Аймақтар • 14 Маусым, 2024

Су басқан саяжайдан – жаңа пәтерге

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында су тасқыны салдарынан жалғыз баспанасы жарамсыз деп танылған тағы 12 саяжай тұрғыны баспаналы болды. Жаңа пәтерлер демеушілер қаржысына сатып алынды.

Су басқан саяжайдан – жаңа пәтерге

Жалпы, Орал қаласында күні бүгінге саяжайдағы жалғыз үйлерін су басқан 71 отбасына баспана берілді. «Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады», дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.

Биыл көктемде су тасқыны кезінде Орал қаласы маңындағы 8 732 саяжай үйі су астында қалды. Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді тапсырған болатын.

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаржылық ұйымдар мен демеушілер өңір­дегі зардап шеккен тұрғындарға қолұшын созды. Саяжай аумағын­дағы жалғыз баспанасы суға кетіп, апатты деп танылған тұрғындарға жаңа үйлер сатып алу және салу бойынша жұмыс қызу жүріп жатыр. Суға кеткен саяжай үйлерінің 2 579-ы – «жалғыз баспана» деп танылған болатын.

Суға кеткен саяжай үйінің бірі қала іргесіндегі Комарово саяжай қоғамының тұрғыны Айнаш Сәменованың жалғыз бас­панасы еді. Комиссия шешімімен оның үйі «жарамсыз» деп танылған. Бүгін ол жаңа пәтеріне кірді.

«2017 жылы Комарово саяжайынан үй салып, отбасымызбен тұрып жатқан едік. Көктем­гі тасқын кезінде үйімізді су басты. Қазір, міне, жаңа пәтердің кілтін қолымызға алдық. Қаланың орталығында жаңа үйде тұра­мыз деп күткен жоқпыз. Осындай жағ­дай жасаған Мемлекет басшысына алғысым­ды білдіремін», – деді ол.

 

Батыс Қазақстан облысы