Үкімет • 15 Маусым, 2024

Сот жүйесін жетілдіру – уақыт талабы

122 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысы өтіп, онда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды.

Сот жүйесін жетілдіру – уақыт талабы

Депутаттар ел Президентінің сот төрелігін іске асыру сапасын қамтамасыз ету және судьялардың біліктілігін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында заң жобасына бастамашылық жасаған болатын. Конституциялық заңның мақсаты – тиісті заңнамалық тетіктерді әзірлеу, құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету және сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, сондай-ақ сот қорғауына құқықты іске асырудың құқықтық кепілдіктерін күшейту арқылы сот жүйесін одан әрі жетілдіру.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров өз баяндамасында құжат Сот жюриінің жұмысын жетілдіруге және сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияны қайта қалыптастыруға бағыт­талғанын айтты.

Оның сөзінше, заң жобасы­на енгізілген түзетулерді 3 ба­ғытқа бөлуге болады. Бірінші бағыт – Сот жюриінің жұмысын жетілдіруге қатысты. «Сот жю­риі­нің сот ісін қарауы кезін­де заңдылықтың өрескел бұзы­луы­ның әрбір фактісі бойынша судьяға қатысты тәртіптік іс материалдарын тексерудің жаңа тетігі енгізіледі. Бұл судьялар тарапынан заң бұзушылықтарды болдырмауға оң әсерін тигізетін болады. Ұсынылып отырған норма шеңберінде, жоғары тұрған сот тарапынан төменгі тұрған соттың істі қарауы барысында заңдылықтың өрескел бұзылу фактісі анықталған жағдайда, облыс­тық немесе Жоғарғы соттың төр­ағасы тиісті пленарлық оты­рыс­та судьяны тәртіптік жауапкер­шілікке тарту немесе тартпау туралы мәселені талқылау жөнінде Сот жюриіне ұсыныстар береді. Пленарлық отырыстың қандай да болса шешіміне қара­мас­тан, заңды­лықтың өрескел бұзылу факті­лері бойынша барлық мате­риал тексеру үшін Сот жюриі­не жіберілетін болады», деді ол.

Н.Бекназаров қазіргі уақытта тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы шешімдерді Жоғарғы сот­тың және облыстық соттар­дың пленарлық отырыстары қа­был­дайтындықтан, іс жүзінде Сот жюриіне осындай бұзушы­лық­тардың азғантай ғана бөлігі, атап айтқанда, 26%-ы ғана қарауға түсетінін жеткізді. Сондықтан тәртіп­тік істер бойынша жүктеме­нің ұлғаюы мүмкін деген болжамға байланысты Конституциялық заң жобасымен Сот жюриінің құрамын 9-дан 15 мүшеге дейін ұлғайту қарастырылған, оған 13 судья, сондай-ақ кеңесші да­уыс беру құқығы бар заңгерлер қауымы­ның 2 өкілі енеді.

Түзетулердің екінші бағыты – сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібін өзгерту. «Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүзеге асырып келген өлшемшарт­тар қатарынан бірнеше талап, оның ішінде «адамгершілік қасиеттері» өлшемшарты алынып тасталады. Себебі ол бо­йынша бағалауды Сот жюриі, судья әдебі жөніндегі комиссия және пленарлық отырыстары да жүзеге асырады. Іс жүзінде бұл тәртіп бойынша судья бағалау­дан қайталанып өтіп отырған. Конституция­лық заң жобасы бо­йынша судья­ның кәсіби қызметін бағалау­ды қолданыстағы нормаларда қарастырылғандай біржыл­дық қызметінің нәтижелері бо­йынша емес, алғашқы үшжыл­дық нәтиже бойынша жүргізу ұсынылады. Өйткені судьялар 1 жыл ішінде олардың кәсіби біліктілігін толыққанды бағалау үшін жеткілікті көлемде істерді қарап, тиісті тәжірибе жинақтап үлгермейді», деді Н.Бекназаров. 

Сонымен қатар екінші бағыт ішінде сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияға қарау нәтижесі бойынша судьяны атқаратын лауазымына сәйкес деп тану туралы шешім шығару және оны Сот төрелігі академиясының біліктілікті арттыру курстарына жолдауына қатысты өкілеттіктер берілуі ұсынылады. «Бұл тетік судьялар корпусының сапасын арттыруды көздейді. Мысалы, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімдерін Жоғары Сот Кеңесі қарайды. Өз кезегінде, Жоғары Сот Кеңесі тиісті шешімдер қа­был­дайды, яғни судьяны атқа­ра­­тын қызметінен босату немесе одан бас тарту туралы, судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы және тағы басқалар» деді ол.

Түзетулердің үшінші бағы­тында судьялардың тәуел­сізді­гін қамтамасыз ету тұр­ғысынан олар­дың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мәселелері қарастырылған. Атап айтқанда, Конституциялық заң жобасында отставкадағы судьяларға өмір бойғы қамтылым төлемінің мөлшеріне қатысты түзетулер қаралады, сонымен бірге судьяның сот жюриіне жіберілгенге дейін барлық материалмен танысу мүмкіндігін, сондай-ақ тәртіптік істі қарауға жеке өзінің немесе өкілінің қатысуы арқылы судьяның құқықтарын толыққанды қорғауға кепілдіктер беретін нормалармен толықтырылады.

Бірлескен отырыста қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов сот-құқықтық реформаның негізгі бағыты – сот төрелігіне қолже­тім­ділікті қамтамасыз ету екенін айтты. «Осы қаралып жатқан заң­намалық өзгерістер судья кадр­ларының сапасын арттыруға және олардың сыртқы және ішкі тәуел­сіздігін қамтамасыз етуге жағ­дай жасайды. Сонымен қоса заң жобасын қабылдау Пре­зидент тапсырмалары шеңберінде жүр­гізіліп жатқан реформалар­ды іске асыруға және судьялар кор­пусы­ның жай-күйін жақсар­туға ықпал ететініне сенім­дімін» деді ол.

Парламентшілер Консти­туциялық заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін Парла­мент Палаталарының бірлескен комиссиясын құру туралы шешім қабылдады. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық рефор­ма комитетінің төрағасы Снежанна Имашева басқаратын комиссияның құрамына сенаторлар Нұрлан Бекназаров, Андрей Лукин, Айнұр Арғынбекова, сондай-ақ мәжілісмендер Абзал Құспан мен Үнзила Шапақ енді.