Жалпы, Орал қаласында күні бүгінге саяжайдағы жалғыз үйлерін су басқан 71 отбасына баспана берілді. «Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады», дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.
Биыл көктемде су тасқыны кезінде Орал қаласы маңындағы 8 732 саяжай үйі су астында қалды. Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді тапсырған болатын.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаржылық ұйымдар мен демеушілер өңірдегі зардап шеккен тұрғындарға қолұшын созды. Саяжай аумағындағы жалғыз баспанасы суға кетіп, апатты деп танылған тұрғындарға жаңа үйлер сатып алу және салу бойынша жұмыс қызу жүріп жатыр. Суға кеткен саяжай үйлерінің 2 579-ы – «жалғыз баспана» деп танылған болатын.
Суға кеткен саяжай үйінің бірі қала іргесіндегі Комарово саяжай қоғамының тұрғыны Айнаш Сәменованың жалғыз баспанасы еді. Комиссия шешімімен оның үйі «жарамсыз» деп танылған. Бүгін ол жаңа пәтеріне кірді.
«2017 жылы Комарово саяжайынан үй салып, отбасымызбен тұрып жатқан едік. Көктемгі тасқын кезінде үйімізді су басты. Қазір, міне, жаңа пәтердің кілтін қолымызға алдық. Қаланың орталығында жаңа үйде тұрамыз деп күткен жоқпыз. Осындай жағдай жасаған Мемлекет басшысына алғысымды білдіремін», – деді ол.
Батыс Қазақстан облысы