Тұлға • 13 Маусым, 2024

«Қазақфильмнің» қара баласы

112 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Ол сөйлеп отыр. Ал мен оны үнсіз тыңдаудамын. Осылай сүт пісірілім уақыт өтті. Бір кезде әңгіме иесі екпіндете айтқан сөзін бәсеңдеткендей болды. Сөйтті де: «Бәрі есімде ғой аға, – деді. – Жаз айы. Тау ете­гін­де­гі ауыл. Өзен. Балық аулауға бару. Сонда ересек сіздер мені қармаққа ілетін шылау­шын іздеттіріп, тыныш таптырмаушы едіңіздер».

«Қазақфильмнің» қара баласы

Суретте: Аталған туынды негізінде өмірге келген кинокартинаның түсірілу алаңынан көрініс (оңнан солға қарай: кинорежиссер Абдолла Қарсақпаев, бала Бектас рөлінде ойнаған 4-сынып оқушысы Болат Қалымбетов) 1967 жыл

«Иә, – дедім мен оны қостай. – Шым арасынан шылаушын шықпаған кезде, балық жемі үшін деп көбелек те қу­дыратынбыз саған. Ал қалақай... Иә, ескі диірмен орнын­дағы қалақай шо­ғы­ры. Сондағы кездейсоқ қиындықтан кіп-кішкентай сенің қай­сарлығыңмен құ­тылып кеткен оқиға ше...» «Ой, аға-ай!» Мына сөзді естіген әңгіме иесі мені құ­шақ­тай алып, бар денесімен селкілдей күл­ді дейсің... «Түу, қалай ұмытпағансыз. Иә, ол жайт сіз айтқан соң ғана есіме түсіп отыр. Ки­нофильмге пайдаланатын-ақ деталь! Бұл бұрын қалай ойыма келмеген, ә? Қызық...»

Ол осылай деп өзімен өзі болып отырғанда, мен сонау уақыттағы жылдар жықпылында қалған оқиғаны көз алдыма елестеттім. Иә, мектептегі оқу аяқталып, каникул басталғанда, ауылдағы бар баланың қызығы өзенге шомылып, балық аулау еді. Оған барар кезде Красноармейская көшесімен тік түсіп, жағалаудағы орыс орамын басып өту керек. Біздер үшін қиындық міне, осы жерден басталатын. Неге десеңіз, шарбақ сыртында шемішке шағып, фуражкаларын көздеріне түсіре киген казак орыс балалары өздері құралпас өткен-кеткендерге тиіспей қоймайтын.

Бір күні өзендегі балыққа ертерек барып, ол жерден олжалы оралып келе жат­қан едік. Сол кезде көше қиы­лысындағы ерігіп отырған көккөздердің өзара күбірлесіп, бізге қарай бет алғанын көрдік. Неге екені белгісіз, олар қысы-жазы аяқтарынан етіктерін тастамайтын. Соның қонышына бүктеп алып салып жүретін сабы қысқа, өрімі ұзын қамшылары болушы еді. Міне, соны қолдарына білемдей ұстаған әлгілер бізді еңіске қарай тықсыра бастады. Шегіндіріп отырып ескі диірмен орнына өскен қалақай шоғырына алып келді. Ойлары соған жасқай кіргізіп, бұтымыздағы шолақ дамбалдан басқа ештеңе жоқ балтырымызды мына улы шөпке шақтырып, мазақтамақ. Осы кезде артымыздан: «А-а-а-а!» – деген ащы дауыс­тың шыққаны... Селк ете түсіп бұрыл­сақ, біздің тобымыздағы елеусіздеу жү­ретін кішкентай қара бала!.. Иә, сол! Қос қолында біреуін үстінен шешіп алған жейдесімен, екіншісін майкасымен орап жұлып алған ұзын қалақай сабағы. Соны оңды-солды бұлғай «жауларымызға» қарай атой салып келеді. Мұны көрген біздер де футболкамызды сыпырып алып, сонымен қалақай сабағын жұлайық. Оны дәтке қуат етіп, қамшыларын білеп келе жат­қан бұзықтарға қарай ұмтылайық. Естерін жиғызбай, аулаларына дейін қуайық.

