Туризм • 14 Маусым, 2024

Биіктік тазалықты сүйеді

79 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тау туризмі – дұрыс игере білсек, игілігі көп сала. Дәл қазір әлем елдері тау-қыраттардың тазалығына ерекше мән беріп отыр. Біздің елімізде де бұл мәселе өзекті. Әсіресе туристер көп баратын қыраттағы қоқыстың көптігі тау биігімен таласа бастады.

Биіктік тазалықты сүйеді

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Дүниенің тылсым сырларын біздің бабаларымыз да терең түсінгенін тәмсіл сөздеріне қа­рап білуге болады. «Дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың тілінде тұр» деп Мәшһүр Жүсіп атамыз бекер айтпаса керек-ті. Өйткені қазақта «Бұланнан биік аң жоқ, Бұланайдан биік тау жоқ» деген сөз бар. Сол ең биік Бұланай (Гималай) Непал елінің аумағында. Бұл елдің солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай екі қатар тау жотасы созылып жатыр, арасында үлкен аңғарлар мен қазаншұңқырлар бар. Ал солтүстік және шығыс шекараларында әлемдегі ең биік Эверест (8848 м) пен Кан­ченджанга (8585 м) шыңдары тұр. Бұл тауларға жыл сайын әлемнің әр түкпірінен мыңдаған таушы мен саяхатшы барады. Таулар тылсымға толы. Оны тіп­ті «ажал аңғары» дейтіндер де бар, өйткені талай таушы табанынан таусылған, сөйтіп алып таулардың аңғарында мәңгілікке қалып қойғандар да көп (1992 жылдан қазірге дейін 400-ге жуық адам қайтпай қалған деген дерек бар). «Асқар тау, сенің бір мінің бар» демекші, әлемдегі ең биік, адам аяғы жетпес тау бола тұра, әлемдегі ең лас тау да осы  Гималай болып тұр. Сол себепті мамандар бұл тауды «әлемдегі ең биік қоқыс полигоны» болып барады деп дабыл қағып жатыр. Өйткені тау шыңдары оттегі баллондары, жыртылған шатыр, арқан, сынған бас­палдақ, полиэтилен пакет, бөтелке, консервінің үйіндісіне айналған.

Осыған орай «The Himalayan Cleanup» қозғалысы 2018 жылдан бері әлемнің 50-ге жуық экологиялық ұйымдарымен бір­лесіп, тау тазалығына аса мән бере бастады. Оған әлемнің ерікті азаматтары жұмылдырылады. Оның ішінде біздің елдің де еріктілері бар (14 ерікті қатыс­қан).

2018 жылдан бастап Непал елінің армиясы Гималай тауларында бес рет тазалық жұмыс­тарын жүргізді. Осы уақыт ара­лығында 119 тонна қоқыс, 14 мәйіт және адамның қаңқа сүйектері жи­налған. Ал биыл төрт адам­ның мәйіті, бірнеше қаңқа және 11 тонна қоқыс шыққан. Сарапшылардың пікірінше, Эве­ресте әлі 200-ден аса адам мәйіті мен 50 тонна қоқыс бар деседі.

Биыл Непал билігі альпинис­терді іздеу және қоқыс тазалау жұмыстарын күшейтті. Олар туристер мен альпинистерге ба­қылау құрылғыларын орнатып, қоқысты жоғарыдан әскери тікұшақпен алып кетуді (тазалауды) қолға алды. Непал туризм департаментінің альпинизм жөніндегі директоры Ракеш Гурунг бұл мәселені шешуге арнайы бақылаушы топ құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

2024 жылы мамыр айында аяқталған көктемгі альпинизмге Непал үкіметі шыңға шықпақ болғандардың 421-іне рұқсат берген. Өйткені биыл Непалдың Жоғары соты Эвереске шық­қысы келетін таушылардың ли­­цензия санын азайтты. The Daily Star дерегіне сәйкес, биыл Эвереске 600-дей таушы көте­рілген. Оның сегізі қаза тапты, оған қоса із-түзсіз жо­ға­лып кеткендері де бар.

