Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Байланыс операторлары арасында бәсеке жоқ
Отырыста Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Бағдат Мусин және бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады. Халықты сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Барлық іс-шараны орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100%-ға жетеді. Қазір интернетті пайдаланатын ел халқының үлесі дамыған елдер деңгейінде тұр. 2020 жылға қарағанда трафик – 61,5%-ға, абоненттер саны 12,9%-ға өсті. «Speedtest Ookla» деректеріне сәйкес, біздің ел орташа интернет жылдамдығымен әлемде 66-орында (43,6 Мбит/с).
Ауылдық елді мекендерде байланыстың қолжетімділігі мәселесіне де жіті назар аударылды. Мәселен, бүгінде 6 290 ауылдың 2 606-на оптикалық желі тартылды. Ал мобильді интернет 4 866 елді мекен тұрғындарына қолжетімді. Қолданыстағы салық жеңілдіктері аясында 2023 жылы 1 161 ауыл 4G технологиясына қосылған.
Байланыс операторларының лицензиялық міндеттемесіне сәйкес, 1 076 ауылды интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ұлттық жоба аясында мемлекет-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 010 ауылда оптикалық байланыс желісін тарту көзделіп отыр. Жобалар қорытындысына сәйкес 2,4 млн адам интернетке қол жеткізеді деп күтіледі. Барлық жоба байланыс операторларынан 340 млрд теңгеден астам көлемде жеке инвестиция тартуды көздейді.
Республика бойынша 20 қалада 1 144 5G базалық станса орнатылған. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында 5G-ді дамытуға қатысты жұмыстар жалғасады. Жалпы, 2027 жылдың соңына дейін байланыс операторларының салаға салатын инвестиция көлемі 450 млрд теңгеден асады. Үкімет басшысы жылдам интернет – цифрландырудың негізі, ал байланыс қызметтерінің көлемін арттыру экономикалық өсудің маңызды аспектілерінің бірі екенін айтты. Осы орайда тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі қажет екенін ескертті. Сөйтіп, республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобильді интернеттің болуы аса маңызды шараның бірі екенін назарға алды.
Өткен жылдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түсті, биылғы 5 айда мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтаған. Мәселе тек шалғай елді мекендерде интернеттің нашар болуында ғана емес, ірі қалаларға, сондай-ақ шекара маңындағы пункттерге де әсер етеді. Бұл мәселелерді кідіріссіз шешіп, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуды тапсырды.
«Операторлардың әдетке айналдырған тарифтер құнын ұлғайту мәселесі жеке талқылауды талап етеді. Бәсекелестікті дамыту мақсатында байланыс қызметтерінің тарифтерін мемлекеттік реттеу алып тасталғаны белгілі. Бәсекелестік қана бас реттеуші болуға тиіс. Алайда әзірге бұл байқалмай тұр. Барлық операторда баға шамамен бірдей. Бұдан басқа, Салық кодексінің аясында операторлар үшін радиожиілікті спектрге 90% мөлшерінде жеңілдік көзделген. Осы ретте операторлар лицензиялық міндеттемелерге сәйкес үнемделген қаражатты байланыс инфрақұрылымын дамытуға инвестициялауға тиіс. Сондықтан министрлік монополияға қарсы органмен бірлесіп операторлардың өз міндеттемелерін толыққанды орындауын және бағалық сөзбайласу мен тарифтердің негізсіз артуына жол бермеуді қамтамасыз етуі қажет», деді О.Бектенов.
Елімізде Каспий теңізінің түбімен және еліміздің батысынан шығысына дейін талшықты-оптикалық маршрутты жүргізу бойынша ірі жобалар іске асырылып жатыр. Отандық оператор – «Қазақтелеком» АҚ жобаны іске асыру Еуропа мен Азия арасындағы деректер транзитінде ел үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ ірі «Big Tech» компанияларды тартуға әрі ұсынылатын контенттің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұтастай алғанда, елімізге мультипликативті әсер етеді. Мұндай маңызды жобаларды іске асыру бейінді министрліктің ерекше бақылауында болуға тиіс екенін айтқан Үкімет басшысы елдегі интернет пен байланыс сапасы мәселесін қарау қорытындысы бойынша тиісті органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.
Біріншіден, Цифрлық даму министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп бастапқы кезеңде үш ай мерзім ішінде облыс орталықтары бойынша «ақтаңдақтарды» анықтау бойынша талдау жүргізіп, мобильді байланыс қызметтерінің сапасын арттыру бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуі қажет. Бұдан әрі азаматтардан түскен өтініштерді ескере отырып, аталған жұмысты барлық елді мекенде жүргізуі қажет.
