Фото: Instagram/drs_kz
Спортшылар әулетінде дүниеге келген Мария Бровкованың анасы мен әпкесі каноэ мен байдаркада ескек есумен айналысқан. (Қазіргі уақытта екеуі де бапкер).
Олимпиадаға қатысу арманы 2016 жылғы Рио Олимпиадасынан кейін пайда болған, сол кезде ол 11 жаста екен.
«Анаммен сырласып отырып, міндетті түрде Олимпия ойындарына қатысатынымды айттым. Әрине, Токио Олимпиадасына бара алмайтыным әуелден белгілі еді. Өйткені ол кезде ұлттық құрамаға кірген жоқпын. Бірақ қалайда Олимпиадаға баратынымды айттым. Сөйтіп алға үлкен мақсат қойып, 8 жыл өткенде арманыма қол жеткізіп, анама берген сөзімде тұрдым», дейді спортшы.
Каноэ мен байдаркада ескек есуден ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетовтің айтуынша болашағынан үміт күттіретін жас спортшылардың бірі Мария Бровкова жастар арасындағы әлем чемпионатында үш мәрте топ жарды және бірнеше халықаралық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінді.
«Төрт жылдықтың басты додасына қатысатынымызды, жанкүйерлер бізге үлкен үміт артып отырғанын жете сезініп, Парижге жақсы дайындықпен бару үшін тынбай еңбектеніп жатырмыз», дейді Мария.
Ескек есу спортында Токио Олимпиадасының чемпионы америкалық Невин Харрисонды үлгі тұтатын Мария америкалық спортшының қадамын 2020 жылдан бері бақылап жүргенін айтады.
«Жеңіске деген құлшынысымен, ерік-жігерімен, мықтылығымен таңғалдырды. Харрисон өзінің алғашқы Олимпиадасына 19 жасында қатысып, чемпион атанған-ды. Мен де биыл 19-ға толдым және алғашқы Олимпиадама барамын. Невиннің үш жыл бұрынғы жетістігін қайталап, Парижде Олимпиада чемпионы атанғым келеді», дейді Мария Бровкова.