Фото: kazgazeta.kz
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жүргізушілер тарапынан күре жолда жылдамдықты шамадан тыс асыру дерегі азаймай отыр. Мәселен, төрт айда 39 мыңнан астам жүргізушінің жылдамдықты шектен асырғаны тіркеліп отыр. Оның ішінде 16 мыңнан астам жүргізуші сағатына 130-дан 180-ге дейінгі жылдамдықпен жүйткігені анықталыпты. Сондай-ақ 107 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 23 адам қаза тапқан. Ал 6 мамырдан бері біржолақты жолды кесіп өткен 42 жүргізуші 6 айға көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Жолда жүру ережесін бұзушылар қатарында мопед жүргізушілер де бар. Қос дөңгелекті көлікті тізгіндегендердің дені – жастар. Тіпті кейбірінің құжаты да жоқ. Атырау облыстық жергілікті полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың мәліметінше, мопед жүргізушілері жыл басынан бері 371 рет жол ережесін бұзған.
«Мопед жүргізушілерінің жол ережесін бұзу дерегіне талдау жасалды. Талдауға сәйкес олардың басым бөлігі жылдамдықты шамадан тыс асырады. Алдындағы көлікті басып озуға ұмтылады. Тіпті бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай өтіп кетеді. Осындай себептермен мопед жүргізушілерінің кінәсінен 17 жол-көлік оқиғасы тіркелді», дейді Е.Биғамбаев.
Полиция полковнигінің мәлімдеуінше, 12 жасөспірімнің құжатсыз мотокөлікті жүргізгені анықталған. Мотокөлік жүргізушілері ұшыраған жол апатынан 25 адам түрлі дене жарақатын алып, 1 адам қаза тапқан.
«Мәселен, Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында рұқсат құжатынсыз мотокөлікті жүргізген 19 жастағы студент төрт жасар баланы қағып құлатқан. Басынан жарақат алған балақай ауруханаға жеткізілді. Ол әлі күнге дейін дәрігерлердің бақылауында. Ал 17 жастағы бозбала мопедпен 16 жастағы бойжеткенді қағып, оқиға орнынан қашып кетті. Патрульдік полиция қызметкерлері аталған мопедтің қай бағытта бара жатқанын анықтап, тоқтатуға тырысты. Алайда жасөспірім заңды талаптарды орындамады. Сол себептен патрульдік полицейлер оны мәжбүрлі түрде тоқтатты», дейді Е.Биғамбаев.
Полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Аманжол Жұмалиевтің айтуынша, бір аптада 7 жол апаты тіркелген. Жол-көлік оқиғасының салдарынан 6 адам қаза тауып, тағы үшеуі ауыр дене жарақатын алған. Мәселен, 16 мамыр күні республикалық маңызы бар «Атырау – Ақтөбе – Астрахан» тасжолының 795-шақырымы тұсында «Lexus» автокөлігі бірнеше рет аударылған. Бұған себеп – 1987 жылғы жүргізушісінің рульге ие бола алмағаны.
«Дәл осы жол апатынан 3 адам жантәсілім етті. Екі жолаушы жарақат алды. Ал 18 мамырда аталған жолдың 571-шақырымында 61 жастағы жүргізушісі «Tank-500» автокөлігімен жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Индер ауданының Бөдене ауылында 16 жастағы жасөспірім мотокөлік жүргізушісі жаяу келе жатқан құрдасын қаққан. Салдарынан жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Ал 19 мамыр күні Индербор кентінде 37 жастағы жігіт есепте жоқ мотокөлікпен кедергіге соғылып, қайтыс болды», дейді А.Жұмалиев.
Жүргізушілердің арасында жол ережесін бұзғанымен қоймай, айыппұлын төлеуді «ұмытып» кететіні де бар. Сондай борышкердің бірі 27 мамырда ұсталды.
«Күндізгі сағат 16.20 шамасында жедел басқару орталығының қызметкерлері Қ.Сәтбаев-И.Тайманов көшелерінің қиылысында «Nissan» автокөлігін тоқтатты. Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің тексеруі кезінде көлік жүргізушісінің 3 млн 771 мың теңге айыппұлын төлемей жүргені анықталды. 46 жастағы азамат көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, рульге отырған. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 3-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды», деп хабарлады қалалық полиция басқармасынан.
Полиция қызметкерлері жинақталған іс құжаттарын мамандандырылған әкімшілік сотқа жолдады. Ал автокөлік айып тұрағына қойылды.
Атырау облысы