Қарыз. Оны қайтару парыз
Қаржы дағдарысының алғашқы екпініне әупірімдеп жүріп төтеп берген АҚШ 2014 жылды жақсы нәтижемен аяқтап келе жатқан-ды. Экономикалық өсім артты, елдегі еңбек күші 240 мың адамға көбейді, яғни жұмыссыздық деңгейі төмендеп, осыдан 7 жыл бұрынғы жағдаймен (6,7%) теңесті. Бірақ өткен жылдың желтоқсан айында мұнда кенеттен жалақы мөлшері азайып шыға келді. Дағдарыстан құтылып, енді ес жиямыз деп отырған халық тағы да әлеуметтік таршылықтармен бетпе-бет қалды. Сарапшылар бұл жағдайдың бірнеше жылға созылатынын айтады. Шынында, мұнай бағасындағы жағымсыз өзгеріс белең алып тұрғанда елдегі әлеуметтік мәселелер жақын маңда оңтайлы шешімін табады дегенге ешкімді сендіре алмайсың. Ал халықтың әл-ауқатын бұрынғыдай қалыпқа түсіруге АҚШ үкіметі қауқарсыз. Қазір мұнай баррелінің құны құлдырап барады. Ол әлі де төмендей береді дегендей пікірлер өте көп. Сарапшылардың айтуынша, оның енді қайтадан 100 долларға көтерілуі мүмкін емес көрінеді. Бұл АҚШ-ты ауыр кезең күтіп тұрғанын аңғартады. Енді осы сөзімізді тұшымды дәлелдермен нақтылай түсейік. Соңғы күндері америкалық бірнеше саясаткер мұнай нарығындағы ахуалдың ел экономикасына кері әсері туралы өз болжамдарын ұсынды. Мәселен, Орталық Азия және Кавказ институтының (АҚШ) зерттеуші директоры Мамука Церетели елдегі 38 қатпарлы мұнай кен орнының 37-сі шығыннан көз аша алмай отырғанын, мұнай бағасы әлі де төмендей беретін болса, жыл ортасына дейін ғана сақтандырылған, қымбат теңіз мұнайын өндіретін ондағы компаниялар өз жұмысын доғаратынын жеткізді. Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, мемлекет қарызға белшесінен батып отыр. Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (АҚШ) аға ғылыми қызметкері Эдвард Чоу мәлім еткендей, мемлекеттік қарыз деңгейі елдің ішкі жалпы өнімінен 100 пайызға жоғарылап кеткен. Сондай-ақ, маман мұның әлемдегі ең үлкен көрсеткіш екенін айта келіп, алдағы 2 жылдың шеңберінде елге рецессия ауыз салуы мүмкін деген болжамын алға тартады. АҚШ-тың Charles Koch Institute атты зерттеу-оқыту орталығының бюджет және әлеуметтік бағдарламалар бойынша маманы Элисон Акоста Фрейзер болса, елдің экономикалық аса қауіпті жолмен келе жатқанын, сондықтан да алдағы жылдарда бюджет тапшылығы 2009 жылдағыдай деңгейге жететінін айтып, өз алаңдаушылығын білдіріпті. Ол 2009 жылы мемлекеттік шығындар 3,5 трлн. долларды құрағанда, бюджет тапшылығы 1,4 трлн. долларға көтерілгенін еске сала отырып, қазіргі таңда да осы жағдайдың қайталануына алғышарттар бар екенін меңзейді. Э.Фрейзер бұл алғышарттардың бірі ретінде 2014 жылы федералды бюджеттің шығыны дәл 2009 жылдағыдай 3,5 трлн. долларды құрағанын атап өткен. Негізінде, сарапшының «АҚШ алдағы уақытта бюджет тапшылығының азабын тартады» деген мазмұнда ой түюіне осы көрсеткіш итермелеген секілді. 2014 жылғы желтоқсан айының басында штаттардың бұқаралық ақпарат құралдары елдің мемлекеттік қарызы 18 трлн. долларға, яғни 70 пайызға өскенін жарыса жазды. Осыдан-ақ біз АҚШ-тың қиын жағдаймен бетпе-бет тұрғанын ұғамыз. Шын мәнінде аяққа оратылып, етекке жармасқан қарызының пайызын төлеу АҚШ-тың экономикалық өсімін тежейтіні, биліктің ойламаған жерден туындаған қиындықтарды реттеу мүмкіндігін шектейтіні анық. Мұны түсіну үшін экономист-сарапшы болудың қажеті де жоқ шығар. Кейінгі уақытта атқарушы билік елдегі экономикалық сүреңсіз жағдайларды мойындай бастаған секілді. Сарапшылардың сөздеріне қарағанда, өсе түскен мемлекеттік қарыз бен оның пайыздық