Елімізде өткен жылы аяқталған индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы туралы нендей түйіндер жасаған жөн? Осы аралықта бұл тұрғыда аймақтарда қандай жобалар жүзеге асты? Сондай-ақ, ел индустриясын өрге бастырудың жаңа көкжиектері қандай болмақ?
Міне, осындай өзекті мәселелер Мемлекет басшысы мен республика Үкіметінің ұдайы назарында болып келеді. Бұл кезең тиісті министрліктер мен ведомстволардың қызметіне де үлкен жауапкершілік пен тың міндеттер жүктемек. Осындай өршіл ахуал ауаны Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарына да тән болды десек, қателеспейміз.
Еліміздегі жетекші министрлік басшысы мұнда ең алдымен Батыс Қазақстан машина жасау компаниясына атбасын тіреп, осы өндірістік құрылымның негізінде өңірдегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жай-күйімен танысты. Аталған ұжым өз қызметін әртараптандыру бағытын қолға алған. Бұл отандық компания лицензиялық технология негізінде қондырғыларды және автоматтандыру жүйесін жөндейтін Орталық Азиядағы бірден-бір өндіріс орны болып табылады. Зауыт еліміздегі мұнай-газ саласымен айналысатын барлық кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қазір мұнда қосымша жұмыс орындарын ашу ісі қолға алынған.
Басқосу кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев министрге облыста 2010-2014 жылдары инновациялық даму бағдарламасына сәйкес алға қойылған межелер мен міндеттер толықтай жүзеге асқаны жөнінде баяндап берді. Нақтырақ айтқанда, өңірде Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес өндірістің барлық салалары бойынша өсімге қол жеткізілді. Өткен жылдың он бір айында сыртқы сауда айналымы 9,99 миллиард АҚШ долларын құрады. Біткен істің ішінде шағын және орта бизнес пен жол құрылысының және көлік қызметінің үлес салмағы жоғары.
Өңір өндірісшілерімен кездесу кезінде Ә.Исекешев басты мақсат аймақтағы елімізді тұтастай индустрияландыруға үлес қосып жүрген кәсіпорындардың тың жобаларымен танысу екендігін атап көрсетті. Әрі оларға өз тараптарынан тиісті қолдау жасалатынын жеткізді. Бұған жауап ретінде өндіріс жетекшілері де артық шығындарды азайтып мемлекет қаржысын үнемдеуге үлес қосулары керек, деді бұдан әрі Әсет Өрентайұлы.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімов министрге Орал өңіріндегі индустрияландыру ісінің даму қарқыны жөнінде баяндап берді. Оның пікірінше, мұнда Индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы сомасы 303,5 миллиард теңгенің 38 жобасы жүзеге асырылуда. Осы жобалар толықтай іске қосылған кезде жаңадан 5,2 мың жұмыс орны ашылмақ. 2010-2014 жылдар аралығында 258,6 миллиард теңгенің 34 жобасы мәреге жетіп, соның нәтижесінде 2 мыңға жуық жұмыс көзін ашуға мүмкіндік туды. Ал биылғы 2015 жылы 43,7 миллиард теңгенің екі жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл ретте тағы жүзге жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Сонымен бірге, Батыс Қазақстан машина құрастыру компаниясында өткізілген жиында Орал әуежайының өкілі сөйлеп, мұндағы ұшу-қону жолағын жөндеуден толық өткізіп болған соң әуежай жұмысының ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырғандарын айтты. Мәселенің мәнісі мынада. Өткен жылдың күзінде әуежайдағы ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталған соң, қараша айынан бастап Орал әуежайы өз жұмысын бастады. Әуежай ашылған соң іле-шала «Бек Эйр» авиакомпаниясы Орал қаласына ұшуларын жалғастыра бастады. 2015 жылдың қаңтарында «Эйр Астана» авиакомпаниясы екі техникалық тексеріс өткізіп, техникалық емес сынақ ұшуын жасады. Ал 12 қаңтардан бастап Алматы – Орал бағытындағы ұшақ рейсі тұрақты түрге түсті. Қалпына келтіру жұмыстарының екінші кезеңі аяқталған соң «Эйр Астана» авиакомпаниясы «Орал – Амстердам» бағыты бойынша тұрақты рейсті қалпына келтіруді, сонымен бірге, «Астана – Орал – Астана» бағытында рейс ашу мүмкіндігін қарастыруда.
