«Биыл Батыс Қазақстан облысында білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен апатты мектептер мәселесін шешу мақсатында Орал қаласында №31 мектептің құрылысы басталды» дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Дархан Абдрашитов. Осы мақсатқа 2,5 млрд теңге бөлініп, мердігер «Альтаир» ЖШС іске кірісіп те кеткен. Бүгінде ғимараттың қабырғасы қаланып, еден плиталары орнатылып жатыр.
Бір тәуірі, әлеуметтік ғимараттар бірнеше мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатыр. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен ғана өңірде 2023-2025 жылдары 18 мектеп салынбақ.
Соның ішінде өткен жылы 9 мектептің құрылысы басталып та кетті. Олар – Орал қаласындағы №53, №60 және №65 мектеп ғимараттары. Соңғысы медициналық колледж аймағына салынып, «Құс фабрикасы» деп аталатын ауданда тұратын тұрғындардың балаларына қызмет көрсетеді. Бұрын саяжай жері саналған бұл ауданда бүгінде мыңдаған халық тұрақты тұрғанымен, дәл осы мектеп мәселесінде көп жылдан бері қағажу көріп келе жатқан еді. Міне, халықтың өтініші ескерілді.
Бөрлі ауданында да 3 «жайлы мектеп» бой көтереді. Оның екеуі Ақсай қаласында болса, енді бірі Пугачево аулындағы орта мектеп ғимараты. Бәйтерек ауданының Достық және Байқоныс ауылдарында, Теректі ауданының Подстепное кентінде де мектеп құрылысы басталды.
«Биыл Ұлттық Қордан Батыс Қазақстан облысында жаңа 9 жайлы мектеп құрылысы үшін тағы да 19,2 млрд теңге бөлінді» деген қуанышты хабарды құрылыс басқармасы және жария етіп отыр.
Бұдан басқа, жайлы мектептерге сыртқы инженерлік желілерді жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленген, 8 мектеп бойынша сараптама жасалып, мақұлданған, жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінген.
Батыс Қазақстан облысының бір ерекшелігі – өңірде шағын елді мекендер саны өте көп. Бұл шағынжинақты мектепке үлкен сұраныс тудырып отыр. Мәселен, өңірдегі алпауыт Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. компаниясының қаражаты есебінен Бөрлі ауданындағы Жарсуат аулында және Қазталов ауданының Саралжын аулында шағынжинақты мектеп құрылысы жүріп жатыр. Таяу болашақта дәл осындай 8 мектеп құрылысы басталмақ. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр екен.
Әлеуметтік құрылыс дегенде, оған тек білім ошақтары емес, мәдени-спорттық нысандар да кіретіні анық қой. Ауылдық жерде спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Қазталов және Тасқала аудандарында 2 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Құрылысшылар уәдесінде тұрса, осы жылдың ІІІ тоқсанында аталған ауыл халқы су жаңа спорт кешенінің қызығын көре бастайды.
Ал жоғарыда айтқан ҚПО б.в. компаниясының қаражаты есебінен өңірде 4 мәдени-спорт кешені, 2 мәдениет үйі, 2 денешынықтыру-сауықтыру кешені, 5 мемлекеттік мұрағат салу жоспарланған.
Айтпақшы, «Ауыл – ел бесігі» деп аталатын тағы бір тамаша бағдарлама бар. Осы ұлттық жоба аясында бүгінде облыстың 5 ауданында 6 мәдениет нысаны салынып жатыр. Олар – Қазталов ауданының Қайыңды, Жаңақала ауданының Қырқопа, Сырым ауданының Тоғанас, Бәйтерек ауданының Щапов, Тасқала ауданы Мерей ауылдарындағы жаңа мәдениет үйі және Тасқала ауданы орталығындағы мұражай ғимараты.
– Бұлардан бөлек, тағы да 4 мәдениет нысаны құрылысын биыл бастаймыз деп отырмыз. Осы мақсатқа республика қазынасынан – 0,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 0,2 млрд теңге, барлығы 1,1 млрд теңге бөлінді. Жалпы, жыл соңына дейін 7 мәдениет нысаны құрылысын аяқтап, халықтың пайдалануына береміз, – дейді Дархан Ережепұлы.
Әлеумет ерекше күтіп жүрген құрылыстың бір парасы денсаулық сақтау саласына тиесілі. Биыл Теректі ауданында салынып жатқан 200 орындық емхана құрылысын аяқтау үшін Ұлттық қор мен жергілікті бюджеттен қоса алғанда 0,5 млрд теңге бөлінген еді. Мердігер «Оңдасын Строй» ЖШС қазір жұмыс үстінде.
Сонымен қатар облыста оңалту орталығының құрылысы да жалғасып жатыр. Биыл бұған 2,2 млрд теңге бөлінген. Мердігер – «Альтаир» ЖШС.
Өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы да қызу жүріп жатыр. Осы жоба шеңберінде Батыс Қазақстан облысының ауылдық елді мекендерінде 2025 жылға дейін 50 нысан – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін амбулатория салу жоспарланған болатын. Өткен 2023 жылы өңірде 12 медицина нысаны – 4 амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, пайдалануға берілді. Оның кейбірі газет оқырмандарына жақсы таныс, өйткені бұл нысандардың ашылу салтанатына өзіміз қатысып, егжей-тегжей ақпарат берген болатынбыз.
Қазірдің өзінде Жаңақала ауданының Мәштексай аулында, Сырым ауданының Бұлдырты аулында жергілікті бюджет қаражаты есебінен құрылыс басталып та кетті. Жалпы, 2024 жылға арналған жоспар бойынша 38 медициналық нысанның құжаты мақұлданып, 18 нысанның құрылыс-монтаж жұмысын жүргізу үшін республика бюджеті есебінен 2,1 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 650 млн теңге бөлінген екен. Қазір 11 жобаның мердігері анықталды, құрылыс-монтаж жұмысы басталды. Тағы 24 жоба бойынша мердігерді анықтау үшін байқау өткізіледі.
Бұл айтылғандардан бөлек, Орал қаласында салынып жатқан әкімшілік ғимарат құрылысын жалғастыру үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1,5 млрд теңге бөлінген екен. 2023 жылы бөлінген 350,0 млн теңгені мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС сәтімен игерген болатын. Жұмыс жалғасады.
Айтпақшы, Теректі ауданында 99250 әскери бөлімінің әскери қалашығы құрылысы басталған. Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайхын аулында да жаңа әкімшілік ғимарат бой көтеріп жатыр. Бұлардың бәрі елдің, өңірдің әлеуметтік тұрмысын жақсартуға ерекше серпін берері анық.
Батыс Қазақстан облысы