«Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты. Әрине, азаматтардың экологиялық сауатын көтеру де маңызды», деді Мемлекет басшысы.
Президент айрықша назар аударып отырған экологиялық жағдайы қиындаған тараптың бірі – Көкшенің күміс көлдері. Әсіресе Шортанды мен Айнакөл. Мамандардың есептеуіне қарағанда, былтырғыдай құрғақшылық жылдары көл суының көп мөлшері буға айналып, ұшып кетеді екен. Оның үстіне «жығылғанға жұдырық» дегендей, Сарқырама мен Сарыбұлақ өзендері тоқырап, жылап ағатын болғалы Бурабай көлдерін үстемелей толықтыратын су аз. Қар мен жаңбыр суы көлге жете алмай, сай-салаға сіңіп кетеді. Себеп, табиғи су жолдары ретсіз салынған ғимараттармен жабылып қалған. 1960 жылдардағы жағдаймен салыстырғанда Шортанды көлінің деңгейі 6-7 метр төмен түскен. Алғашқы жағалаудан 700-800 метрге дейін қашықтаған.
Деректерге назар салсақ, өткен ғасырдың басында Бурабайдың ай жүзіне кіреуке түспей, мөлт-мөлт етіп бұла күйінде тұрғанда осы өлкеге ат басын бұрған белгілі саяхатшы В.Семеновтің еңбегінде Шортанды көлінің ұзындығы – 7 верст, ені – 5 верст, тереңдігі 2 аршын болғандығы көрсетілген. Саяхатшы көлдегі балықтың көптігіне таңғалған. Осы бір көріністі бүгінгі жаймен салғастыра безбендесеңіз, өкініш өзегіңізді өртер еді. Жыл өткен сайын Бурабай көлдерін толықтыратын су көздері азайып, көл түбіне шөккен шіріген қамыс пен қоғаның салдарынан табанындағы бұлақ көздері бітеліп, аянышты күйге түскен. Оқырманға түсінікті болуы үшін 1 верстың – 1,0668 шақырым екенін айта кетсек артықтығы болмас. Көл суы кемімес үшін ағын су жиналатын ауқым да атшаптырым болуы керек сыңайлы. Осы арада ескере кететін бір жайт Бурабай көлдері негізінен қар және жаңбыр суымен қоректенеді. Ал ол сулардың көлге құюына экология мәселесін ескермей салынған асфальт жолдар бөгет болып тұр.
Әулиекөлдің жайы да осы. Бұл көлдің су құрамына байланысты өсімдіктер көп өскен. Кейін шіріп, табанына шөге бастады. Иманай ағындысы тартылды, көлге құйылуы тоқтады. Міне, осыдан кейін көл суы жағалаудан қаша бастады. Ендігі амал – бір кезде толықсып жатқан көлдер мен булықсып аққан бұлақтарды табиғи қалпына келтіру үшін кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізген ләзім. Ең алдымен, барлық кедергі мен көлеңкелі жайларды анықтап, көлге қиянат жасап тұрған кейбір ғимараттардан арылу керек шығар.
– Асылында адамдар өзінің туған үйі іспетті төл табиғатты аялап, құрметтеуге тиісті, – дейді Ақмола облысының құрметті азаматы Болат Жанәділов – Соңғы жылдары көркем табиғаттың кескіні жүдеп бара жатқанын көріп жүрміз. Елдің азаматы ретінде жанымыздың ашитыны да рас. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өте дұрыс айтып отыр. Табыс табамын деп табиғатқа тақсірет тарттыруға болмайды. Бұл байлықтың ішінде келер ұрпақтың да сыбағасы бар.
Иә, Бурабай баурайына бір маусымда миллиондаған турист келеді. Адам аяғы көп болған соң табиғаттың ай жүзіне кіреуке түсетіні де ақиқат. Шынтуайтында, Бурабайдың жүктемесін азайту үшін туризмге қолайлы өзге өңірлердің де мүмкіндігін пайдалану керек шығар. Мәселен, ажарлы, сұлу Сандықтау өңірі. Бурабай мен Зерендідей емес, бұл жерде адам аяғы сирек. Тұмса табиғаттың тұнығы бағзы замандағы уыз қалпында деп айтуға болады. Көзін тапқанға туризмді дамытудың мүмкіндігі де мол. Қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген, ақ бұлағы шөліркеген, кенезесі кепкен көркем даланың таңдайын жібітіп, күні-түні ағып жатқан Сандықтау ауданының көлемі 6,4 мың шаршы шақырым, автомобиль жолдарының ұзындығы 777 шақырымға тең. Оның 68 шақырымы – республикалық маңыздағы, 135 шақырымы – облыстық маңыздағы жолдар. Тау етегіне, табиғат қойнауына баратын таспадай тегіс жол тартылса, жол бойында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылса, кірпияз туристің көңілінен шығатын демалыс орындары салынса, дәл осы жерде табысты туризмді тәп-тәуір ұйымдастыруға болар еді. Табиғаты сылаң қаққан Сандықтау төсіндегі Жабай, Сарқырама, Жыланды, Ащылы, Атыжоқ, Қоңыр өзендерінің шалғыны белден келетін жағалауы қандай. Новоникольск, Жақсы-Жалғызтау, Құмдыкөл тәрізді тұщы суы мөлт-мөлт етіп жатқан, ақ балығы тайдай тулаған айдындары да бар. Балықшылардың айтуына қарағанда, балықтың жиырмадан астам түрі өрістейді. Жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде жергілікті жұртты әбігерге салатын Жабай өзеніне тайдай толқындары қос жағалауды кезек түсіріп, Сарқырама мен Ащылы өзендері қосылады. Үш өзеннің түйіскен жері қалы кілемдей құлпырған, мың түске боялып, көз арбайтын көркем бір сурет.
Сандықтаудың орман көлемі – шамамен алғанда 70,8 мың гектар алқап. Негізінен ауданның солтүстік жағында орналасқан. Келімді-кетімді кісінің аздығынан жаз айларында жеміс-жидегі көз арбап, киіздей тұстасып жатады. Құстың да жүзден астам түрі бар. Ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның ішінде марал, қасқыр, түлкі, тиын, қоян, суыр, борсық, қарсақ жортып жүр. Кейбір дерекке қарағанда, осы орманның ішінде аю да мекен еткен деседі. Ең соңғысын 1897 жылы Рябухин деген аңшы атып алыпты.
Ауданда 4 қонақүй, 8 қонақжай бар. Он беске жуық қоғамдық тамақтандыру орыны жұмыс істейді. Балқашин селосында жеке кәсіпкерлер дәмханалар салып жатыр.
Ал көне тарих қазынасы тұнып тұр. Бір ғана мысал келтіре кетелік, Кенесары ханның соңынан еріп бар ғұмырын ат жалында өткізген есіл ер Шамай батырдың кіндік қаны осы топырақта тамған. Жер бесігі де Маралды орманының бір мүйісінде. Батырдың бейітіне барып құран оқимын деушілердің қарасы көп. Былтыр Шамай батырдың бейітіне жеткізер жол ішінара жөнделді. Тағы бір тағылымды тұлға – Кенжебай батыр. Есіл ердің ерлігі атақты Мәшһүр Жүсіптің «Мес» жинағында баяндалады. Бейіті Меньшиковка селосынан алты шақырым жерде. Міне, осындай мүмкіндікті пайдаланып, Бурабай баурайындағы жүктемені сәл азайтсақ, төл табиғатымыздың тұмса қалпын сақтап қалар ма едік?
Ақмола облысы