төлемдеріне жұмсалып жатқан шығындар үкіметті түрлі әлеуметтік топтарды қамтамасыз етуге қатысты саясатын қайта қарауға мәжбүр еткен. Сондай-ақ, билік халыққа қаржылай қолдауға қатысты құрғақ уәде беруін азайтқан. Айта кетейік, таяуда АҚШ-тың NBC телеарнасы мен The Wall Street Journal газеті ел халқының басым бөлігі үкіметтің қаржы дағдарысына қатысты ресми мәліметтеріне сенбейтінін мәлімдеген-ді. Бұдан бөлек, арнайы жүргізілген сауалдамалар америкалықтардың 62 пайызы өз елдеріндегі экономикалық жүйені әділетсіздік жайлаған деп есептейтінін көрсетіп беріпті. Қысқарта айтсақ, баяғы дәурені басынан көшкендей күйге енген АҚШ-тың әл-ауқаты, күш-қуаты әлсірей түскен. Дағдарыс алып елдің аяғына тұсау салғандай.Канада бюджетінің бір бүйірі солқылдап тұр
Канада өзінің 2015-2016 жылдарға арналған бюджетін мұнай бағасының арзандап кеткеніне байланысты қабылдай алмай отыр. Өткен аптаның соңында елдің Қаржы министрі Джо Оливер осыған қатысты: «Мен 2015 жылдың сәуір айына дейін бюджет жобасын талқылауға ұсына алмаймын. Біз нақты бір шешімге келгенше әрбір мәселені мұқият тексеруіміз керек», деп мәлімдеді. Жаңа жылдың алғашқы айы да аяқталуға таяп келеді. Ал Канада үкіметі осылайша мемлекеттік бюджетті бекітуге асығар емес. Бұған дейін премьер-министр Стивен Харпер қолданыстағы бюджеттің тапшылығы 2,9 млрд. Канада долларын ($2,58 млрд.) құрағанын айта келіп, алдағы екі жылда мұндай кемшілік орын алмайтынын, молшылық болатынын айтқан-ды. Демек, үкімет басшысының осы сөзіне орай, яғни қазына тапшылығын туындатпау үшін билік тарапынан асығыс, жүрдім-бардымға салынып шешім қабылдауға жол берілмейді. Жалпы, тиісті орындардың сақ қимылдауынан-ақ елді біршама қиындықтар күтіп тұрғанын аңғаруға болады. Қазірдің өзінде мұнда күн сайын күрделеніп келе жатқан маңызды мәселелер жетерлік. Бұларды дер кезінде оңтайландыру үшін тиісті шаралар қарастырылмаса, Канадада түрлі әлеуметтік-экономикалық жағдаяттар ушығуы әбден мүмкін. Қазіргі таңда «қара алтынның» арзандауы кесірінен елдегі дәстүрлі емес мұнай өндіру компаниялары банкрот жариялай бастады. Өйткені, мұндай өндіріс ошақтарына инвестиция салуға тәуекел ететіндер табылар емес. Жақында Канаданың ең ірі мұнай өңдеуші компанияларының бірі – Suncor Energy 2015 жылға арналған бюджетін 1 млрд. Канада долларына қысқартты. Бұдан бөлек, құрылым 1 мың қызметкерін жұмыстан шығаратынын жариялады. Оған қосымша, мамандар санын кеміту еншілес мекемелерден басқа, компанияның бас кеңсесінде де жүргізілетіні мәлім болды. Бұл мәселенің бергі жағы ғана. Егер жағдай одан әрі күрделене түссе, қазіргі таңда кәсіпорында жұмыс істеп, нәпақасын айырып жүрген 14 мыңға жуық адам далада қалуы ғажап емес. Құбылмалы заманға дауа бар ма? Өткен жылдың қарашасында ғана компания басшылығы: «Кәсіпорын шығынын өтеуге 7,5 млрд. доллар қаралды», деп бөріктерін аспанға атып, жаһанға жар салған-ды. Бірақ асқақтаған көңілді жаһандағы мұнай бағасының төмендеуі су сепкендей басып тастады. Осы мәселелерге қатысты Suncor Energy компаниясының бас атқарушы директоры Стив Уильямс: «Жұмсалатын қаржы көлемі кәсіпорын активтерінен басым болуы керек. Біз осындай ұстанымды басшылыққа алып, шығындарды қысқарту туралы шешім қабылдадық. Сонымен бірге, баға көрсеткішін үнемі мұқият қадағалап отыратын боламыз. Қажет жағдайда дереу тиісті шаралар қабылдаймыз. Әлемдегі мұнай құны жоғары қарқынмен төмендеп барады. Сарапшылардың алдағы күндерге жасаған болжамы көңілге ешқандай сенім ұялатпайды. Олардың