«Таза Қазақстан» • 18 Маусым, 2024

Ұқыптылық байқалған Бұланды

39 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табиғаты тамылжыған Бұлан­ды баурайында­ туған өлке­нің ажа­рына жауап­кер­шілікпен қарай­тын замандас­тарымыз аз емес екен. Олар бағалы бастаманы қол­дап, өз үлестерін қосып жатыр.

Ұқыптылық байқалған Бұланды

Көрікті өлкеде кейінгіге үлкен өнеге, өмірі, халқына еткен қызметі әдемі мысал болатын тұлғалардың ізі сайрап жатыр. Акция барысында 14 тарихи-мәдени ескерткіштің маңайы тап-тұйнақтай тазаланып, сәуірдің ақ жауынымен жуылғандай жарқырай жадырап, сәулеттеніп қалды. Ит тұмсығы өтпейтін орман-тоғайы мол өңірдің өңін келтіретін үш мыңнан астам әртүрлі ағаш көшеті отырғызылды. Бұл бір адамның қолынан келетін шаруа емес, көп болып жұмылып, жақсы істің төңірегінде топтаса білген тірліктің арқасында оңынан оңғарылған шаруа болды.

Ортақ іске аудан басшыларынан бастап жастар мен еріктілер, тұтас еңбек ұжымдары, табиғат жанашырлары белсене қатысты. 1 500 адам жұмылғаннан кейін алдарындағы жұмыс үркіп тұрмай ма? Алдымен Макинск қаласының шеткі аймақтары тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Орман алқаптары, автомобиль жолының қос қапталы тазаланып, көрер көзге жұтынып шыға келді. Бес тоннадан астам қоқыс полигонға тасымалданды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған акция біздің бұландылықтарды біріктіріп, қуатты серпін берді, – деп атап өтті аудандық мәслихаттың депутаты Әлішер Кенже­ғалиев. – Менің ­ойымша, осы шаруаның екі жағы бар. Біріншіден, өзіміз тұрып жатқан аймақтың ажары кірсе, екіншіден, өкшемізді басып келе жатқан кейінгі жастар өнегелі істен тәлім-тәрбие алатын болады. Бүгін ба­жайлап қарасақ, күре жолдың бойын­да келеңсіз көрініс орын алған екен. Өкпек жолаушылардың немкеттілігі. Жол бойын тәмам жұрттың тазалап жүргенін көрген соң олар да ендігі арада босаған бөтелкені, теме­кі­нің тұқылын тастап, табиғатқа қия­нат жасамайтын болады. Жалпы, мәде­ниет­ті­лікке тәрбиелейтін іс деп білемін.

Сыңсыған ну орманның іші де тазалықты тілейді екен. «Барды бағалай білейік» деген экобелсен­ділер мәңгі жасыл қарағайлар қаулай өскен орман ішін мұнтаздай етіп тазалап шықты.

– «Тазалық – денсаулық кепілі» деген сөздің үлкен мәні бар, – дейді аудан­­­дық ақсақалдар кеңесінің төр­­­ағасы Шахман Құсайынов. – Ел аға­лары егде тартқан жасына қарамай туған жер­дің көркін келтірейік деп қол­ұшын беріп жатыр. Үлкендердің өзі иманды шаруаға бел буып кіріс­кен­­нен кейін жастар да белсене кірісіп жатыр. Осы іс науқандық шаруа­ға айналмай, тұрақты түрде жүзе­ге асып отыруы керек.

Дәл қазір қарасаң, Бұланды баурайынан ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Басшы бастап, жалпақ ел қостап жүзеге асырып жатқан ауқымды істің бір парасы елжанды, жер бесігін сүйе білетін парасатты бола білуге меңзеп тұрғандай.

 

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы