«Таза Қазақстан» • 19 Маусым, 2024

Арыс жағасындағы демалыс аймағы

53 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» экоакциясы аясында Арыс өзені жанындағы 0,65 гектар аумаққа жеміс ағаштары отырғызылған болатын. Көктемде отырғызылған жеміс бауын «Жасыл Арыс» КММ-нің мамандары күтімге алған.

Арыс жағасындағы демалыс аймағы

Көшеттерді тұрақты түрде тіршілік нәрі­мен қамтамасыз етуге 400 текше метр болатын арнайы бассейн мен екі дана су айдау қондырғысы орнатылды. Суды үнемдеу әрі өнімділікті қамтамасыз ету үшін әр көшеттің түбіне тамшылатып суару жүйесі ендірілген. Жанында орналасқан өзен суынан қоректенуі де жеміс ағаштарының тез бой алып, өнуі­не септігін тигізбек. Алма, өрік, шаб­далы, жаңғақ, тұт, жиде секіл­ді жеміс ағаштары тамыр жайып, тұрақты күтімнің нәтижесінде тұрғындарға әрі сая, әрі жемісті демалыс аймағына айна­лары сөзсіз. Сондай-ақ жуыр­да акция аясында Арыс өзені бойын тазалау жұмыстары жүр­гі­зілді. «Amanat» партиясы облыс­тық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев бастаған екі жүзден аса адам «Таза бей­сенбіде» көрікті өлкенің таза­лығын сақтауға үлесін қосты. «Ама­нат­тықтар» тазалаған аумақ­­та­ғы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бо­йын­да көлік ағыны тәулік бойы толас­­тамайды. Аптап ыстықта өзен жағалауына түсіп, тал-терек­тің кө­л­еңкесінде аялдап, дема­латын жолаушылардың саны көп. Алайда, өкінішке қарай, арнайы қоқыс жәшіктері орна­тыл­ған болса да, әр талдың тү­б­іне босаған шөлмектерін лақ­тырып, қалдықтарын шашып кете­тіндердің қатары азаймағаны эко­­а­кц­ия барысында байқалып отыр.

Облыста акция аясындағы тазалық, абаттандыру жұмыс­тары бойынша әкімдіктер мен басқармалардың жұмысы сарапталып, рейтингі жасалатын болады. Әрбір басқарма өзі жетекшілік ететін мекемелердің тазалық акцияларына қатысуын қамтамасыз етуге тиіс. Тұрғын­дар­ арасында да түсіндіру, эко­ло­гиялық сауаттылықты көтеру жұмыстарын тоқтатпау қажет. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы осындай. Ал облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, ретсіз қоқыстар тез жиналатын «ыстық нүктелерге» тиісті органдардың, полиция департаментінің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейдтік бақылау тұрақты жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда, қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 14 мыңнан аса хаттама толтырылып, айыппұлдар салынған. Табиғи ресурстарға жауапты басқармаға қоқысты алып кету бойынша елді мекендерді толық қамту қажеттілігі туралы индикаторлар қойылуда. Одан бөлек, космомониторинг арқылы ретсіз тасталынған қоқыстар анықталған орындарды жою бо­йынша жұмыстар жоспарланып отыр. «Жастар орталықтары», облыстық ҚХА, ауыл ақса­қал­дары, билері және басқа да ықпалды азаматтар игі іске жұ­мылдырылады. Облыстағы аудан­ орталықтарында қызмет көрсететін 18 мемлекеттік ком­муналдық кәсіпорынды күшейту мақсатында техникаларды алу бойынша облыстық бюджеттен қаржы қарастыруға өтінім берілді. Талдау барысында аудан, қалаларға қосымша 380 техника қажет екені анықталды.

Жалпы, өңірде «Таза Қазақ­стан» акциясы шеңберінде өткі­зілген сенбіліктердің нәтижесінде 15 449 шақырым жол, 1093 шаршы метр аяқжол тазаланды. 1270 аялдама ретке келтірілсе, 175 мыңға жуық ағаш әктелді, 346 саябақ және гүлзар ретке келтірілді. Оған қоса 60 мың шаршы метр немесе 360 шақырым су, өзен бойлары тазаланды.

 

Түркістан облысы