«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері облыс аумағын, қалалар мен елді мекендерді тазарту, бұған қосымша қоғамдық орындарды қалпына келтіру жұмыстарына 3 136 ұйым мен арнайы 1 807 техника қатысқан. Тұрғындардың қатысуымен 52,5 мың аула тазаланып, 34,1 мың тонна тұрмыстық қалдық пен қоқыс шығарылған. «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында Аягөз, Бесқарағай, Үржар және жаңадан құрылған Жаңасемей аудандарында өзен-көлдерді, субұрқақтар мен каналдарды қоқыстан тазарту жұмыстары жүзеге асты. Оның ішінде 602 су қоймасы, 66 мың текше метр өзен-көл суы, 27 мың метр суару арықтары, 30 субұрқақ түрленіп, өңір келбетіне жаңаша кескін үстеген екен.
Жарма ауданында аталған апталық аясында «Өзен-су – өлке ажары» іс-шарасының нәтижесінде аудан жұртшылығы 30-дан артық өзеннің арнасы мен жағалауын күл-қоқыстан арылтып, ірі өзендердің бірі Шар өзенінің жиегін құлпыртуға күш салған. Белсене араласқан бастамашылар мен еріктілер тобы өзен жағасына демалуға баратын аудан тұрғындары мен қонақтарына табиғатты аялау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарына жұмылдырылған. Ал Бесқарағай ауданының бірлігі бекем жастары көгалдандыру жұмыстары негізінде бегония, циния, гацания және барқыт сияқты 7 800 түп көпжылдық гүл отырғызып, аудан ажарын айшықтауға атсалысты. Аягөз ауданында қаланы абаттандыру және көгалдандыруды көздеген еріктілер жасағы 300 түп терек, 100 түп қайың мен 200 түп шырша отырғызып, ойға алған жұмыстарын жалғастырған. Жалпы, облыс аумағында 135,5 мың көшет егілген. Абай облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы уақытта
6 100 гектар жерге 28 млн 700 мың көшет отырғызылмақ.
Семейде «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыру аясында «Қызыл кітап» беттерін парақтау» экоакциясы өтті. Онда тұрғындарға қорғалатын табиғи аумақтар мен қорықтар таныстырылып, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы оң бастамалар туралы дәрістер ұйымдастырылды.
Жалпыұлттық экологиялық акция туризм саласының дамуына да біршама жол ашып келе жатқанын айтуымыз керек. Облыс бойынша тұрғындар мен меймандар көп баратын 239 саябақ пен облыстағы жергілікті маңызы бар 175 ескерткіштің аумағын тазарту жоспарлы түрде іске асырылып келеді.
Бүгінгі күні акция мектептер мен балабақшаларды қоса алғанда 938 әлеуметтік нысанды, сондай-ақ 2 120 өндірістік және кәсіпкерлік нысанды қамтыған. Бұл іс-шара жыл бойы жалғасын тауып, облыс халқының белсенділігі арқасында аймақтың ажарын кіргізу, көшелерді көркейту, алаңдарды абаттандыру ісінің ілгерілейтініне сенім кәміл.
Абай облысы