Баға • 18 Маусым, 2024

Cұйытылған газ бағасы көтеріледі

95 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл 1 шілдеден бастап мемлекет сұйытыл­ған мұнай газының (СМГ) бағасын көтеруді жоспарлап отыр. Тиісті бұйрық жобасын Энергетика министрлігі «Ашық құқықтық нормалар» порталында жариялады. Министрлік бұл шешімді қабылдаудың маңызын түсіндіріп өтті.

Cұйытылған газ бағасы көтеріледі

«Біріншіден, бүгінде сұйытылған мұнай газының бағасы оны өндірудің өзіндік құнынан әлдеқайда төмен. Осылайша, СМГ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 60 мыңнан 70 мыңға көтеріледі. Ал өндіруші зауыттар үшін ағымдағы шектік көтерме баға тоннасына 40 320 теңгені құрайды. Ақырында өндірілген газдың әр тоннасынан зауыттар 20-30 мың теңге шығынға ұшырайды.

Екіншіден, «Жылдан-жылға СМГ-ны тұтыну көрсеткішінің күрт өсуі байқалады. Былтыр ғана елімізде газ тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 400 мың тонна немесе 28%-ға өскен. 2022 жылы СМГ-ны тұтыну көлемі – 1,8 млн, 2023 жылы 2,2 млн тоннаны құраған. Тұтынудың өсуі мен төмен баға салдарынан орын алған рентабельді емес өндіріс отынның осы түрін өндірудің төмендеуіне, аймақтардағы тапшылыққа әкеп соқты. Қазіргі отынға деген тапшылық деңгейі шамамен 20-25%-ға жетеді», деп хабарлады министрлік.

Үшінші себеп – СМГ бағасы одан әрі тежелсе, отан­дық өндіруші кәсіпорындарға ішкі нарықтағы сұра­нысты қанағаттандыру үшін өндіріс көлемін ұлғай­ту мүмкіндігі болмайды. Сондықтан зауыттар СМГ өн­діруге деген қызығушылықты жоғалтып, тиім­ді­рек өнімдерге көшіп жүр. Инвесторлар да осын­дай се­бептерден бұл салаға инвестиция салуға құлықсыз.

Төртіншіден, СМГ-ға ең төмен бағалар Қазақстанда 54-86 теңге аралығында қалыптасқан. Салыстыратын болсақ: Ресейде бір литр газдың бағасы – 132 теңге, Әзірбайжанда – 171 теңге, ал Тәжікстанда 273 теңге тұрады. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, 2024 жылдың өзінде ішкі нарықтағы тұтыну көлемі тағы 200 мың тоннаға артып, 2,4 миллион тоннаны құрайды екен. Бұл ретте газ тапшылығы 30-40%-ға дейін жетуі мүмкін.

«Өндіріс орындары сұйытылған газды өндіру деңгейін ұстап тұру үшін бірнеше рет сауал қойып, бағаны түзету туралы өтініштер жолдады. Жоғарыда айтылып кеткен тәуекелдердің алдын алу үшін 1 шілдеден бастап сұйытылған мұнай газының бағасын түзетуді жоспарлап отырмыз. Сұйытылған мұнай газының тоннасына шекті көтерме баға 45 158 теңгені (бұрын – 40 320 теңге) құрайтын болады. Бөлшек саудадағы шекті баға да аздап өседі – аймаққа байланысты литріне 5 теңгеден 8 теңгеге дейін», делінген хабарламада.

 

Әсем Жанатова,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті