Мирас • 18 Маусым, 2024

Мінсең ат, шапсаң жүйрік, қайран дүлдүл...

107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылжардың түбіндегі Бескөлдің «Құлагер» ипподромына жиналған көпшіліктің сенбі күні рухы көтеріліп, делебесі қозып, жандары жадырап қалды.

Мінсең ат, шапсаң жүйрік, қайран дүлдүл...

Ат спортының облыста дәс­түрлі түрде өтетін биылғы ұлттық ойын­дары тасқынның кесірінен жылдағыдан кештеу болып отыр. Бірақ «ештен кеш жақсы» демек­ші, атүсті ойындарын жақсы көретін халық жарыс болған күні ипподромға бала-шағасымен бірге көп жиналды. Бұл күні жорға жарыс, желістен жарыс, аламан бәйгелермен қатар «Қыз қуу», «Теңге алу» сияқты ұлттық ат спорт­ы ойындары да көрсетілді.

Қыз-жігіттің қанын қыздырған «Қыз қууға» жастар қазақтың ұлттық киімдерімен шықты. Бар­­лық жұптарда да жігіттер де, қыздар да діттегеніне жетіп, халықты мәз қылды.  Құмар еткен қыздың үлбіреген алқызыл бетінен сүйіп, жазасын арқасымен көтерген жігіттің де қуанышы бір бөлек...

м

Жеті мың метрлік жорға жарысында ағайынды Артем мен Евгений Чибисовтер бірінші,  екін­ші орынды олжалады. Олардың асыл тұқымды «Аквамарин» мен «Прогноз» атты сәйгүліктеріне құйрық тістесе отырып, үшінші болып мәреге Әлия Тоқтасынова өзінің «Фиалка» атты жүйрігімен жетті. Жарыс барысында оның жүйрігі екі жігіттен кейде озып отыр­ғанымен мәреге тәжірибесі мол­дау жігіттер алда келді. 

Желгірлердің желдей ескен желісінде Әуез, Әбдікәрім, Әб­ді- у­әли Нұрахметовтердің жүй­ріктері бас­қаларды шаң қаптырып кетті. Ми­хаил Скопцев пен Василий Тка­чуктың желгірлері көп артта қалды.

см

Жарыстың ең үлкені де, шоқ­тығы биігі де аламан ғой. Көпшілік соны тосып, дегбірсізденіп тұрды. Сонымен 13 шақырымға созылған аламан да басталды. Қиқу мен айғайдың көкесі енді болды. Жандарынан зулаған жүйріктер өткенде делебесі қозбаған адам жоқ шығар. Жүйріктердің бәрі де ойқастатып, көсіле шауып барады, бірінен-бірі өтеді. Бірақ жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ғана озады емес пе, ақырында Сә­лім Әбілмансұрдың «Қарагері» мәре сызығын бірінші болып бұз­ды. Мәреден екінші болып «Фа­ворит» деген жүйрігімен Рым­хан Нұртілеу өтті. Үшінші орынды Бижұма Тілекберген алды. Сөйтіп, қызылжарлықтардың қанын бір қыздырып, рухын бір көтеріп қызықты да, қылықты да Ұлттық ат ойындары да өз мәресіне жетті. 

 

Солтүстік Қазақстан облысы