...Орыс орамындағы сол оқиғадан соң кішкентай қара баланы біз керемет жақсы көріп кеттік. Бұрын көп көзге түспей, өзінен үш-төрт жас үлкендердің көлеңкесінде жүрген ол енді бәріміздің «бала батырымызға» айналды. Аты Болат екен. Елгезек. Ширақ. Және.., шақар. Бірбеткей. Айтқанынан қайтпайды-ау, қайтпайды. Содан не керек, қызық та қиқар мінезді бұл балақаймен сол жазда біз қайда бармадық дейсіз. Тоғай аралап саңырауқұлақ жинау, тауға шығып қарақат теру, ауыл ортасындағы алаңда асық атып, доп қуу... Бәрі-бәрін бастан өткердік. Бірақ күзгі оқу жылы басталғанда қараймыз, мектептен Болатымыз көрінбейді. Жоқ. Сұрастырсақ, қалада әкесінің қарындасы тұрады екен. Сол кісінің ұйғарымымен енді ол Алматыда оқитын болыпты. Содан арада ай, жыл, одан кейін тағы да айналып жыл өткен. Біз ол кезде «бала батыр» Болатты ұмыта да бастағанбыз. Бір күні мектептегі сабақтан қайтып келе жатып, колхоз клубының алдындағы киноафишаға қарасақ... Сенейік пе, сенбейік пе? Баспаханадағы түрлі-түсті бояумен басылып шыққан плакатта «Балалық шаққа саяхат» деген жазу тұр. Одан төмендіректе өңі өзімізге таныс қара бала – Болат бейнесі көрінеді. Міне, ғажап! Керемет! Әсіресе афиша етегіндегі: «Сценарий авторлары: Бердібек Соқпақбаев, Леонард Толстой; режиссері Абдолла Қарсақбаев; оператор Михаил Аранышев. Басты рөлдерде: Болат Қалымбетов, Мұхтар Бақтыгереев, Нұржұман Ықтымбаев», – деген жазуларды оқығанда ұзынсонар тізімнің басындағы «бала батырдың» аты-жөнін көріп, шалқамыздан түсе жаздадық.

 

* * *

«...Сол жылы күзде, – дедім мен осы ара­ға келгенде жанымдағы өз ойымен өзі болып отырған кейіпкеріме қарай бұ­рылып, – сенің ауылдан Алматыға оқуға кеткеніңді білеміз. Онда №12 орта мектепте білім алдың. Ал Бекеңнің, Бердібек аға Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасы желісімен жасалған киноға қалай түсіп жүрсің? Айтшы, осыны. Бұл өзі қалай болған оқиға?»

«Алматыда Анар Үмбеталиева деген әп­кеміз болды, – деп бастады Болат әң­гімесін. – Күйеуі Баймырза аға Дәу­рен­беков Жоғарғы кеңес аппаратында жұ­мыс істейтін. Міне, сол кісілер өзі­ңіз айт­қан жазда ауылға демалуға келді. Қайтар кездерінде әке-шешеме: «Ба­лаларыңыз қалада оқысын. Оған мүм­кін­дігіміз бар. Ертең институтқа түсер кезде қиналмайтын болады», – деді де мені Алматыға ертіп әкетті. Сөй­тіп, әпке-жез­дем №12 орта мектепке құ­жаттарымды қабылдатып, қала оқу­шы­­лары қатарына қосты да жіберді. Мұға­лімдеріміз Әлия Дүйсенова мен Сәуле Қабдолова өте жақсы адамдар екен. Салмақты, инабатты бұл апайлар ешуа­қыт­та дауыс көтермейді. Жекіп немесе жер-жебіріңе жетіп ұрыспайды. Бәрін бай­салды түрде түсіндіреді. Жақсы ісіңді көре қалса, жанындағыларға жария етіп кө­термелейді.

