Еңбек • 13 Маусым, 2024

Байқау жеке кәсіптің жолын ашады

126 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шымкентте жұмыссыз азаматтардың кәсіп­кер­лік бизнес-жобаларын қаржылай қолдауға бағыт­тал­ған­ грант­тық конкурстар өтіп жатыр. Біз соның біріне барып, үміт­­кер­лермен, байқау ұйымдастырушылармен тілдесіп қайт­­қан едік.

Байқау жеке кәсіптің  жолын ашады

Белсенді өмір сүру орталығы ғима­ра­тын­да байқау таңғы сағат 10-да басталды. Бірақ үміт­­­­керлер ерте келіп, кезекке тұ­рып қойыпты. Солардың іші­нен­ қолына құжаттарын ұстаған жас­ жігітті әңгімеге тарт­тық.

Өзін Ербол Жәнібек деп таныстырған ол ешкі шаруа­шы­лығы бойынша бизнес жобасын қорғауға келіпті. Айтуынша, Сексек ата төлінен көл-көсір пайда табуға болатын көрінеді. Жобасында күніне 1,5-5 литр­ге дейін сүт алып, одан құрт, ірімшік, айран, йогурт басқа да өнімдер жасап сату көздел­ген. Үміткер қаланың Қайтпас шағын ауданында тұрады. Үйінің сыртында 15-20 ешкіні бағатын жайылым жер бар екен. Қоражайы да дайын секілді. Грант қаражатына асыл тұқымды голландиялық он заа­нен ешкісі мен бір теке алмақ­шы. Е.Жәнібектің айтуынша, кезінде Темірлан ешкі фермасы болатын. Кейін ол тарап асыл тұқымды ешкілерді қала­ның шаруашылықтары бөліп алған көрінеді. Малды солар­дан барып сатып аламын дейді.

Заанен ешкісі күніне 1,5-5 литрге дейін сүт береді екен. Аса қатты күтімді де қажет етпейтін малдың тұқымынан дейді. Шөптен жоңышқа, жемнен майдаланған жүгері, арпа берсе болғаны. Ал текені жыл сайын ауыстырып тұру керек екен. Ол қан тазалығы үшін қажет. Ешкі бағатын шаруашылықтарда теке көп, солармен ауысып отыруға да болатынын айтады кейіпкеріміз. Ерболдың Темірлан ешкі фермасында жұмыс істеген достары бар. Солардан тәжірибе алмасып, осы кәсіптің қыр-сырын үйреніпті. Қазір достары ешкі бағып табысты кәсіпкерге айналған. Кейіпкеріміз жалпы ешкінің сүті өте пайда­лы, әсіресе сәбилерге, қарт кісілерге пайдасы мол екенін айтады. Ешкі сүтінің бір жақсысы аллергия тудырмай­ды. Дүкендерге таратумен бірге, қарапайым тұрғындар инстаграмм, ватсап әлеуметтік желісіндегі жарнама арқылы іздеп тауып, сатып алады екен. Кейіпкеріміз үйінің жанында кішігірім тұрғызған кепесі барын, соны цехқа айналдырып, биыл сүт, айран, құрт істеп, келесі жылы йогурт, ірімшік, брынза жасауға кірісетінін айтты. Ешкінің сүтіне сұраныс азаймаған. Пайдалы элементтері бойынша ана сүтіне жақын. Бүгінде сатылу бағасы 700 теңгеден басталып, мың теңгеден асады. Дүкендерде ешкі сүтінің өтпей қалған кезі болмаған дейді. Бір ешкінің құны 130 мың теңгенің үстінде болса, лақтары 60 мың теңгенің төңірегінде екен. Ерболдың негізгі мамандығы электрик. Бірақ оның бар арманы – ешкі шаруашылығын қолға алу. Бір жарым миллион теңге грант қаражаты ойда жүрген биз­нес жобасын іске асыруға жете­тінін мәлімдеді. Сол себепті байқауға қатысып, үлкен үмітпен келіп отыр екен. Біз де оның алдағы істеріне сәттілік тіледік.

