Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Amanat» партиясы жалпақ жұртқа ортақ жақсы іске мұрындық болып, «Таза Қазақстан» road-эстафетасын бастаған болатын. Осы аптада партияның жүздеген белсенділері, «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері, жалпы жұртшылық Астана-Алматы тасжолының қос қапталын тазалап, айнадай етіп жарқыратып қойды. Ілкімді іс-шараға «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров және Мәжіліс депутаттары қатысты. Бір айта кетерлігі, эстафета «Жасыл даму», «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» акционерлік қоғамдарының қолдауымен өткізілді. Акция барысында күре жолдың қос қапталы, жанамалай орналасқан автотұрақтар мен кемпингтердің маңайы күл-қоқыстан тазаланды. Жұмыс барысында әуеден барлау да жүргізілді. Барлау барысында көзден таса қалған заңсыз қоқыс орындары да анықталды. Жиналған қоқыс қаптарға салынып, көлікке артылып, заңды полигондарға жеткізілді.
–Туған жердің топырағы, оның тазалығы, сәулеті мен салтанаты ең алдымен ел үшін керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені жалпыұлттық деңгейге көтеріп отыр, – деді «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, – тазалық пен тәртіп өмір сүру қағидасына айналуы керек. Бұл жұмыс барша қоғамды біріктіреді. Замандастарымыздың бойында экологиялық мәдениет пен сананы қалыптастырады.
Айтса айтқандай, ел мен жердің жанашырлары тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, жол бойындағы елді мекендердің тұрғындарымен жүздесу барысында осы істің мәні мен маңызын айтып, адамдардың қай кезде де табиғатқа жанашырлықпен қарауы керек екендігін еске салуды да ұмытқан жоқ. Өкпек жолаушылар күре жолдың қос қапталындағы қайнаған жұмысты көріп, тазалықты өздері де сақтау керек екендігін түйсінетін болады.
Көпшілік қауымдаса кіріссе алынбас асу бар ма? Жақсы іске жұмылған жеті күннің ішінде партияның белсенділері мен «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері Ақмола, Қарағанда, Жамбыл және Алматы облыстары арқылы өтетін, ұзындығы 1200 шақырымнан асатын тас жолдың қос қапталын мұнтаздай етіп тазалап шықпақ. Бір айта кетерлігі, ілкімді іс-шараға «1 команда – 1 облыс» қағидаты бойынша құрылған командалар қатысады. Оның құрамына Мәжіліс және әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары кіреді. Іргелес елді мекендердің жалынды жастарымен жүздесіп, азаматтармен қоғамдық қабылдау да ұйымдастырылмақ. Эстафетаның жабылу салтанаты Қонаев қаласында өткізілмек.
Осы арада «Amanat» партиясы Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында әр апта сайын өткізілетін «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бастаған болатын. Ауқымды жұмысқа кірісердің алдында еліміздегі жол бойындағы аумақтардан, өнеркәсіптік аймақтардан, басқа да көптеген жерден тазартылуға тиісті 475 жер телімі анықталды. Сөз арасында көктемгі қызыл судың беті қайтқаннан кейін партияның төрт мыңға жуық белсендісі мен «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері тасқынның тақсыретін тартқан тұрғындардың баспанасын ретке келтіруге қолұшын бергендігін айта кетуіміз керек. Еліміздің барлық өңіріндегі саябақтарды, аулаларды тазартып, тарихи-мәдени ескерткіштердің маңайы ретке келтірілді.
Жалпы, елді елеңдеткен экологиялық мәселелерді шешу партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған маңызды басымдықтың бірі. Уәде үдесінен шығуды мұрат тұтқан партия мүшелерінің қажырлы қайратының арқасында 302,7 миллион түп ағаш егілді. Бірер жылдан соң осы бір жан сүйсінтер жақсы істің нәтижесі ретінде ит тұмсығы өтпейтін қалың орман қаулай өсіп, жарқырай жайнап тұрса, тазалық пен тәртіпті көксеген ел ықыласының жемісі деп сүйсінуге болады. Қырыққа жуық ірі өнеркәсіп орындарында ауа тазалығын бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылды. Бұл да елді елеңдетіп отырған маңызды мәселенің бірі. 2027 жылға қарай партияның сайлауалды бағдарламасы аясында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жарату үлесі 36 пайызға жетпек. Жайық өзенінің жағасында экожүйе қалпына келтіріліп, Балқаш көліне тұрақты су ағыны қамтамасыз етілмек. Қазір жұмыс істеп тұрған 169 суқоймасын қайтадан жаңғыртып, жаңадан 14 суқоймасын салу межеленіп жатыр.
Игі бастаманың арқасында көркем табиғаттың ай жүзіндегі кіреуке алынып, ақ жауыннан кейінгі атыраптай жайнай түспек. Осының бәрі ел мен жердің қамын ойлаған жанашырлықтың жанды көрінісі.
Ақмола облысы,
Аршалы ауданы