Осыдан бес жыл бұрын үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Іле ауданы, Байсерке ауылына келіп сүт өнімдерін өңдейтін зауыт салуға кіріскен инвесторға халық зор сенім артқаны ақиқат. Өйткені, аграрлы облыста ақ мол болғанымен өзіндік құнын ақтамай рәсуа болып жатқан-тын. Құны 3 068 млн. теңге тұратын жобаны небары жарты жылда жүзеге асыру үшін құрылыс жұмыстарын жүргізуге тұрғылықты халықтан 137 адамды жұмысқа қабылдап, уәде үдесінен шыға білген инвесторға халық разы болды. Сөйтіп, Жетісу жеріне шетелдік инвестиция тартып, отандық ауылшаруашылық өнімдерін қабылдап, сүт, айран, иогурт, ірімшік сынды жаңа сүт өнімдерін рынокқа шығарып, үлкен сұранысқа ие болған еді бұл зауыт. Тағы бір артықшылығы – ауылда жаңа және қосымша жұмыс орындарын ашып мемлекеттік салық төлемдерін де дер кезінде құюда.
«Әлемде сүт өнімдерін өндіруде көшбасшы болып танылған компаниямыздың ұстанымы – осы дәм арқылы адам денсаулығына пайда тигізу. 140 елде өніміміз сатылады. Ал Қазақстан рыногына келгенімізге 10 жыл болды. Бірақ Алматы облысында зауыт құрылысын салып, жұмыс жүргізу үшін үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасы арқылы 17 миллион еуро инвестиция салуға шешім қабылдағаннан кейін ғана біздің осы елге келуіміз айқындалып, ісіміз ілгері басты. Мұны біз уақыт талабы деп түсінеміз. Бүгінде Іле ауданындағы зауытта біз 50-ден астам сүт өнімдерін өндіріп, тек Қазақстан ғана емес, көрші мемлекеттерге де шығарып сатудамыз. Жалпы, 300-ге жуық қазақстандық, соның ішінде 67 жетісулық біздің компаниямызда жұмыс істейді. Ең бастысы, сол жұмыскерлер саны тұрақты түрде өсуде. Оның негізгі тетігі шығарған өнімімізге сұраныстың күннен күнге өсуі болып отырғаны белгілі. Алматы облысындағы 11 ірі ауылшаруашылық құрылымымен ұзақ мерзімді келісім жасасып, сиыр сүтін сатып алып өңдейміз. FSSC 22000 стандартына сәйкес келетін сүт өнімдеріміз дүниежүзіне кеңінен танылған ең қауіпсіз тамақ болып саналады. Біз қойған талабымызға сай жұмысқа қабылдаған қызметкерлерімізді оқытып, үйретеміз. Бірқатар менеджерлеріміз Ресейге, Францияға жіберіліп, тәжірибелерін толықтырып, біліктіліктерін арттырып, соны осы елдің индустриялық дамуына жұмсаудамыз. Олардың басқа дүниеге қызықпай, туып-өскен жеріне оралуы да біз үшін қуаныш. Сөз соңында айтарым, кез келген ел әлеуметтік тұрғыда дамымай, экономикалық өсу өнбейді. Сондықтан балалар ойнай жүріп ой-өрісін дамытуы үшін «Балалар алаңы» атты ұлы мақсат аясында жаңа құрылыстардың бой көтеруіне біз атсалысамыз. Сөйтіп, Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан орын алуына өзіндік үлесімізді қосуды мақсат етудеміз», деді Орталық Азия және Кавказдағы «Danone Berkut» ЖШС бас директоры Рено Шамональ.
Қорыта айтқанда, бұл өңірдің малы өсімтал болады. Соның ішінде сұранысқа орай сүт бағытындағы сиыр малын асылдандыру дұрыс жолға қойылған. Құдайға шүкір, сол сүтті сиырлар береке бұлағын ағызуда. Малының қоңын тайдырмауды ойлаған шаруа сүтті іргедегі оңтүстік мегополиске тасымалдап әуреге түспейтіні тағы бар. Бірақ сүт өнімдерін қабылдайтын бұл өндіріс орны – «Danone Berkut» ЖШС шикізат сапасына, санитарлық тазалығына қатаң талап қоюда. Әрине, талап қоюмен шектелмей, сүт өткізетін шаруа қожалықтары мүшелерін шикізатты сақтау, тасымалдау секілді қажеттіліктерге жан-жақтылы оқытып, үйретіп, кеңес беруде де тиянақтылық танытуда. Біле-білсек, бұл да өркениетке ұмтылудың тың қадамы емес пе?!
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Іле ауданы,
Байсерке ауылы.