Бізбен тілдескен тағы бір үміт­кері Дана Сапа­рова үйінде той-жиынға тапсырыспен түрлі тәтті пісіреді. Көпбалалы ана. Төрт бала-шаға­сы бар. Күйеуі денсаулығына бай­ланысты еңбекке жара­май­тындықтан үйінде жұмыс­сыз отыр. Кейіпкеріміз әлеу­меттік желі арқылы түрлі той-томалақ, құдайы тамақ­тарға, дүкендерден тапсырыс қабыл­дайды. Төрт баласы да әлі кіш­кентай, оның үстіне үлкені ұл болған­дықтан бауырсақ, самса, тәттілерді бір өзі пісіреді екен. Енді кәсібін кеңейтіп, жанына көмекші алсам ба деген ниетпен конкурсқа қатысып көруге ниетті. Қазір келіншек тапсырыс өнімдерінің бәрін үйінде дайындайды. Ас бөлмедегі газ плитасы мен тоңазытқыш аздық қылып жатыр. Сондықтан есігінің алдынан кішігірім цех болатын ғимарат салып, ішін грант қаражатына сатып алатын кулинарлық керек-жарақ­тармен жабдықтамақшы. Ең бірінші қажет дүние ол үлкен газ плитасы мен тоңазытқыш, сосын миксер мен асүй комбайны дейді. Көзге көрінбейтін майда-шүйде заттардың өзіне әжептәуір ақша кетеді екен.

Тапсырыспен түрлі бәліш, тәттілер пісіретін жандардың жарнамасы қазір әлеуметтік желіде өте көп. Тіпті осы сала­дағы кондитерлік желілік дү­кен­­­дер де дамыған. Тапсырыс бер­се­ңіз болғаны, өздері пісі­ріп, келі­сілген уақытта айтқан мекенжайыңызға жеткізіп береді. Кейіпкерімізге осы сауалды қойғанда біз тұрып жатқан үйіміздің айналасында ондай қызу бәсекелестік жоқ, бәрі мен пісірген өнімдерді ұнатқандықтан тек маған ғана тапсырыс береді деп күлімсірей жауап берді. Өзіне деген сенімі күшті болғандықтан да тәуекелге бел буып, байқауда бағым­ды сынап көрсем деп келіпті. Күйеуі де, өзі де жұмыссыз, шиет­тей бала-шағасы бар бұл отбасының негізгі табыс көзі балаларға берілетін жәрдемақы болса, бір жағынан тапсырыс­тар арқылы түсіп жатқан пайда да күнделікті шығынның бір бөлігін жауып отыр». Кезін­де информатика пәнінің мұға­лімі деген педагогикалық ма­мандықты бітіргенімен, тұрмыс құрғалы бала-шағамен үйден шыға алмапты. Қазір де мектепке жұмысқа тұрғысы келеді, алайда кішкентай балаларына қарайтын адам болмаған соң үй жағдайындағы кәсіпкерлікті қолайлы көреді.

Ержан Аяпбергенов есім­ді тағы бір үміткермен сөй­лес­кенімізде грант қаража­тына компьютерлік құрал-жабдықтар сатып алу ойында бар екенін білдік. Кеңселік техника оған түрлі электронды құжаттарды толтыру үшін қажет екен. Себебі ол тұрмыстық техника дүкендерінен зат сатып алған клиентке тауар­ жет­кізуші болып жұмыс істейді. Затты клиентке апарып берген соң арада алыс-берісті растайтын құжаттар керек болады. Соларды рәсімдеу үшін компьютерлік қызмет орталығына баруға мәжбүр. «Жеке өзімнің кеңселік техникам болса, қиналмас едім, соған қарай жүктемені де көбейтуге болар еді», дейді.