Сабақтан кейін біз бірден үйге бармай, мектеп алаңында футбол ойнайтынбыз. Ондай кезде денем шағын, бойым аласа менің міндетім қақпа күзету болатын. Бірде қарсы жақтың шабуылдаушы тобының өте қатты тепкен добын ұстай алмай, гол жіберіп алғаным... Бұған күйінген капитанымыз айғайлап кеп бетімнен періп жібергенде, мұрнымнан қан сау ете түсті. Қарап тұрайын ба, мен де: «Өй, әкеңнің...» – деп сорайған оған жармастым дейсіз. Күшім жетпесе де білегін тістеп, тізесін теуіп, ауылдағы аузым үйренген анайы сөздердің неше атасын жіберіп жатырмын. Сол кезде: «Ой, Сара!.. Іздеп жүрген жоғымызды таптық! Иә, таптық! Кіп-кішкентай болса да шатынаған шақар мінезін қарашы! Тілі де, түрі де табиғи. Нағыз ауыл баласының өзі», – деген ер адамның даусы естілді. Жалт қарасам, қарсы алдымда өңі келісті ағай тұр. Жа­нында аққұба жүзді, сұңғақ бойлы апай бар. Ол кісі маған қол жұмсаған сыныптасыма: «Осылай істеуге бола ма екен?» – деп қабақ шыта ренжіді де беторама­лымен қанаған мұрнымды сүртуге кі­ріс­ті. Осы кезде алаң шетінен мектеп директоры Рафиқа Нұртазина көрінді. Қасына үш-төрт оқушыны ертіп алған ол кісі. «Сіздердің киноға деп іздеп жүр­гендеріңізге мына балалар жарап қа­лар. Үлгілі, тәртіпті ұлдарымыз бұлар», – де­ді. Сөйтті де жаңағы төбелестен кейінгі менің түрімді көріп шошып кетті. «Жоқ, – деді сол сәтте бейтаныс ағай мен апай ди­ректорға қосарлана тіл қатып. – Бұлар емес біздің іздегеніміз. Назарымыз мына балаға ауып тұр. Осы оқушыны әкетуге рұқсат етіңіз».

Рафиқа апайға осылай деген олар мені жетектеп алып, бүйірінде «Қазақфильм» деп жазылған автокөлікке әкеп отырғызды. Содан соң өздерін таныстырып, жолшыбай мына әңгімелерді айтты. Ер адам кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев екен. Ал апай оның көмекшісі Сара Жорабаева болып шықты. «Біз, – деді олар маған, – жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасының желісімен көркем фильм түсіруге дайындалып жатырмыз. Соған байланысты қала мектептерінен болашақ кинолентадағы Бектас атты бас кейіпкерге лайық бала іздестірудеміз. Конкурсқа түсіп көр, айналайын! Жарай ма?

Осы әңгімемен киностудияға қалай келіп қалғанымызды байқамай да қалып­пыз. Автокөліктен түссек, Сиротин деген фотограф мені ғимарат астындағы жертөлеге қарай ала жөнеліп, «проба» үшін суретке түсірсін. Одан соң Сара апай оншақты үміткер қарадомалақтың алдында сценарийдің мазмұнымен таныстырсын. Келесі, одан кейінгі күндері де бізде тыным болған жоқ. Комиссияға дайындайтын мамандар: «Күліп көрші, бет-жүзіңдегі өзгерістің қандай екенін көрейік», – дейді. Немесе: «Жылай аласың ба? Көзіңнен жас шыға ма өзі?» – деп қинайды. Жүрген кезде кібіртіктемеуді, жасқанбауды өтінеді. Соған үйретіп, жан терімізді шығарады. Содан қойшы, осындай дайындықпен жарты ай өткенде: «Ертең комиссия мүшелерінің отырысы болады. Конкурсқа түсесіңдер», – деген хабарды естідік. Айтылған уақытта киностудия алдына жиналып, жетекшіміздің жанында топталып тұрмыз. Бір кезде қақпадан кіріп келе жатқан ұзын бойлы кісіні көзім шалып қалғаны. Көрген киноларымның ішіндегі кім екені есіме түсе кеткені. Сол-ақ екен: «Қараңдар, балалар! Алдаркөсе келе жатыр!» – деп айтқанымды өзім де білмей қалдым. «Ой, қой! Олай деме. Ол – Айманов», – деді тыныш тұр дегендей көзбен қараған Сара апай. Ұялып қалдым. Өзім көрген көп кинолардың біріндегі көрініс еді менің айтқаным. Иә, «Алдаркөсе» фильміндегі кісінің Шәкен аға екенін қайдан білейін.

