Фото: ҚР СІМ
1990 жылы «Невада-Семей» аясында танысқан сәттен ізгілік пен ұлтжандылық, парасат пен адамсүйгіштік үлгісін көрсетіп келген асыл ағамен әр кездесу құнды еді.
Армандас болған алып абыз Төрегелді Шармановпен сыйластығы зиялылар үндестігінің үлгісі болды.
Сәтімжан Санбаев, Марат Сембин, Олжас Омарұлы секілді достарымен сұхбаттасу бақыты бұйырып, олардың Мұрат Мұхтарұлы туралы пікірлерін тыңдағанда ұлт мүддесі үшін жастайынан жасампаздықпен күрескен, даналық пен азаматтық бір бойында тоғысқан тұлғаның биіктігі айшықтала түсетін.
Мұрат Мұхтарұлы терең білім мен жоғары мәдениетті ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекпен ұштастырудың үлгісі болды.
Жұма сайын ізгі тілегін жолдап тұрушы еді, ұлық Құрбан айт қарсаңындағы қасиетті жұма күні мәңгілікке аттанды.
Ұлы азаматтың мұрасы, қайраткерлігі, зиялылығы, парасаты ұлтпен бірге жасай береді.
Әлихан БАЙМЕНОВ,
қоғам қайраткері