Өз кезегінде байқаудың комиссия төрағасы, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Рүстем Әшетаев биылғы конкурстың ерекшелігі туралы айтып берді.

Жауапты тұлғаның мәлім­де­уінше, бұл жолғы конкурс­та грант қаражаты 1 млн 476 мың теңгеге өскен. Былтыр оның көлемі 1 млн 300 мың тең­ге­нің төңірегінде болған екен. Сондай-ақ үміткерлердің бизнес-жобалары комиссия мүшелерінің алдындағы компью­терде электронды нұс­қада көрініп тұрады. Комиссия мүшелері тек алдында жатқан бағалау қағазын ғана жазбаша толтырады. Бұл бірінші кезекте қағазбастылықтан арылту үшін жасалып отыр. Сонымен бірге әрбір үміткердің бизнес-жобасын қорғаған сәті Facebook пен Instagram желі­сінде тікелей эфир арқылы көр­сетіледі. Комиссия төрағасы ұйым­дастырушылардың мұн­дай қадамға, ең алдымен, бай­­қаудың ашықтығы пен мөл­дір­лігін қамтамасыз ету үшін барғанын жеткізді. Анти­кор қызметіне де бақылаушы ретін­де комиссия отырысына қаты­суға хат жолданыпты.

«Осы тұста айта кеткен жөн, бизнес жобалардың біра­зы­нан қате байқадық. Кейбірі бұрынғы жобаларды көшіріп әкеле салған. Бизнес жобаны жасап берген азаматтар тиісті еңбекақысын алса да өз жұ­мыс­тарында көп қателік жіберген. Соның салдарынан қолдағымыз келген жобаларды техникалық қателіктерге бола жоғары бағасын бере алмадық. Бизнес бастамалардың ішінде жыл­дағыдай кондитерлік, жар­ты­лай фабрикатты өнім әзір­леу жобалары өте көп. Деген­мен оған енді сервистік қыз­мет­тер қатары қосылып жатыр. Мәселен, оның арасында кофе қайнату аппаратын сатып алып, жалға беру секілді қызметтер бар. Алайда грант қаражаты мұндай сервистік қызмет жобаларына берілмейді. Негізінен басымдықты өнім өндірушілерге бұрып жатырмыз. Бизнес жобаны дұрыс жасап әкелген азаматтардың көпшілігі грант қаражатын жеңіп алатынына ешқандай күмән жоқ. Жобаны қате­сіз жасау үшін алдымен ере­жесімен жақсылап танысып алып, сосын жұмыссыздық мәселесімен айналысатын орган «Мансап» орталығындағы мамандардың кеңесіне жүгіну қажет. Егер жоба солардың ақыл-кеңесімен жасалса, ешқандай қателік болмауға тиіс», деді Р.Әшетаев.

Комиссия төрағасының айтуынша, биыл мемлекеттік грант қаражаты Шымкент қаласы бо­йынша 426 жеңім­паз­ға үлес­­тірі­леді. Бүгінгі конкурс нәти­же­сіне қарай оның тең жар­тысы грантқа қол жеткізсе, қал­ған жар­тысы жыл соңына таман өте­тін екінші конкурстың қоры­тын­­дысынан кейін алатын болады. Ал жалпы гранттық биз­нес жо­ба­сы байқауына қа­ты­с­уға 1 200-ге жуық адам өтініш қал­дырған.

Бір айта кетерлігі байқауда жеңімпаздарды анықтау комис­сия­сының мүшелігінде ке­зін­­де 5 жыл бұрын осы байқау бірінші рет басталғанда ал­ғаш­қы болып грант жеңіп алған Нулифар Сайдуллаева есімді жас кәсіпкер келіншек те бар. Бүгінгі таңда 30 адам­ды жұмыспен қамтып отыр­ған іскер әйел жеке оқыту орталығы, тігін цехы секілді бизнес жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді.