Фото: travelpress.kz
Иә, расында туризм сөзбен ғана айтып, жылы жауып қоя салатын сала емес. Мемлекет басшысы осыны меңзеп отыр. Президент ескерген мәселелердің ішінде логистиканы айталық. Туристік орындар шетелдік туристер үшін ғана емес, өзіміздің ел азаматтарына да жайлы болуы керек. Олардың демалыс аймақтарына ыңғайлы көлікпен алаңсыз жетіп, жақсы орынды сайлауына мол мүмкіндік болса жақсы. Тағы бір мәселе, елде туристік нысандардың санын көбейту үшін инвесторларға қолдау көрсету жағы ақсамауы тиіс.
Кейінгі жылдары өңір басшылары бірнеше негізгі салаға инвестор тартуға басымдық бере бастаған еді. Енді осы қатарға туризм саласы да қосылғалы тұр. Бұған қоса туризм инфрақұрлымын дамыту үшін жеке бағдарлама, жүйелі жоспар қажет. Кеңесте виза, миграция мәселелерін шешумен қатар, елімізді халықаралық деңгейде насихаттау жағы назардан тыс қалмады. Шыны керек, бізге жақын Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан мемлекетін алып қарасақ, олар осы жұмысқа бізден ерте кірісіп, қазір туризмге қолайлы ел ретінде танылып үлгерді. Бізге де көршілеріміздің белсенділігі оң әсер етеді. Бірақ біз бұл игілікті көру үшін олармен осы салада тығыз байланыс орнатып, елімізді халықаралық дейгейде танытуға күш салуымыз қажет. Осы мәселелер көп кешікпей реттелсе, туризмге серпін берері анық.
Даниел Сержанұлы,
«Kazakh Tourism» ҰК» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары