Оқиға • 17 Маусым, 2024

Жиһаз бизнесінің атын жамылып есірткі өндірген

52 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі жүргізген жедел іс-шаралардың нәтижесінде еліміздің төрт өңірінде синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп жазады Egemen.kz.

Жиһаз бизнесінің атын жамылып есірткі өндірген

Фото:polisia.kz

Мамыр айында Өскемен қаласында жиһаз бизнесінің атын жамылып, синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған жергілікті тұрғын ұсталды. Ол қойманы жалға алып, жабдықтар мен химиялық заттар әкелген.

Күдіктіні ұстау кезінде 1,5 кг жуық дайын есірткі, бір жарым тонна прекурсор, сондай-ақ зертханалық және буып-түюге арналған жабдықтар тәркіленді.

Тексеруден кейін оның Қостанай, Петропавл қалалары және Алматы облысындағы ұқсас зертханалармен байланысы бар екені анықталды. Полиция қызметкерлері қылмыскерлердің қозғалыс маршруты және күн тәртібін бақылауда ұстады. Осылайша полицейлер бір мезетте бірқатар өңірде жедел операция өткізді.

Рудный қаласында да жалдамалы үйдің моншасын зертхана етіп жабдықтаған екі адам ұсталды. 300 грамнан асатын дайын есірткі, химиялық заттар, қорғаныш костюмдер және жабдықтар тәркіленді. Ал көліктерінен сатуға дайын есірткі табылды.

Алматы облысында мефедрон өндірісімен айналысқан тағы екі күдікті ұсталды. Өндірістің соңғы сатысындағы есірткі, прекурсорлар және жабдықтар тәркіленді. Тергеу кезінде ұсталғандар есірткі жасырылған он жерді көрсетіп, жалпы салмағы шамамен 3 кг асатын есірткі табылды.

«Жалпы қала көшелеріне синтетикалық есірткінің 11 мыңға жуық дозасының таралуына тосқауыл қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 6 кг астам синтетика заңсыз айналымға енбеді, 4 тоннаға жуық прекурсор тәркіленді», деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.