Палата бірінші оқылымда сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді талқылайды. Тиісті заң жобасын Парламент депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірледі. Жаңа редакцияға сәйкес Жоғарғы соттың рөлі өзгеріп, оның негізгі мақсаты сот тәжірибесін нақтылау және біркелкі қамтамасыз ету болады. Сот төрелігін тек жергілікті және кассациялық соттар ғана жүзеге асырады. Осыған байланысты Қылмыстық-процестік, Азаматтық-процестік және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстеріне өзгерістер енгізіледі.
Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем алу тәртібін жетілдіру туралы заң жобасы мен Салық кодексіне енгізілетін ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда қарау ұсынылады.
Күн тәртібінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қазақстан арасындағы цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлерінің конференциясын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да бар.
Бұдан бөлек, Мәжіліс комитеттері Қазақстан-Қатар арасындағы әскери ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау жобасы, газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтынуға қатысты заң жобаларын жұмысқа алады.