Абыз ақсақалдың ғасырлық мерейтойын Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов, Медеу ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы подполковник Бекмырза Жүсіп және «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ Алматы филиалының төрағасы отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин құттықтап барды, Қорғаныс министрі мен десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшылығының құттықтауын жеткізіп, мықты денсаулық пен амандық тілеп, еңбегі үшін шын жүректен алғыс айтты.
Шәңгерей Жәнібеков Қостанай облысы Денисов ауданы Қарпық ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, туыстарының тәрбиесінде өсті. Соғысқа шақырту қағазы келген кезде, бозбала шақ, небәрі 18 жаста еді. Соғыс өрімдей бозбаланың өмір ағысын кенеттен өзгертті, жоспарын басқа арнаға бұрып жіберді. Кировоград артиллериялық дивизиясының құрамында Мценск, Орел бағытындағы шабуылдарға қатысып, Белгород пен Украинаның оң жағалауындағы бірқатар қалаларды азат етті. Корсунь-Шевченков операциясына қатысты. 12 шілдеде Брянск майданының әскерлері Орел қаласы түбінде ірі шабуылдау операциясын бастағаны тарихтан белгілі. 1945 жылғы 5 шілдеде Ш.Жәнібеков құрамында болған 16-артдивизияның атына Жоғарғы бас қолбасшы, кеңес одағының маршалы И.Сталиннің алғысы жарияланды.
Шәңгерей Жәнібековтің одан кейінгі жауынгерлік жолы Молдавия жерінде өтті. Көп ұзамай 2-Украина майданының алға жылжып келе жатқан бөлімдерімен бірге оның бөлімшесі КСРО-ның мемлекеттік шекарасына өтті. Жеңіс туралы хабарды Аустрия-Чехословак шекарасында орналасқан Лаа қаласына жақындаған кезде естіді. Сол қуанышты күндерді ардагердің өзі былайша әңгімелейді: «Түнде біздің полк Аустрияның Пойсдорф ауылының жанындағы орман саябағында болды. Жеңіс күнін мерекелеуге түні бойы қызу дайындық жүргізілді. Келесі күні таңертең полк жасақталып, салтанатты жиын өтті. Түскі ас кезінде офицерлер мен сарбаздарға мерекелік дастархан жайылды. Полк командирі подполковник Горуппа баршамызды Жеңіс күнімен тағы да құттықтап, тілек айтты. Мен өткен соғыс туралы киноларды көп көрдім. Бірақ олардың бірде-бірі дәл осындай жайлы атмосфера мен адамдардың жүзінен шынайы қуанышты көрсете алған емес», дейді Шәкең.
Шәңгерей Жәнібеков – кеңес дәуірінің перзенті. Аудандық, облыстық партия ұйымдарында сыннан өткен азамат республикамыздың Министрлер кеңесі төрағасының орынбасарына дейінгі баспалдақтардан өтті. Өмір-тарихына қарап отырып, могикандардың соңғы болмаса да сирек тұяғы ма дерсің. Қылышынан қан тамып тұрған кеңес жүйесі кезінде де ана сүтімен бірге дарыған болмысынан аттап кетпеді. Дінмұхамед Қонаев бастаған, Бәйкен Әшімов қостаған көрнекті кемелдер шоғырының қатарынан табылды, оқу-ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, дене тәрбиесі мен спорт, баспа қызметі, шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар мәселелерімен айналысты. Алматыда музыкалық аспаптар мен кітап мұражайларының, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Жәркент мешіті, Алтын Емелдегі Шоқан Уәлиханов кешенінің музейлендірілуіне көңіл бөлді. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасына біздің спорттық делегацияны ұлттық киіммен баруына ықпал етті. Жергілікті билік органдарына біртіндеп ұлттық киім үлгілерін, озық халықтық дәстүрлер мен ұлттық спорттық ойындарды жаңғырту жөнінде нұсқаулар берілді. Тіпті 1984 жылы қазақтың мәдени дәстүрлерін бар тарапта жаңғырту жөнінде арнайы кеңес өткізді. Мұндай шаралар қазір айтуға ғана оңай.
Қысқасы, біздің кейіпкеріміз осындай мәселелерде батылдықтың, ұлтына адалдықтың ала жібінен аттап кетпеді, ұлттық дүниелерді ұлықтауға бүйрегі бұрып тұрды. Қазақстан Компартиясы съездерінің делегаты, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің VII-X шақырылымының депутаты, 1987-1991 жылдары КСРО халық депутаты болды. 1987-1990 жылдар аралығында Республикалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы болған кезінде де ардагерлердің мәселесін шешуге атсалысып, республика көлемінде ірі жұмыстар атқарды. Өзі де майдан шебінде жүріп, жеңістің қандай қиындықпен келгенін көзімен көрген азамат ретінде ардагерлердің мәселелеріне қарайласып, оларға деген құрметтің жоғары болуын ойлап, толғандырған мұң-мұқтаждарының оң шешім табуына ықпал етті. Ардагер «О пройденном пути и попутчиках» кітабының авторы. Онда өзінің өмір жолы мен мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуде қызметтес болған адамдар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Дана Абай «Адамның адамдығы істі қалай бастағандығынан білінеді» дейді. «Адамның қандай екенін білгің келсе, оған белгілі бір дәрежеде мансап пен қызметтің тұтқасын ұстату керектігін» ескерткен есті сөз бар. Өмірде маңдайына, тағдыр талайына жазылып қойған биігінен әсте пәс тартпайтын тұлғалар бар. Заман, уақыт, саясаттың ықпалы болмысына ықпал етіп, беделіне нұқсан келтірмеді. Жадында естелік – қазына қатталып жатса да байырқалы қалпынан танбады. Кешегі асыл алыптарымыздың сынығындай ардақты ақсақалдарымыздың көзіндей болып ғасырлық мерейтойын абырой биігінде қарсы алды. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, Чехословакияның «Антифашистік күреске белсенді қатысқаны үшін», «Қазан революциясы» орденімен, төрт медальмен марапатталған. Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының «Құрмет»,«Парасат» ордендерімен марапатталған.
Өткен ғасырдың от пен оғын көрген қарт майдангер немере-шөберелерінің қызығына, қуанышына кенеліп, әр күніне, арайлап атқан таңына шүкірлік етті. Тамырын тереңге тартқан бәйтерекке айналған тұлғаға Жаратқан күш-қуат пен амандық берсін дегіміз келеді.
АЛМАТЫ