«Таза Қазақстан» • 15 Маусым, 2024

Тәлімі айқын акция

126 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бейсенбі күні «Amanat» партия­сы­ның бастамасымен оның өңір­лік және аумақтық филиалдары «Road» эстафетасын және «Таза бейсенбі» акциясын жоғары деңгейде ұйымдастырып, іс-шара аясында Астана – Алма­ты тасжолының басым бөлі­гі қоқыстан тазартылды. Бұл жұмысқа Алматы облы­сының еріктілері белсене қатысты.

Тәлімі айқын акция

Нәтижесінде, «Астана – Ал­маты» тас­жолының Жамбыл облысы аумағындағы 224 ша­қырым учаскеде «Жастар рухы­­ның» белсенділері мен волонтерлері жол жиегінен 10 тоннадан астам қоқыс жинады. Сөйтіп, еріктілер тобы Алматы облысының аумағына жетті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бірер күн­де бас-аяғы 1 мың шақырымнан астам жол тазартылды.

«Эстафетаны Жамбыл облысынан қабылдап алдық. Қазірдің өзінде екі об­лыстың шекарасында, яғни Қаншеңгел аулының маңында Жамбыл ауданының 300-ге тарта тұрғыны акцияға қосылды. Қарқынды қимылмен басталған тазалық жұмысын Іле ауданының Ақши аулында жалғастырдық. Онда белсенділер мен волонтерлерден бөлек, жергілікті тұр­ғындар да жұмыла атсалысты», дейді «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев.

Жалпы, «Таза Қазақстан» респуб­лика­­лық экологиялық акциясын өткізу туралы Мемлекет басшысының тапсыр­масы­на сәйкес Алматы облысында өңір­дің барлық елді мекендерін қамти отырып, тиісті жұмыс орындалды.

Атап айтсақ, акцияны өткізудің бар­лық кезеңінде 19,5 мың тонна қоқыс жиналып, 6,6 мың гектардан астам аумақ та­зартылды. Акцияға 450 мыңнан ас­там адам, 5,8 мың кәсіпорын мен ұйым қатысқан. Акцияның алғашқы аптасында «Таза өлке» бағыты бойынша 11,5 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, оның 4 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберілді. Нәти­жесінде, 4,7 мың гектардан астам аумақ тазартылды.

Бұл шараға 290 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде 400 саяжай алабының тұр­ғындары белсене қатысқанын атап айт­қан жөн. Тазарту жұмыстарына 261 бір­лік тиеу және 930 бірлік жүк техникасы тартылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің 975 ауласында қалпына келтіру, бояу және өзге де жұмыстар жүргізілді.

«Киелі мекен» бағыты бойынша өткен акцияның екінші аптасында мә­дени мұра объектілерін, ескерткіштер мен оларға іргелес аумақтарды ретке келтіру жұмыстары ұйымдастырылды. Акцияға мәдениет ұйымдарының қыз­мет­керлері, мәслихат депутаттары, оқу­шы­лар, студенттер, спортшылар мен ерік­тілерді қосқанда 75 мыңнан астам адам қатысты. 850-ден астам ескерт­кіш, мұражай мен мәдени ескерткіш абаттандырылып, 7,5 мың тонна қоқыс жиналды.

«Жасыл аймақ» бағыты бойынша өт­кен үшінші аптасында акцияға 57 мың­нан астам адам қатысып, тазар­ту жұмыстарына атсалысты. Маман­дан­дырылған техниканың 487 бірлігі жұмылдырылды. 45 мың ағаш, 5,9 мың бұта, 3 мың көшет отырғызылды. Халыққа 10 мыңнан астам көшет сатылды. Жалпы саны 64,7 мың көшет егілді. Облыстың 340 мың оқушысының қатысуымен «Өз ағашыңды отырғыз» акциясы ұйымдастырылды.

Төртінші апта аясында «Өнегелі ұр­пақ» бағыты бойынша жұмыстар атқа­рылып, оған 4,8 мыңнан астам адам қатысты. 293 көшет отырғызылды, 6 бір­­­лік мамандандырылған және 6 бір­лік жүк­­ техникасы тартылды. Жалғыз тұра­тын ар­дагерлердің 963 үй маңындағы аумағы жиналды және абаттандырылды. Жи­налған қоқыстың жалпы көлемі 49 тон­наны құрады.

«Мөлдір бұлақ» бағыты аясында өткен ак­цияның бесінші аптасындағы ша­раға 27 мыңнан астам адам қатыс­ты. 413 өзеннің, көлдің және су айдын­дарының жағалаулары тазартылды. 424 тонна қоқыс шы­ғарылды. 266 бірлік тиеу және 348 бірлік жүк техникасы жұмылдырылды.

«Таза Қазақстан» акциясы биыл жыл соңына дейін жалғасатын болады. Бұл бағытта әкімнің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті. Сонымен қатар әр ауданда және Қонаев қаласында осындай жоспарлар жеке бекітіліп, жүзеге асатын болады.

 

Алматы облысы