20 Қаңтар, 2015

Бұл кеселмен жалғыз күресе алмайсың

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Коррупция-1 Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті іштен ірітудің бастамасы және жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер туғызды. Өткенімізге көз салсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, Қазақстан әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол – Президентіміздің бастауымен алға қойылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы. Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мем­лекет пен қоғам біртұтас майдан құрып жемқорлыққа қарсы шығуы тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып табылады», деген болатын. Шынында сыбайлас жемқорлық Қазақстанның барлық табыстарына қол жеткізуге мүмкіндік туғызған мемлекетіміздің негізгі құндылығы – Тәуелсіздікке қауіп төндіреді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Елбасы 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны бекітті. Өткен жылдың соңында Елбасының «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» № 883 Жарлығы нәтижесінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылған болатын. Осыдан кейін қаржы полициясының атқарып келген міндеттері екі ведомствоға бөлініп, коррупцияға қарсы күрес агенттігі өзінің жиырма жылдық тарихындағы тағы бір белестен өтті. Әрине, Президенттің мемлекеттік басқару құрылымындағы өзіндік орны болған екі органды қосу жөніндегі шешіміне әсер еткен объективті себептер жоқ деуге болмас. Бұл жерде ең бастысы – қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытына қоғамды жұмылдыру. Ал бұл бағытта қоғамды жұмылдыру үшін қоғамның тиісті органға деген сенімі нығаюы тиіс. Менің пікірімше, бұрынғы қаржы полициясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы кәсібилігі мен мемлекеттік қызмет істері агенттігінің стиліндегі қоғаммен сенімді байланысын ұштастыру қажет болды. Яғни, жаңа агенттікте құқық қорғау органының мәртебесі сақталғанмен, оны милитаризациядан сақтау қағидаты көзделді. Қазіргі таңда агенттіктің құқық қорғау қызметін атқаратын қызметкерлерде әскери шендер алынып тасталды. Сондай-ақ, жеке құрамның қатары әкімшілік мемлекеттік қызметшілермен толықтырылды. Біздің қызметкерлер үшін қызмет ету барысында ұстануға тиіс арнайы әдептілік нормалары әзірленіп, барлық қызметкерлер қарапайымдылықты дәріптейтін ерекше міндетті шектеулерді қабылдады. Осыған сәйкес Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде біраз өзгерістер орын алды. Жұмыс сапалы, нәтижелі болу үшін алдымен білімді, білікті мамандар қажет. Қызметкерлерді іріктеу оңай болған жоқ. Департамент қатарына үміткерлерді, оның ішінде тек әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға ғана емес, құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын лауазымдарға да іріктеу кезінде тәуелсіз бақылаушыларды шақыртып, жариялылықпен, шыншылдықпен өткізуге барымызды салдық. Ал­дағы уақытта жұмыс сыбайлас жемқорлықтың нәтижесімен ғана емес, оның алдын алуына бағытталатын болады. Яғни, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың басым бөлігін департамент құрамындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту және қоғаммен өзара әрекеттесу құрылымдық бөлімі арқылы 9 бағытта жүзеге асырылмақ. Олардың ең негізгісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту жұмыстары және мемлекеттік органдарда және ұйымдарда жем­қорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдату бағытындағы жұмыс. Қоғамды дендеген, жең ұшынан жалғасқан парақорлықпен күресуді жалғыз құқық қорғау органдарына жүктеп қоюға болмайды. Бұл дертпен сіз болып, біз болып қарсы тұруымыз қажет. Мақсат ҚОЖАБАЕВ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы. Жамбыл облысы.