Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Транзиттік тасымалдау көлемі 1,7 есе өсті
Кейінгі бес жылда елімізде ірі теміржол жобаларын ауқымды іске асыру қолға алына бастады. Әсіресе Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы қарқын алса, Алматы стансасын айналып өтетін жол, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз жаңа желілері ел экономикасына елеулі үлес қосуға тиіс. Жалпы, бес жыл ішінде еліміздегі транзиттік тасымалдау көлемі 2019 жылғы 19,4 млн тоннадан 2023 жылғы 32,3 млн тоннаға дейін 1,7 есе өсті. Теміржол саласындағы инновацияларды енгізу аясында «Huawei», «Wabtec», «Alstom», «PSA» сынды әлемнің алпауыт компаниялары тартылды.
Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жұмыстары да ойдағыдай іске асып, үздіксіз «жасыл дәліз» енгізілді. Жүктерді тасымалдау уақыты 2 есеге (28–30 күннен 14 күнге), Қазақстан аумағы арқылы 5 күнге дейін қысқарды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 31 мамыр күні Ғылым ордасында ғалымдармен өткен кездесуде сөйлеген сөзінде еліміздің орасан зор көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану керектігін баса айтты. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағыты әлемдік саудада мол мүмкіндікке жол ашатынына айрықша тоқталды.
– 2027 жылға қарай осы дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Еліміздің Еуразиядағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін нығайту үшін автокөлік, әуе және теміржол тасымалын дамытқан жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Осы жылдың 28 ақпанында ҚХР-дың Сиань құрғақ портында Көлік-логистикалық орталық іске қосылғанын да айта кеткен жөн. Ол Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы контейнерлік пойыздардың жалпы көлемінің 40%-ын құрайды. Қысқасы, Қазақстан мен Қытай үкіметтері халықаралық автомобиль тасымалы көлемін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Еуропа бағытына арналған контейнерлік пойыздар тасымалын жетілдіруге білек сыбана кірісіп отыр. Бұл ретте Мәжіліс 29 мамырдағы жалпы отырысында екі ел арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялаған заң қабылдағанын айта кеткен жөн.
Жаңа келісім ақпараттық технологияларды енгізуді, тасымалдар үдерісін жетілдіруді, сондай-ақ екі ел аумағына автокөліктердің емін-еркін ішкерілей кіруін қамтамасыз етпек. Осылайша, отандық автотасымалдаушылар үшін жүк шоғырланатын ірі қалаларға, сондай-ақ Қытайдың халықаралық теңіз порттарына дейін бару мүмкіндігі ашылды.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, осы күнге дейін қос тарап жылына тек 50 мыңдай ғана рұқсат беріп келсе, жаңа келісіммен келген цифрлық жүйенің арқасында былтыр рұқсат құжатын 113 мыңға көбейте алған. Биылғы меже – 200 мыңға көбейту. Осылайша, екі ел арасындағы тасымал көлемі төрт есеге артатын түрі бар.
– Бұдан бұрынғы келісімге сәйкес қос мемлекеттің жүк көліктері тек шекара маңындағы қалаларға ғана кіре алатын. Ал енді қазір біздің көліктер Қытайдың кез келген қаласына бара алады. Бұл – жетістік. Яғни өзіміздің тауар тасымалдаушылардың енді шығыстағы көршінің ірі порттарына тікелей кіріп-шығуына мүмкіндік туды. Оған қоса Қытай біздің аумақтағы Транскаспий көлік дәлізі арқылы өтетін болады, бұл біздің транзиттік әлеуетімізді өзгертеді. Ерекше айтып өтетін бір жайт, осы уақытқа дейін Қытай Халық Республикасы бірде-бір елге өз жеріне өзге ел көліктерінің емін-еркін кіруіне рұқсат етпеген. Мұндай мүмкіндік Қазақстанға беріліп отыр. Бұл былтыр Мемлекет басшысының Сиань қаласына жасаған мемлекеттік сапары аясындағы келіссөздер нәтижесінде жүзеге асты, – дейді Марат Кәрімжанұлы.
Қазақ-қырғыз шекарасында сауда-логистикалық кешен құрылмақ
Ал Мәжіліс жуырда ратификациялаған тағы бір келісім арқасында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу бекеттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісім аясында қазақ-қырғыз шекарасында индустриялық сауда-логистикалық кешен салынатын болды. 25 жыл мерзімге жасалған осы келісім қос ел шекарасы маңындағы ауыл-аймақ тұрғындарының тұрмыстық әл-ауқатын арттыруға үлкен септігін тигізуге тиіс. Бұл мәселе де Қырғыз Республикасы президенті С.Жапаровтың осы жақында Астанаға ресми сапармен келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақордада өткізген келіссөздер кезінде талқыланған болатын.
Сонымен қатар 2019–2023 жылдар аралығында ел аумағында 35 мың шақырымнан астам жол салынып, жөнделді. Осы кезеңде республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі тиісінше 92%-ға және 87%-ға дейін ұлғайтылды.
Соңғы 5 жылда еліміздің үлкен жолдарында 200-ден астам жол бойындағы сервистік нысан пайда болды. Сөйтіп, ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының үлесі 52%-дан 82%-ға арта түсті. Бұл – көңіл марқайтарлық көрсеткіш.
