ніш­ке қарай, өзен-көлдің жаға­сын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалық­ты сақтау үшін арнайы экология­лық шаралар өткізу­ге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіз­дер. Бұл жұмыс­тың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланыс­ты. Әрине, азаматтар­дың эколо­­гиялық сауатын көтеру де ма­ңыз­ды. Осыған орай Мәде­ниет, Эко­логия, Оқу-ағарту министрліктері нақты шараларды қолға алуға тиіс. Бұл бағытта ағартушылық жұмыстармен ғана шектелуге болмайды. Кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар жиында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Көлік ми­нистрі Марат Қарабаев, Алматы қала­сының әкімі Ерболат Досаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, «Accor» қонақүйлер желісінің ТМД бо­йынша бас директоры Алексис Деларофф, «Orient Finance Group» компаниясының акцио­нері Руслан Шаекин, «PANA Group» компаниясының тең құрыл­тай­шысы Нұржан Ниязалиев, «SkyWayTravel» туристік ком­пания­сының директоры Әсем Қозбағарова сөз сөйледі.