Қоғам • 17 Маусым, 2024

Түйе балуанға – темір тұлпар

17 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газеті қазақ күресін насихаттауға, дамытуға үлкен үлес қосып келеді. Өткен апта соңында қоғамдық-саяси газеттің 100 жылдық мерейтойына орай Түркістан қаласында қазақ күресінен турнир өтті. Жастарды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу мақсатында 61 жыл бойы тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан турнир қазақ күресін халықаралық, әлемдік деңгейде танытқан талай балуанның тұсауын кесті.

Түйе балуанға – темір тұлпар

Аталған турнир тарихын зерделеген әріптестеріміз 1958 жылы Шымкентте «Оңтүстiк Қазақстанның» бәсекесі алғаш рет ұйымдастырылғанын айтады. Сол кездегi ұжым баспасөз күнi құрметiне жарыс өткiзу туралы газет редакторы Мәди Байтұрсыновқа ұсыныс жасайды. Кейiн ұжым болып ақылдасып, қазақ күресінен жарыс өткiзу ұйғарылған. Осыдан кейiн дәстүрлi турнир үзiлген жоқ. Яғни биыл облыстық газеттің жүлдесіне арналған турнирдің өткізіле бастағанына 66 жыл толып, осымен 61-рет ұйымдастырылып отыр. Түркістанда өткен ұлттық спорт бәсекесінің салтанатты ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңір баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қоғамда алар орны ерекше екенін атап өтті. «Өңіріміздің бір­ғасырлық өмір тарихы осы газеттің әрбір бетінде сақталып тұр. Бұл басылымда бір кезеңдері ұлт қайраткерлері, мемлекет және қоғам деңгейіндегі тұлғалар қызмет атқарды. Басылымның мерейтойын осы жылы күзде Түркістанда тойлауды жос­парлап отырмыз»,  деген облыс әкімінің орынбасары балуандарға сәттілік тіледі.

«Керуен сарай» туристік кешенінде өткен балуандар бәсекесіне аудан, қалалардан келген 120-ға жуық спортшы қатысты. Ал түйе балуан бәсекесінде 18-і бақ сынасты. Тартысты өткен бәсекеде түркістандық Дидар Хамза турнирдің «түйе балуаны» атанды. Оған «Chevrolet Nexia» автокөлігінің кілті тапсырылды. Дүбірлі доданы тамашалаған зиялы қауым, спорт ардагерлері, тұрғындар мен қала қонақтары ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. «Тұнба бастауын «Ақ жол» газетінен алатын бұл басылымды шығаруға Сұлтанбек Қожанұлы, Тұрар Рысқұлов, Міржақып Дулатұлы, Нәзір Төреқұлов секілді ұлт қайраткерлері атсалысып, халық мүддесін көздейтін мақалалары мен шығармаларын жариялап отырған. Одан беріде қазақ руханиятының сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған бұл газетте Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Арыстанов, Бейсенбай Кенжебаев сынды біртуар тұлғалардың қаламының табы қалған. Өткен ғасырдың 50–80-жылдары аралығында да «Оңтүстік Қазақстан» газеті өз мұратынан айнымай, кеңестік цензураға қарамай, салт-дәстүрімізді, тарихымызды, тілімізді, ділімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу, руханиятымызды сақтап қалу жолында талмай қызмет етті. Газетке сол жылдары редакторлық жасаған, редакцияда қызмет еткен аға буын өкілдерінің барлығы осы жолда тер төгіп, ұлт үшін қызмет етті деп айта аламыз. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де газет сол соқпақты әрі қарай жалғастырып, егемен еліміздің саяси тұрақтылығын сақтау, облыс экономикасы мен мәдениетін дамыту жолында маңызды рөл атқарып келеді», дейді «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директоры – бас редакторы Абай Балажан.

Айта кетелік, басылымның 100 жылдығына орай жыл басынан бері түрлі іс-шара ұйымдастырылып келеді. Мысалы, қазан айында басылым батырлар жырын жатқа айтудан  «Жақсылар, дастан айтайы­н...» атты IV облыстық жас жыршылар байқауын өткізбек. Оған қатыса алатын мектеп, лицей, гимназиялардың 6–10-сынып оқушыларына «Шора батыр» жырын жатқа айту, жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндіру, қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде әзірленген сұрақтарға жауа­п беру тапсырылады. Жеңімпаздарға тағайындалған жүлде қоры да қомақты.

 

ТҮРКІСТАН