Комиссия мүшелерінің отырысы үш-төрт сағатқа созылды. Бір кезде залдан Абдолла аға шықты да: «Киноға сен түсетін болдың, балақай!» – деп мені құ­шақтай алғаны. Одан соң бізге жақындап келе жатқан сценарий авторы Бердібек Соқпақбаев ағаны көрдім. Сара апай менің атымды айта бергенде: «Білемін. Жаңағы комиссия отырысында бұл бала бейнеленген фрагменттік фотосуреттер мен байқау ретіндегі кинолента үзіктері көрсетілді ғой. Бойыңда талап та, талант да бар секілді. Ал ол қасиеттердің тең жартысы еңбек. Иә, еңбек. Осыны ұмытпай, алға талпын», – деді. Өстіп тұрғанымызда жиналыс залынан кешігіңкіреп шыққан Шәкен аға мені көріп: «Әй, қара бала! – деді. – Сені болашақ фильмдегі Бектастың рөліне лайық көрген – мен. Бойыңда өжеттік бар екен. Бірбеткейлігін де жоқ емес. Тілің табиғи. Ең бастысы жүріс-тұрысында жасандылық байқалмайды. Осы қасиетіңнен тайма және оны жоғалтып алма». Осыдан бастап, Шәкен ағаның жаңағы әңгіме арасында айтып қалған сөзінен соң «Балалық шаққа саяхат» фильмін түсіретін топ мүшелерінің бәрі мені қара бала деп атай бастады.

 

* * *

Жоғарыдағы әңгімеден кейін Болат бір сәтте үнсіз қалды. Сөйтті де өзі сөз етіп отырған фильмге байланысты қандай шы­ғар­машылық ортамен жұмыс істеп, олар­дан не үйренгенін айта бастады. Оның сө­зіне қарағанда, кинокартинаға қатысуға Алматыдағы академиялық және балалар мен жасөспірімдер театрларының белді әр­тістері тартылған екен. Сөзіміз дәлел­ді болу үшін олардың бірнешеуін айтайық. Бұлар: колхоз бастығы рөлін­дегі Кәу­кен Кенжетаев, ауылдық кеңес төрағасы бейнесіндегі Қасым Жәкібаев, Сағатбай мұғалімді сомдаған Нұржұман Ықтымбаев, басты кейіпкер бала Бектас­тың жігіт ағасы болған кезін бейнелеген Мұхтар Бақтыгереев, өгей шешені ойнаған Рая Мұхамедиярова, бандылар басшысының кейпіндегі Құрманбек Жандарбеков, ұстаның әкесі рөліндегі Қанабек Байсейітов және басқалар.

Міне, «Балалық шаққа саяхаттағы» ­басты кейіпкер бала Бектастың рөлін ойнауға тиіс 10 жастағы Болат Қалым­бе­тов­тің ол кездегі «ортасы» осындай бо­ла­тын. Кілең үлкен кісілер... Жігіт аға­лары... Бұл оған бір жағынан қиын, екінші тұр­ғыдан алғанда қызық та еді. Қызық деп отырғанымыз түсінікті. Ол жап-жас Болаттың «Қазақфильм» сияқты үлкен киностудияның жарқ-жұрқ еткен фото, кинолаборатория әлемімен танысуы, фильмді түсіру барысында ел көріп, жер тануы. Ал қиындығы – оңы мен солын әлі танып үлгермеген 4-сынып оқу­шысы оны жоғарыдағы аттарынан ат үркетін ағаларының мысы басып тұра­тын. Сол себепті кино түсіру алаңында­ғы жасайтын экрандық элементтердің қиюын келтіре алмай, олардың алдын­да жасқаншақтайтын. Оның үстіне сце­нарийдегі кейіпкер сөзін ұмытпай айту бұл үшін азаптың азабы болды. Оқиды. Жаттайды. Бірақ кинокамера алдына келгенде ұмытып қалады. Бұған: «Мотор». «Дубль». «Стоп», – сөздерінен түк хабары жоқ оның режиссер мен оператордың осылай істе дегенін істей алмай қиналғанын қосыңыз. Қатал Қарсақбаев мұндайды кешірсін бе. Қаққанда қанын, соққанда сөлін алғандай кеп сілкілейді. Ұрып жібермесе де ұрсып, небір ауыр сөздерді жеті атаннан әрі асыра айтады. Бірақ қайтымы тез еді. Бір күні он рет айтса да, ойнай алмаған бір эпизод түсіріліміне күйіп кетіп: «Сенің енді маған қажетің жоқ. Кет! Қалай келсең, солай құры... Түс көліктен!» – деп танымайтын ауыл маңына тастап кеткені бар. «Бәрі бітті, – деп ойлаған бұл сонда. – Енді қайттім? Қалаға қалай, немен барамын? Өстіп ебіл-дебіл боп жылап келе жатқанында, бұрылыстан Абдолла ағасының сары «Москвичі» қайта шыға келгені!.. «Ой, әкем! Көкем! Кешір мені», – деп машинасынан түсіп жатыр. Қолында – қос балмұздақ. Ауыл шетіндегі автостансаға барған соң оның буфетінен шай ішіп, өзіне-өзі келмей ме. Содан сөредегі балмұздақты көріп, Болаттың оны жақсы көретінін біліп, әлгіні сатып ала сала кері бұрылған ғой.

