Сапар аясында Нұрлан Әбдіров Мажарстан Ұлттық сайлау кеңсесінің Президенті доктор Аттила Надьпен кездесті. Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жәнібек Әбдірашов қатысқан кездесуде екі ел сайлау органдары арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
«Меморандумға қол қою біздің кәсіби ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтады деген сіздің сеніміңізді бөлісеміз», деп атап өтті Нұрлан Әбдіров. Ол сондай-ақ Меморандумда қамтылған тәжірибе алмасу жөніндегі ережелерді осы жылда іске асыруға кірісуді ұсынды. Атап айтқанда, дауыс берудің баламалы әдістері, сайлаушыларды сайлауды ұйымдастырушылармен ақпараттандыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, интернетте үгіт жүргізу, сондай-ақ сайлау науқандарын қаржыландырудың жекелеген аспектілері бойынша мажар әріптестерімен онлайн-кеңес өткізуге қызығушылық білдірді.
Кездесу барысында ОСК төрағасы сайлау саласында тәжірибе алмасудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, қазақстандық сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіруде ескерілуі мүмкін құнды шетелдік тәжірибе ретінде Мажарстан азаматтары үшін пошта арқылы дауыс беруді өткізу, сайлаушылар тізілімін қалыптастыру, жергілікті сайлау науқандарын ұйымдастыру бойынша осы елде жүргізіліп жатқан жұмыстарға қызығушылық танытты.
Сондай-ақ ол 2022 жылғы референдум және Президенттің сайлауы және 2023 жылы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы сияқты Қазақстандағы ірі сайлау науқандарын халықаралық байқауға Мажарстан өкілдерінің белсенді қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Мажарстанның сайлау ұйымдастырушылары сайлау комиссиясы мен сайлау кеңсесі арасындағы міндеттерді бөле отырып, аралас жүйесі бойынша жұмыс істейтінін айта кету керек. Жалпы, Мажарстанның сайлау органдары біртұтас жүйе емес, себебі сайлау комиссияларының барлық деңгейі бөлек ұйымдастырылған және мәртебесінде, өкілеттіктерінде және қалыптасу тәртібінде айтарлықтай айырмашылықтар бар.
Мажарстандағы сайлауды байқауға барлығы алты делегация қатысты. Қазақстандық делегация Әзербайжан, Грузия, Босния және Герцеговина, Черногория және Түркия делегацияларымен бірлесіп байқау жүргізді.
Халықаралық байқау бағдарламасы аясында Әзербайжан ОСК төрағасы Мазахир Панаховпен және Түркия ОСК төрағасы Ахмед Йенермен екіжақты кездесулер өтті. Осы елдердегі ағымдағы сайлау үдерістері бойынша пікір алмасып, сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.
9 маусымда – дауыс беру күні ҚР ОСК өкілдері Будапешт қаласының бірнеше ауданындағы сайлау учаскелеріне барды. Көп жағдайда сайлау учаскелері жалпы білім беретін мекемелерде орналасқанын айта кету керек. Дауыс беру еркін, қалыпты өтті. Астана тұрғындары белсенді болды, сайлау учаскелерінде кезекке тұрды, олардың көпшілігі ересек азаматтар, олардың арасында егде жастағылар да аз емес.
Сайлау учаскелерінде Қазақстан ОСК басшысы сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру үдерістеріне, сайлаушылар тізімімен жұмыс істеуге, дауыстарды санау барысына және басқа да дауыс беру рәсімдеріне қызығушылық танытты.
Мажарстанның негізгі заңы 18 жастан асқан барлық азаматына Ұлттық жиналыс, жергілікті өзін-өзі басқарудың және Еуропалық Парламенттің депутаттық сайлауында дауыс беру құқығын береді. Сайлау заңнамасына сәйкес, Ұлттық жиналыс депутаттарын сайлауда, егер олар некеде болса, 16 жасқа толған азаматтар да дауыс беруге құқылы. Бұл жас шегінің төмендеуі жас отбасыларды елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді тартуға бағытталған.
Еуропалық одаққа мүше елдердің азаматтары, егер олар Мажарстанда тұрақты тұрса, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, қала басшысын және Еуропалық Парламентке сайлауда белсенді сайлау құқығына ие. Мажарстанның сайлау заңнамасы бұл құқықты босқын мәртебесі бар адамдарға, иммигранттарға және тұрақты тұруға рұқсаты бар адамдарға да береді. Мажарстан Конституциясы муниципалдық сайлауда белсенді сайлау құқығын алу үшін міндетті тіркеуді қарастырады, ал сайлаушылардың өздері тек тіркелген жерінде дауыс бере алады. Сот қылмыс жасағаны үшін сайлау құқығынан айырған немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың дауыс беруге құқығы жоқ.
Ұлттық сайлау кеңсесі тұрақты тұрғылықты жері (пошталық мекенжайы) бар әр азаматтың атына барлық қажетті түсіндірме ақпаратты көрсете отырып, сайлауға қатысуға шақыру-хат жібереді. Бір қызығы, сайлауалды үгіт дауыс беру күнінен 50 күн бұрын басталып, сайлаушылар дауыс берген күні аяқталады, осылайша «тыныштық күні» болмайды. Алайда дауыс беру күні дауыс беруге арналған үй-жайдың ішінде және дауыс беруге арналған үй-жайдың кіреберісінен 150 метр қашықта үгіт жүргізуге тыйым салынады. Дауыс беру үдерісі дәстүрлі түрде – қағаз бюллетеньдерді қолдану арқылы жүргізіледі. Дауыстарды санау кезінде электрондық жүйелер де қолданылмайды.
Мажарстаннан тыс жерде тұратын, бірақ оның аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелген сайлаушылар Ұлттық жиналыс, Еуропарламенттің депутаттарын сайлауда және ұлттық референдум өткізу кезінде дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің үй-жайында дауыс бере алады. Шетелде тұратын, бірақ Мажарстанда тұрақты тұрғылықты жері жоқ сайлаушылар пошта арқылы дауыс береді.
Сайлау учаскелерінде ұлттық байқаушылардың болмауын атап өту қажет. ҰСК-ның жауапты қызметкерлерінің айтуынша, ондай қажеттілік жоқ және бұл заңмен де қарастырылмаған, өйткені учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері түрлі саяси партия мен қоғамдық бірлестіктен жасақталған. Дауыс беру учаскелерінде бейнемониторинг те жүргізілмейді. Жалпы, Мажарстанда дауыс беру барысы халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнаманың талаптарына сәйкес өтті, халықаралық байқаушылар үшін сайлау барысын толыққанды байқау үшін барлық қажетті жағдай жасалды.