Оқыс оқиға туралы хабар жедел жәрдем операторына 16 маусым күні таңертеңгі сағат 09.49-да түскен екен. Дәрігерлерден құралған 5 бригада оқиға орнына 5 минуттың ішінде жетіп үлгерген.
«Зардап шеккендер – барлығы 10 адам, олардың 2-еуі – кәмелетке толмаған ер бала, ересектердің жас шамасы 27–67 аралығында» деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Бір тәуліктен кейінгі жағдай мынадай: қазіргі уақытта 3 ересек адам реанимацияда, 4-еуі политравма бөлімшесінде және екі жасөспірім көпбейінді облыстық балалар ауруханасында қажетті ем алып жатыр. Жасөспірімнің біреуі – жансақтау бөлімінде, біреуі политравма бөлімшесінде екен.
Науқастардың халін денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев, басшының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова, ДСБ бас штаттан тыс травматологі Серік Қарекенов және қалалық көпбейінді аурухана директоры Арман Мырзахметов арнайы барып көрді. Тиісті мамандардың қатысуымен консилиум өткізілген. Сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының Апаттар медицинасы орталығы реаниматологтерімен және комбустиологтерімен бірлесіп телемедицина жүргізілген. Қазір келісілген емдеу тактикасымен ем-шара жүргізіліп жатыр екен.
Батыс Қазақстан облысында кейінгі күндері күн райы өте ыстық, 40 градусқа жақындап тұр. Төтенше жағдайлар департаменті жоғары өрт қаупі қатерін күн сайын хабарлайды. Үш күнге созылатын құрбан айт кезінде қауіпсіздікті сақтау туралы ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысындағы өкіл имамы Самат Әлібаев та үндеу жасады. Қазір халық көп жиналатын қоғамдық орындарда, құрбан айтқа шалынып жатқан қасапханаларда қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Батыс Қазақстан облысы