«Балалық шаққа саяхат» кинотуындысы, – дедім мен жоғарыдағы әңгіме аяқтала бергенде кейіпкеріме, – еліміздің қай өңірлерінде түсірілді? Және... Иә, аталған кино жұмысының басталып, аяқталуы қанша уақытқа созылды?» «Үш жерде, – деп іле жауап қатты бұған Болат. – Алдымен ол бұрынғы Талдықорған облысының Панфилов ауданындағы Шежін ау­лынан бастау алды. Атақты сурет­ші Әбілхан Қастеевтің туған жері ғой бұл. Онда содан бір жыл бұрын Абдолла аға үш ай­дан астам уақыт болып, операт­ор Әбілтай Қастеев екеуі «Қилы кезең» көр­кемсуретті фильмін түсірген екен. Сол кезде кинообъективке ілінбей қалған кейбір әдемі көрініс, қайталанбас тұстарды кинорежиссер енді өзінің жаңадан қолға алған мына туындысына пайдалануды ұйғарған сияқты. Содан соң өзіміз сөз етіп отырған кинолента Алматы облысының Талғар, Қарғалы өңірлерінде жалғасын тапты да соңғы түсірілім тағы да Шежін аулында болды. Ал: «Фильм қанша уақытта өмірге келді?» – деген сұрағыңызға келсек, бір жылда толық бітті. Атап айтар жайт, ол уақытта жыл мезгілдері қатаң ескерілетін. Сондықтан сценарист, режиссер, оператор қыс пен көктем, жаз және күз маусымдарының көріністерін талап пен тәртіпке сай күте отырып, фильмді сапалы аяқтап шықты».

«Есіңе түсіріп көрші, – дедім мен әңгі­меміз аяқталуға жақындай бергенде Болатқа. – Сол кинокартинадағы ең бір еркін, өте қуанышты немесе бақытқа толы сәтті сезінген кезің деп нені айтар едің?» Бұған кейіпкеріміз: «Ең бақытты кезім», – деп жалғастырды әңгімесін, – ол фильмді түсіру толық аяқталып, Шежіннен Алматыға бет алған сәтті айтар едім. Рульде – жүргізуші Яша. Қасымда – Абдолла аға. Қолымда ол кісінің: «Жолда қарның ашып қалмасын. Мынаны жей отыр», – деп Жаркенттен сатып әперген қос қарбыз. Астымызда... Ешкімде жоқ «Чайка» автокөлігі! Сенбедіңіз бе? Шын айтамын. Иә, есік пен төрдей ұзын «Чайка». Мұның өз себебі бар. Қандай да бір фильм түсірілетін кезде оны кадрда бейнелейтін оператор ауыр әрі қолайсыз және үлкен киноаппаратураны бұрындары арба не үш аяқты мотоцикл үстіне орнатып, түсірілуге тиіс желген атты адам, кетіп бара жатқан пойыз вагондарымен қатар жүріп отырады екен. Бертін келе мамандар оған брезент жамылғысын алып тастайтын кабинасы да, үсті де ашық әскери уазик автокөлігін пайдаланатын болған. 1965 жылы Үкімет сондай үсті ашық бір машинаны «Қазақфильмге» деп берген ғой. Ол Мәскеудің 50-жылдардың ортасында кеңестік Қазақстан астанасына келген тұңғыш шетелдік қонақтар: Үндістан премьері Джавахарлал Неру мен Бирма елінің басшысы У Нуды алып жүрсін деп берген көнетоз «Чайка» автомобилі еді. Кейін әбден ескірген ол киностудия гаражынан бір-ақ шыққан екен. Техникалық мамандар оны біз қатысып жүрген фильмнің түсіру алаңына алып келгенде, оператор Михаил Аранышевтің қуанышында шек болмады. Енді «Балалық шаққа саяхат» кинолентасының барлық жұмысы біткен соң, жол бойындағы ауыл адамдарын таңғалдырып, оны біз мініп келе жаттық. Міне, сол сәтте мен бақытты болмай, кім бақытты болушы еді!

