Қоғам • 14 Маусым, 2024

Атажұртқа оралған қандастар

144 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атамекенін аңсап келген қандастар таңдайтын облыстың қатарында Атырау да бар. Биыл 5 айда мұнайлы өңірге оралған этностық қазақтың дені бұрын көршілес елдерде тұрған.

Атажұртқа оралған қандастар

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, 1 маусымға дейін 6 елден 89 отбасы атамекеніне оралып отыр. Бұл отбасылардың құрамындағы 108 этнос­тық қазақтың бәріне «қандас» мәр­тебесі берілген.

Қандастардың дені – 86 мүшесі бар 71 отбасы Өзбекстан Республикасынан қоныс аударған. «Ал Көршілес Ресей Федерациясынан 9 отбасы (10 адам), Қытай Халық Республикасынан 6 отба­сы (9 адам), Украинадан, Тәжікстан мен Түрікменстан Республикасынан 3 отбасы (3 адам) оралды. Қандастың бәрі елімізде тұрақты тұруға ниет білдірді», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Қандастардың арасынан 78 отбасы Атырау  қаласында тұрақтап қалуды жөн көріпті. Бұл отбасыларда 97 адам бар. Ал 4 отбасы (4 адам) Жылыой ауда­нын, 1 отбасы (1 адам) Махамбет ауданын таңдапты. Сондай-ақ Мақатқа 2 отбасы (2 адам), Құрманғазыға 2 отба­сы (2 адам) және Индер ауданына 2 отбасы (2 адам) көшіп барған.

«Қазір Атырау облысында қан­дастарды уақытша орналастыру орта­лығы жұмыс істейді. Бірақ бұл орталықта уақытша тұратын этностық қазақтар тіркелген жоқ. Ал тұрғын үй кезегінде 43 қандас тіркеуде тұр. Мансап орталықтарында 14 қандас жұмыссыз ретінде тіркеуге алынды. Әлеуметтік жұмыс орнына 1, қоғамдық жұмысқа 1 адам тартылды», деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметінен.

 

Атырау облысы