ойынша, мұндай кері құбылысқа мұнай нарығындағы өнімдердің шамадан тыс артуы әсер етуде. Ал экспорттаушы елдердің көбі өндіріс көлемін шектеуге ешқандай талпыныс жасамай отыр. Бұл жағдайға Қытайдағы мұнайды тұтыну көлемінің артуынан еш пайда жоқ», деді. Жалпы, Suncor Energy компаниясы Канаданың Альберта провинциясындағы мұнай қорын өндірумен шұғылданады. Аталмыш кен орындарын игеру жұмысы өте күрделі және үлкен қиындықтармен жүзеге асады. Мұндағы жұмыстарды іске асыру үшін ірі көлемдегі қаржы қажет. Сарапшылардың сөзіне сенсек, Канада бюджетінің бір қабырғасын жауып тұрған мұнайлы аймақтағы ірі өндіріс орнын қаржыландыруды қысқарту елдің экономикасына айтарлықтай салмақ салып, тығырыққа тірейтін көрінеді.Шаруасы шатқаяқтаған Шотландия
Еуропалық одақ аумағындағы мұнай мен газ қорының 60 пайызына иелік ететін Шотландияның энгергетикалық ресурстар саласы демігіп тұр. Бұл туралы жаһандық ақпарат көздеріндегі соңғы мәліметтерге көз жүгіртсеңіз, нарықтағы мұнай саудасына қатысты сүреңсіздіктер ел экономикасының еңсесін езіп тұрғанын тез аңғара қоясыз. Қазіргі таңда тиісті шаралар қабылдауға шұғыл кірісіп кеткен жергілікті билік дағдарысқа қарсы әрекеттерді жүзеге асыруға байланысты арнайы топ құру қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Бұл жұмыс тобына аймақта туындағалы тұрған күрделі мәселелерді зерттеп-зерделеп, экономикалық дамуды қамтамасыз ету, бюджет тапшылығының алдын алу және азаматтарды кәсіпкерлік пен инновацияға ынталандыру міндеттері жүктелмек. Шотландияны қырына алғалы тұрған қауіптердің бетін қайтару – тек жергілікті биліктің ғана емес, бүкіл Ұлыбритания корольдігінің ортақ ісі. Өйткені, аймақ экономикасындағы түйткілдер, дәлірегі, энергетикалық индустрия саласындағы тоқырау онсыз да шаруасы шатқаяқтап тұрған Біріккен корольдікті есеңгіретіп жіберетіні сөзсіз. Сондықтан, жақында Шотландияның бірінші министрі Никола Стерджен Британия үкіметінің басшылығын туындап отырған мәселеге назар аударту мақсатында мәлімдеме жасады. Ол өз кезегінде: «Мұнай және газ индустриясына қатысты теріс салық саясаты мен шикізат бағасының төмендеуі жақын арада энергетика саласы қызметкерлерін қысқартуға әкеліп соғуы әбден мүмкін. Бұл жағдайда қол қусырып қарап отыруға болмайды. Негізінен, Солтүстік теңіз өңірі (мұнайлы аймақ) Шотландиямен қатар, Біріккен корольдік экономикасының дамуына да үлкен үлесін қосып келе жатқанын ұмытпауымыз керек», деп саладан түсетін табыс ортақ болса, онда оның ауырпалықтарын да бірлесе көтеру керек екенін Британия үкіметіне ашық ескертті. Ал Шотландияның энергетика министрі Фергус Ивинг бірінші министрдің пікіріне қолдау білдіре отырып: «Біріккен корольдік үкіметі Шотландияға тығырықтан шығуға көмектесуі тиіс. Сол үшін де Солтүстік теңіз мұнай өнеркәсібіне салықты төмендеткені жөн. Бұдан бөлек, жұмыс жүріп жатқан жаңа мұнай кен орындарына инвестиция тарту үшін қаржылай қолдау көрсетілуі қажет. Бұл бағыттағы іс-әрекеттер тез қолға алынбаса, мәселе күрделеніп кетеді», деді. Осылайша, Шотландияның билік орындары бір тықырдың таянғанын анық сезгендей, тапырақтап, өз беттерінше қам-қарекеттерін жасауда. Мәселенің қалай қарай бағыт алатынын әзірге ешкім айтып бере алмайды. Тек бір білетініміз, елдегі 225 мың адам еңбек ететін, 2 мыңдай компания жұмыс істейтін Солтүстік теңіз мұнай өнеркәсібі қаржы дағдарысының алдында «емтихан» тапсырғалы тұр. Одан қандай «баға» алатынын уақыт көрсетеді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».