18 Маусым, 2010

СЕНІМ ДАҒДАРЫСЫ – ҚАУІПСІЗДІККЕ ТӨНГЕН ҚАТЕР

498 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Осы күндері Вена қаласында ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік саласын­дағы проблемаларға шолу бойын­ша жыл сайынғы конферен­циясы­ның өтіп жатқаны туралы бұдан бұрын хабарлаған болатын­быз. Бұл маңызды форумның ашылу рәсімінде еліміз Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов сөз сөйледі. Оның айтуынша, бүгінде ЕҚЫҰ өңірі бетпе-бет келіп отырған қауіп­сіздік саласындағы проблема­лардың негізінде сенім дағдарысы жатыр. “Біз өзіміздің басты проб­лемамызды сенім дағдарысынан көріп отырмыз. Қару-жараққа бақылау режімінің іріп-шіруі, созылмалы дағдарыстардың ше­шіл­меуі, ЕҚЫҰ миссиясының Грузияда қалпына келтірілу үдері­сіндегі прогрестің жоқтығы – осы конференция барысында талқы­ланатын негізгі мәселелер. Және олардың бәрі де сенім дағдарысы айқын көрініс бергенін қуаттай­ды”, – деді К.Жигалов. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде біз өзіміздің не­гізгі міндетімізді Ұйымға қаты­сушы елдердің ұстанымын жақын­дас­тыруда және жалпыға ортақ бей­бітшілік пен қауіпсіздік мүддесі тұрғысынан өзара қабылданатын шешімдерді іздестіруде деп білетінімізді де Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары айтып өтті. ЕҚЫҰ-ның 1999 жылғы Вена құжатын жаңарту жөніндегі жұмыс басталып, ол ЕҚЫҰ елдерінің се­нім деңгейін және өзара ынтымақ­тастықтың тиімділігін елеулі түрде арттырады деген үміт артылады. Вена құжаты сенім мен қауіп­сіздікті нығайту шараларына қа­тыс­ты болғандықтан, ол Ұйымға мүше мемлекеттерден қарулы күштер мен әскери қызмет туралы ақпарат алмасуды талап етеді. К.Жигалов ЕҚЫҰ-ның “Кор­фу үдерісі” деген атпен белгілі бо­ла­шақ еуропалық қауіпсіздік тура­лы үнқатысу кооперативтік рухты қалпына келтіру үшін біре­гей мүмкіндік болып табыла­ты­нына және қазақстандық төраға­лық осы үнқатысу мен ЕҚЫҰ қызметінің аясында өзара түсініс­тіктің жоғары деңгейіне қол жет­кізу мүмкіндігі бар екенін атап көрсеткеніне тоқ­тал­ды. Мұндай мүмкіндікті Ресей мен Құрама Штаттар арасында Ядролық қару-жарақты қысқартуға байланысты жаңаша шартпен жұмыс істеу кезінде қол жеткізіл­ген өзара түсіністік қуаттай түседі. Өтіп жатқан конференция Корфу үдерісіне жәрдемдесетіні сөзсіз, бұл тақырып ЕҚЫҰ-ның сырт­қы істер министрлерінің бейресми кездесуінде талқылана­тын болады. Ол шілде айының ортасында Қазақстанның Алматы қаласында өтеді. Конференцияда Қырғызстан­дағы дағдарыс туралы айтылғанда жиналғандар онда адамдардың опат болуына байланысты көңіл айтып, “ЕҚЫҰ-ның ахуалды тұрақ­тандыру жөніндегі күш-жіге­рін белсенді үйлестіру маңызды” екендігі атап өтілді. Грузияға байланысты мәселені талқылау барысында К.Жигалов ЕҚЫҰ-ның өңірдегі рөлін қолдау білдіру тобын құру жолымен кү­шей­ту керектігін атап өтті. “ЕҚЫҰ-ның Грузияда болуын қалпына кел­тіру мәселесі сөзсіз маңызды болып табылады”, – деп К.Жигалов. Жұмыс сессиялары барысында трансұлттық қауіп-қатерлер мен сынақтар, ЕҚЫҰ-ның дағдарыс­­тың ерте бастан алдын алу, жол бермеу және реттеудегі рөлі, дағ­дарыс жағдайларындағы басқару және қақтығыстан кейінгі қалпына келтіру секілді мәселелерге айрық­ша назар аударылды. Күн тәр­тібіндегі мәселелерді талқылау барысында Ауғанстанға қатысты тақырыптар да көтерілді. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, “Егемен Қазақстан” – Венадан. Суретті түсірген Сюзанна ЛОФ.