Робот-саусақ адам саусағына ұқсайды әрі қозғалады. Ғалымдар дененің тәуелсіз бөліктері мидың қозғалыстарына қалай жауап беретінін анықтағысы келген. Кембридж ғалымдары бес күн ішінде тестілеуге әртүрлі демографиялық топтардан 3 пен 96 жас аралығындағы 596 адам қатыстырған. Тек төртеуі ғана құрылғыны пайдалана алмады, себебі қолына сәйкес келмеді. Ал қалғандары оңай икемделіп кетті. Зерттеу көрсеткендей, адам жасанды саусақты кисе, заттарды оңай алады, жұмысты тез істейді. Себебі ми жасанды аяқ-қолдарды дененің қарапайым бөліктері ретінде қабылдайды. Болашақта бұл дүние сатылымға шықса, таңғалмаңыз.
Кермеге керемет тартылады
Гиннестің рекордтар кітабына енген тағы бір отандасымыз туралы сөз қозғамақпыз. Ол – Шахтинск қаласының тұрғыны Руслан Фатахов. Кермеге тартылудан бес жаңа рекорд орнатып, әлемді таңғалдырған.
Руслан алғашында грек-рим күресін жақсы көрген. 16 жасында стритлифтингпен айналысып бастаған. Содан Гиннестің рекордтар кітабына «қосымша салмақпен тартылу» аталымына өтінім берген. Осы аталымдағы барлық жеті рекордты жаңартамын деп мақсат қойған. Қажырлы жігіт қалауына жеткен. «Спорт – менің өмір салтым. Жеңіске жеткенді, бірінші болғанды жақсы көремін. Стритлифтинг – өз-өзіңмен күресу. Басында артық салмақпен көтеріле алмадым, бірақ ауыр жаттығулар өз нәтижесін берді. Тіпті дене салмағыма +32 кило кермеде тартылуда әлем чемпионы атандым. Чемпионат Киевте өтті», деді Руслан.
Серуендеп жүріп, тираннозавр тапқан
Дала кезіп жүріп, құнды зат тауып алатындар туралы жиі естиміз. Ал мына отбасы серуендеп жүріп, тираннозаврдың сүйектерін тауып алған.
Бұл оқиға былай болған деседі. 45 жастағы Сэм Фишер екі ұлы мен жиенін 2022 жылдың шілдесінде Солтүстік Дакотадағы Бадлендс ұлттық саябағына шағын серуенге апарған. Серуендеп жүріп, 12 жасар Джесси, тоғыз жасар Лиам және 11 жасар Кейден бір қызыққа тап болады. Бір ағараңдаған үлкен дүниенің ұшын көріп, қаза бастайды. Сөйтсе, ол тираннозаврдың сүйектері болып шыққан. Ұлдар құнды нәрсе тапқанын түсінгеннен кейін бірден әкесіне хабарлайды. Солай ғасырларды еңсерген сүйектер мұражайға тапсырылып, көрермен көзайымына айналған.