Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Сондай істің бірі Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Айыпталушының орындығында 5 адам отырды. Оның бірі – балаларын сатқан безбүйрек ана. Ал төрт адам оған сыбайлас болған.
«С.А. жүкті бола тұра материалдық жағдайын жақсарту үшін өзінің баласын дүниеге келген соң сататын болып, отбасылық жұп Р.Б. және Р.Г.-мен сөз байласқан. Ақшаны бергеннен кейін отбасылық жұп баланы өздеріне алған. Ал С.А. қайтадан жүкті болған. Сол кезде бөтеннің мүлкін алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен жымқыру үшін басқа екі отбасылық жұпқа баланы белгілі бір сомаға сатуға уәде берген. Алайда олардың ақшасын алып, ізін суытқан. Осылайша, жәбірленушілерге 2,3 млн теңге залал келтірілген», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Осы кезде сотталушы С.А. өзінің баласын дүниеге әкелгеннен кейін сататын болып, басқа отбасылық жұппен сөз байласқан. Отбасылық жұп бала дүниеге келгенше сотталушының шотына ақша аударып отырған. Бала дүниеге келген соң ерлі-зайыптылар оны өз отбасына алған. Отбасылық жұптар Р.Б., Р.Г. және И.Б., У.А. жаңа туған балаларды ақшаға сатып алып, әкелікті анықтап, балалардың туу туралы куәліктеріне өз атын жаздырған.
«Сот үкімімен безбүйрек ана адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бірнеше рет дәрменсiз күйдегі кәмелетке толмағандар саудасымен айналысқаны, сондай-ақ бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Ал үш бірдей отбасылық жұпқа дәл осындай әрекет үшін Қылмыстық кодексінің 55-бабының 4-бөлігін қолданумен шартты түрде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Бірақ сотталушылар мен адвокаттар бұл үкіммен келіспей, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым түсірді. Шағымданушылар сот үкімінің күшін жойып, ақтау үкімін шығаруды сұрады.
«Алқа апелляциялық шағымдарды зерделей келе, сот үкімін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз таппады. Осыған байланысты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды», деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Ал полиция қызметкерлерінің пікірінше, ата-аналар тарапынан жасөспірімдерге бақылау жасалмайды. Сол себептен, кәмелетке толмағандар түн ортасында көшеде жүреді. Мәселен, облыстық жергілікті полиция басқармасының басшысы Ерлан Биғамбаевтың дерегіне қарағанда, жыл басынан бері жасөспірімдер арасындағы заңсыздықтардың және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Жасөспірім және жауапкершілік» іс-шаралары өткізілді. Осындай іс-шараларға қарамастан, ішкі істер органдарына 2 815 адам, оның ішінде 31 жасөспірім қылмыс жасағаны үшін жеткізілген.
«Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 48 жасөспірім орналастырылды. Полицияның арнайы есебіне 89 жасөспірім алынды. Оның ішінде профилактикалық есепке қойылған 45 жасөсіпірім бар. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 41 ата-ана есепке қойылды. Қаңтардан бері балалардың қатысуымен 50-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол-көлік оқиғасынан 6 жасөспірім қаза тапқан. Ал 60-тан астам жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алып отыр», деді Е.Биғамбаев.
Ата-ана тарапынан бақылаусыз оқушыға қатысты істің бірі сотта қаралды. Бұл істе 3-сынып оқушысының 20 күн бойы сабаққа бармау себебі қаралды. Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, оқушының сабақтан бір айға жуық себепсіз қалуына анасы кінәлі деп танылып отыр. Өйткені анасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оған білім беру, сондай-ақ күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерiн орындамағаны анықталды.
Ұлының білім алуына бақылау жасамаған анасы өзінің кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін білдірді. Алайда бұл – кешіккен мойындау. Дегенмен, сот шешім қабылдар кезде оқушы анасының жеке басын, отбасылық және материалдық жағдайын, құқық бұзушылықтың сипатын ескерді. Сөйтіп, сот кәмелетке толмаған ұлдың анасына 24 мың 150 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салу жазасын тағайындауға қаулы шығарды.
Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқығын қорғауға ата-аналар ғана емес мектептердің басшылары да мән бермейді. Бұған дәлел ретінде облыстық прокуратура қызметкерлері анықтаған деректі алға тартуға болады. Мәселен, мектептерде кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты және денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 3 адам жұмыс істеген. Сонымен қатар жоғары сынып оқушыларының өздерінен кішілерді ұрып-соғу деректері бар. Осындай теріс әрекеттерді және басқа да құқыққа қарсы іс-қимылдарды жасырғаны үшін 5 мектептің директоры Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-1-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.
Атырау облысы