Сондай-ақ, «Бек Эйр» авиакомпаниясы да Оралдан Мәскеу және Санкт-Петербургке қарай екі рейс ашып, өзінің ұшу аумағын кеңейтуді көздеуде. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мықтыбаевтың айтуынша, бұл жоспарлар әуежайдағы жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ғана іске асырылмақ. Орал әуежайы биыл ұшу жолағын 400 метрге дейін ұзарту және 60 метрге кеңейтуді жоспарлауда.
Кездесу қорытындысында Инвестициялар және даму министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі арасындағы ортақ, бірлесіп атқарылатын жұмыс жоспарына қол қойылды.
Бұдан соң Ә.Исекешев өткен жылдың аяғында құрылысы аяқталған Орал трансформатор зауытының жәй-күйімен танысты. Еуропалық стандартқа сай ең заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған бұл зауыттың жұмысы негізінен, кернеу қуаты 6-10 киловатт болатын трансформаторларды шығаруға бағытталған. Серіктестік құрылтайшысы Сайдолла Қожабаевтың айтуынша, биылғы ақпан айында зауытты монтаждау жұмысы толық аяқталып, наурыз айынан бастап алғашқы өнімдерін шығара бастайды. Кәсіпорынның өндіріс қуаты жылына – 12000 дана. Зауыт толықтай жұмысқа кіріскенде шамамен 700-дей жұмыс орны ашылмақ. Жаңа инновациялық жобаның экспортқа бағытталған өнім шығаратынын жеткізген өндіріс жетекшісі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өнімнің 90 пайызын көрші Ресей еліне экспорттауды жоспарлап отырғандарын айтты.
Бұдан соң Инвестициялар және даму министрі «Орал –Каменка» автокөлік жолы бағытындағы қолға алынған жұмыстармен танысты. Осы жерде облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов пен автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сұлтанбек Бармақов министрге облыста жол құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Олардың сөзінше, жолдарды жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс толық жүзеге асқан жағдайда өңірдің өрісін кеңейтетін көлік-логистика жүйесінің қалыптасуына мүмкіндік ашылмақ. Жол құрылысы жөніндегі әңгіме барысында облыс басшысы Нұрлан Ноғаев Ресеймен шекаралас аумақта екі мемлекетке де қарамайтын иесіз жолдардың бар екенін, ондағы ойқы-шойқы жолдардың екі ортаға қатынаған жолаушыларды қинап жүргенін жеткізді. Өз кезегінде Әсет Өрентайұлы бұл мәселені шешудің оңтайлы жолдары қарастырылатынын айтты.
Жұмыс сапарының соңында Әсет Өрентайұлы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті жанындағы зертханаға соғып, бекіре балығын өсіру бағытындағы іс-қимылдарға назар аударды. Мұнда университет ғалымдарының бастамасымен қолға алынған бұл жобаға бүгінде жекелеген инвесторлар тартылып, балық өсіруге арналған кәсіпорын құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Ордабасы» ЖШС өкілінің айтуынша, өндіріс орнының құрылысы биыл шілде айында аяқталып, пайдалануға берілмек.
Ақжайық өңіріне жұмыс сапарын қорытындылаған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мұндағы индустрияландыру ісін жүргізуге байланысты жұмыстарды оң бағалады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.
Суретте: Инвестиция және даму министрі Ә.Исекешевтің Орал өңіріне сапарынан көрініс.
Суретті түсірген
Рафхат ХАЛЕЛОВ.