Бұдан бөлек бес жыл ішінде ҚХР, Грузия, Армения және Қырғызстанмен халықаралық автомобиль тасымалдары туралы халықаралық келісімдер ратификацияланып, үкіметаралық келісімдер жасалды.
Қалалық жолаушылар тасымалындағы автобустардың жағдайына келетін болсақ, соңғы 5 жыл ішінде қоғамдық көліктердің тозуы 20%-ға (2019 жылғы 53%-дан 2023 жылғы 33%-ға дейін) азайды. Өткен жылдың соңында отандық әуе компаниялары 13,3 миллион жолаушы тасымалдаса, бұл 2019 жылмен салыстырғанда (8,6 миллион жолаушы) 55 пайызға артық.
Тәуелсіз еліміздің тұңғыш әуежайы
Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейі 74%-дан 82%-ға дейін өсті, бұл орташа әлемдік деңгейден 15%-ға артық.
2020 жылы Түркістанда әуежай салынды. Бұл әуе қақпасы тәуелсіз Қазақстан тарихына еліміз азаттық алғалы жоқтан бар жасап, өз күшімізбен салған алғашқы жаңа әуежай болып жазылды. Дегенмен бұл салада әлі де көңіл көншітпейтін мәселелер баршылық. Мұны Президенттің өзі күні кеше туризмді дамыту жөнінде өткізген кеңесте атап өтіп, тиісті тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы демалыс орындарымен логистикалық байланыстың нашарлығы ішкі туризмге ғана емес, шетелдік қонақтардың да келуіне әсер ететінін нақтылап айтты.
– Шетелдік туристердің 90 пайызына жуығы көршілес ТМД елдеріне тиесілі. Алыс шетелден келетін туристер әзірге аз. Алдағы бес жылда елімізге келетін туристер санын екі есе, тіпті үш есе арттыруға мүмкіндігіміз бар. Әуе тасымалы саласын дамыту қажет. Ең алдымен, танымал әуе бағыттарындағы лоукостерлердің санын көбейту керек. Қазір Қазақстанның жолаушылар тасымалы құрылымындағы лоукостерлердің үлесі – небәрі 21 пайыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, Грузия мен Әзербайжанда бұл көрсеткіш 56 және 37 пайызды құрайды, – деді Мемлекет басшысы.
Ауғанстанның транзиттік әлеуетінің тиімділігі
2021 жылы Ауғанстан билігіне «Талибан» қозғалысының мүшелері келгелі әлемдік қауымдастық ол елмен байланысты барынша үзіп, тіксініп қалғаны белгілі. Дегенмен Қазақстан уақыт өте келе Ауғанстанға қатысты ұстанымын аздап жібіте түсті. Сыртқы істер министрлігі «Талибанның» елімізде тыйым салынған ұйымдар тізімінен алып тасталғанын мәлімдеп, Қазақстан бұл қадамға Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына қарап барғанын хабарлаған. Осылайша, Қазақстан былтырдан бері Ауғанстанның негізінен көлік инфрақұрылымын дамыту жобаларына қатысып, аталған елмен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға мүдделілік танытып келеді.
Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Мұхит Асанбаевтың айтуынша, Ауғанстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай күрделі болып қала бермек. Өйткені елде ұзақ жылдар бойғы соғыстан кейін өмірге өте қажет жол-көлік инфрақұрылымы, кәсіпорындар мен өндірістер жоқ.
– БҰҰ және бірқатар шетелдер тарапынан Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек жеткізу жалғасуда. Бұл істе Қазақстан үкіметі де артта қалмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, Қазақстанның Ауғанстанмен ынтымақтастығындағы басты назар гуманитарлық құрамдас бөлікке аударылды. Осыған байланысты Астана Кабулға ауқымды көмек көрсетуді жалғастыруда, – дейді ҚСЗИ бас сарапшысы.
Оның айтуынша, Қазақстан Ауғанстанмен сауда-экономикалық салада өзара әрекеттестікті арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға дайын. Осыған байланысты Қазақстан тарапы Гератта өзінің сауда өкілдігін ашып отыр.
– Оның негізгі міндеттері – сауда-экономикалық қатынастарға жәрдемдесу және екі елдің тауар айналымын ұлғайту, өңірлік телекоммуникациялық, көліктік және логистикалық байланыстарды дамыту, Ауғанстанның транзиттік және шекара маңындағы әлеуетін өңір елдерімен сауда жасау үшін пайдалану, ел экономикасына инвестициялар тарту, – деген Мұхит Асанбаевтың сөзінің жаны бар. Өйткені қос ел арасындағы сауда-экономикалық, көлік және энергетика салаларындағы, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық әлеуеті әлі толық көлемде іске қосылмаған.
Қазақстан Үкіметі делегациясының биылғы сәуір айының соңында Ауғанстанға жасаған сапарындағы негізгі мәселелердің бірі – бірлескен көлік мүмкіндігін кеңейту еді. Қазақстан және Ауғанстан премьер-министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Абдулании Барадардың Кабулдағы кездесуінде тараптар Орталық және Оңтүстік Азияны интеграциялау жобаларындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілік танытқан болатын.
Жоба Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында жүктерді жеткізу уақытын 10 есеге қысқартуға, сондай-ақ жүктерді тасымалдау құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Одан бөлек, сол жолғы сапарда Қазақстан, Ауғанстан және Түрікменстан Үкіметі Ауғанстандағы транзит пен көлік инфрақұрылымын бірлесіп дамытуға келіскен болатын.