Жалпы, тауға таза­лық жүргі­зу­дің қи­ындығын шендес­тіретін теңеу жоқ. Оған техника мен мол адам күші қажет етілетіні белгілі. Өйткені Гималай шың­­дарының климаты әркелкі. Әдетте аль­пи­­нистер жоғарыға көтерілген кезде жер сілкінісі, су тасқыны, қар көшкіні секілді табиғи кедергілерге тап болады. Таудың жоғары бөлігінде оттегінің же­тіспеушілігі мен желдің қатты соғуы талай таушының өмірін қиды.

Осы жайттарды ескере отырып, ерікті та­за­лаушылардың жұмысын жеңілдету мақсатында 2014 жылдан бастап Непал тарапы базалық лагерьден (5 300 м) жоғары көтерілген әрбір альпинист таудан кемінде 8 кило қоқыс шығаруы керек деген талап енгізді. Ал Қытай тарапы – тауда адам мәйітін көбейтпес үшін кәсіпқой емес таушыларға (Эвереске шығуға) лицензия бермейтін болды.

Тау тазалығы дегенде, өз елі­міздегі таулардың да жайы еске түседі. Тіпті бізде тау туризмі деген арнайы сала барын біреу білсе, біреу біле бермес. Еліміздің биік шыңдары – Хан Тәңірі (6995 м), Меридиан жотасы (6276 м), Талғар шыңы (4973 м), Шоқтал тауы (Күнгей Алатау 4770 м), Бесақан тауы (4622 м), Іле Алатауы (4600 м), Мұзтау шыңы (Алтай тауы (4506 м), Манас шыңы (Талас (4482 м), Сауыр тауы (3818 м). Оның ішінде турис­тер мен таушылар көп баратын таулар – Алатау шатқалдары мен Алтай таулары. Туристер жүрген жер тап-таза тұр деу қиын. Өйткені туристер көп баратын Мұзтауда жыл сайын тазалық жұмысы жүріп тұрады.

Мұзтаудың Ресей еліне қа­райтын жағының тазалығымен айналысатын Константин Елан­цевтің айтуынша, жылдар бойы жиналған қалдықтарды тек тік­ұшақпен ғана шығаруға болады. Сондай-ақ ол әр жыл сайын 100-ге жуық қап қоқыс шығаратынын айтады.

Ал «Іле-Алатау» мемле­кеттік ұлттық табиғи паркінде тау туризмін дамыту және та­биғатты таза сақтау мақсатында қал­дықтарды бөліп жинау алаң­дарын жасақтау қолға алынды. қазір Іле-Алатау баурайы тұрмыстық қалдықтарды жинаудың инфра­құрылымын толыққанды жа­сақ­таған еліміздегі алғаш­қы ұлттық саябақ болып тұр. Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің мәлі­метінше, ұлттық парк аумағында барлығы 31 жаңа қалдық алаңы орнатылып, ӨКМ операторы 225 контейнер қойған.

Ресми деректерге сенсек, Ұлттық паркке жылына 300 мыңнан аса саяхаттаушылар келеді екен. Сондықтан 2030 жылға дейін парк аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау деңгейін 85%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. «Қазір қалдықтарды тастайтын алаңдар: Алма-Арасан, Мұз­тау, Қимасар, Аққайың, Қас­ке­лең, Ақсай, Есік, Түрген, т.б. шатқалдарда орнатылды», дейді «Іле-Алатау» МҰТП қыз­меткерлері. Олардың айтуынша, келушілер жиі қоқыс қалдырады, темекі тұқылын тастайды, жаққан отын өшірмейді, тіпті вандализм фактілері де кездесетін көрінеді.

Ал жуырда басталған «Таза Қазақстан» республикалық акция­сы аясында тазалық жұмыстары тек қала маңында ғана емес, біз айтып отырған таудағы тазалық мәселесіне де отандастарымыз кірісіп кетті. Оның бір айқын дәлелі – Жамбыл облысы Меркі ауданындағы тау шатқалында жүргізілген тазалық жұмыстарын айтуға болады. Бауымыз да, тауымыз да таза тұрсын десек, бұл игі бастама басқа да таулы өлкедегі отандастарымызға үлгі болуға тиіс.