Екіншіден, байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерді орындау мәселесін жүйеге келтіру керек. Цифрлық даму министрлігі байланыс операторларымен бірлесіп жүктелген міндеттемелерге сүйене отырып, екі ай мерзімде жаңа 4G базалық стансаларын орнатып, тіркелген интернеттің ескі жабдықтарын ауыстыру жоспарын бекітуі қажет.
Үшіншіден, су тасқыны кезеңінде бірқатар өңірде электрмен жабдықтау және базалық стансалардың ажыратылу проблемаларына орай байланыс үзілген болатын. Цифрлық даму министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп бір ай мерзімде төтенше жағдай кезеңінде спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану мүмкіндігі мәселесін қарастыруы керек.
Суға түсерде сақтық қажет
Шомылу маусымы кезінде қауіптің алдын алу шаралары туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов есеп берді. Сондай-ақ Ішкі істер, Оқу-ағарту және Көлік министрлері баяндама жасады. Жазғы кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін еліміз бойынша су айдындарында 42 құтқару бекеті жұмыс істейді. Келесі жылы Шалқар, Имантау көлдерінде, сондай-ақ Қосшы қаласында 3 модульдік стансаның құрылысы аяқталады. Сонымен қатар қайықтар мен құтқару құралдарымен жабдықталған мобильді посттар құрылды. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп шомылуға және демалуға рұқсат етілген орындарды көбейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде ел бойынша осындай 708 орын жабдықталған. Жағажайлардың орналасқан жері туралы деректер 2GIS платформасында орналастырылған.
Судағы қауіпсіздікті бақылау, оның ішінде су айдындарының жағалауларында спирттік ішімдіктерді тұтыну фактілерінің жолын кесу жөніндегі профилактикалық іс-шаралар аясында акваторияларға патруль жүргізіледі. Жыл басынан бері 26 мыңнан астам рейд ұйымдастырылып, 3 мыңға жуық құқық бұзушы жауапқа тартылды.
Үкімет отырысында су айдындарына жақын жерде ұйымдастырылған балалар демалысы мәселесіне ерекше назар аударылды. Мониторингтік топтар суға шығатын 31 қала сыртындағы лагерьді және өз бассейндерімен жабдықталған 127 демалыс базасын тексерді. Статистикаға қарасақ, жыл сайын елдегі су айдындарында 200-300-дей суға кететін адамның 100-ге жуығы балалар екен.
Премьер-министр өңір әкімдіктеріне судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі алдын алу шараларын күшейтуді, оның ішінде жүргізіліп жатқан патрульдеу шарасын арттыруды тапсырды. Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін жағдайды нақты уақыт режімінде қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізу де аса маңызды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың арқасында құрбан болғандар саны 6%-ға қысқарған.
«Алматы және Павлодар қалаларында жүзіп бару шекарасын байқауға және суға батып бара жатқандарды ерте анықтауға мүмкіндік беретін қашықтан мониторинг жасау жүйесі қанатқақты режімде сынақтан өтті. Ақтөбе облысында суға батып бара жатқан адамға батырма арқылы көмек шақыру сигналын жіберуге мүмкіндік беретін интерактивті қалқыма жобасы әзірленді. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктері осы тәжірибені зерделеп, пайдалануға тиіс. Жағажайларда бақылау камераларын орнату және тиісті бағдарламалық қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет», деген Үкімет басшысы, қоғамдық құтқарушыларды тартуға қатысты жұмысты одан әрі жандандыру қажет екенін айтты.
Ол ірі су айдындарынан бөлек арықтар мен суару каналдары да қауіп төндіретініне ерекше назар аударды. Балалардың қайтыс болу жағдайы негізінен елдің оңтүстік өңірлерінде – Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркеледі. Премьер-министр әкімдіктерге қоршаулар орнату арқылы инженерлік құрылыстарды абаттандыру мәселесін шешуді тапсырды. Сонымен қатар қалалық субұрқақтардың қауіпсіздігін тексеріп тұру маңызды екенін ескертті.
Шағын көлемді кемелерді пайдалануды бақылау бойынша қатаң шаралар қабылдануға тиіс. Ақауы бар су көлігін пайдалану көбінесе қайғылы жағдайға әкеледі. Бүгінгі таңда елімізде 19 мыңнан астам кеме тіркелген, оның 90%-дан астамы – өздігінен жүретін кемелер.