 

* * *

Киноактер Болат Қалымбетов! Сонау 60-70-80-жылдары «Қазақфильмнің» қара баласы» атанып, кино көгіне бірден емес, біртіндеп көтерілген оның атал­ған саладағы алғашқы жолы міне, біз жо­ға­ры­да сөз еткен «Балалық шаққа саяхат» фильмінен басталған еді. Атап айтатын­ бір жайт, ол Болаттың сол дебюттік қада­мы­нан соң жас, жасамыс режиссер, ак­тер аға­ларының мұны одан кейін де ұмыт­­п­ағандығы. Өздерінің бауырына тар­­тып, қамқор болуы. Мәселен, бірде ол ­мек­теп­тегі сабағынан қайтып келе жатып, 8 март пен Комсомол көшелерінің қиы­лы­сындағы киностудия ауласынан Шәкен аға Аймановты көріп қалады да сәл­ем беруге бұрылады. Сонда бұған риза бол­ған атақты режиссер таяуда шетелден орал­ғанын айтып тұрып, қалтасынан сол уақыттағы бүкіл бала біткенге таңсық 10 дана сағыз алып береді. Сөйтеді де жа­нын­дағы әңгімелесіп тұрған кинорежиссер Шәріп Бейсенбаевқа: «Мына қара бала­ны ұмытпаңдар», – деп ол жаңа қол­ға алған «Қызылтас маңындағы зас­тава» көркем фильміне түсуге дәнекер болады. Тағы бірде мектептегі оқу ісінің меңгерушісі мұны «Қазақфильмнің» бас ре­дакторы Әбіш аға Кекілбаевтың шақы­рып жатқанын айтады. Келсе, Болат­тың сәлемін ықыласпен алған Әбекең қара­мағындағы қызметкеріне: «Шәкен аға айтқан мына қара баланы «Біздің Ғани» кинокартинасына қосайық», – деп қам­қор­лық танытады. Ал орта мектепті біті­ріп, жоғары оқу орнына түсе алмай қалған жылдың келесі жазындағы жағ­дай... Сонда мұның Құрманғазы атын­дағы консерваториядағы актерлік бөлім­нің есігін қаққан кезіндегі оқиға ше? Иә, ол да есінде. Ұмытқан жоқ. Оны атақ­ты Хадиша Бөкеева апайдың өзі жеке қабылдап, мән-жайға қаныққан соң: «Мен бір айлық еңбек демалысына кетіп барамын. Бірақ абыржыма», – дейді. Сөйтеді де оқытушы Әшірбек Сығаевты шақырып алып: «Емтиханда көз қырыңды саларсың. «Қазақфильмнің» мына қара баласы саған аманат», – деген тапсырма береді. Міне, қандай демеу. Қолдау. Қандай қамқорлық!

Сөйтіп жүріп Болат консерваторияны, одан Т.Жүргенов атындағы өнер институтын бітірді. Киноға түсуді де ұмытпай, оны одан әрі жалғастыра берді. Атап айтқанда, «Жаңбыр», «Даладағы қуғын», «Омпа» кинотуындыларынан бастап 20-ға жуық рөлде ойнаған соң өзі де тақырып алып жеке фильмдер түсіре бастады. Олар: «Тамшы», «Соңғы ызғар», «Айналайын!», «Сардар», «Талан» және «Мұқағали» фильмдері. Осы кинотуындылары арқылы қазір жұрт кейіпкерімізді актер ғана емес, кинорежиссер ретінде де танып отыр. Ол сонымен бірге ұстаз да. Профессор, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Болат Қалымбетов Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында актерлік шеберлік сыныбы бойынша сабақ береді.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

АСТАНА