Қоғам • 19 Маусым, 2024

Баспана бақыты: ERG компаниясы мен Отбасы банк жаңа жобаны жүзеге асырып жатыр

158 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Eurasian Resources Group (ERG) және «Ақсу ферроқорытпа зауыты» АҚ мен «ERG Service» ЖШС қызметкерлері үшін «Арманға жол» атты форум өткізілді. Аталған кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген азаматтар Отбасы банк ұсынатын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған ипотекалық қарыз алу шарттары туралы кеңірек мағлұмат алды.

Баспана бақыты: ERG компаниясы мен Отбасы банк жаңа жобаны жүзеге асырып жатыр

Өткен жылдың соңында Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Ақсу электр станциясы мамандарының тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған жеңілдетілген бағдарлама қолға алынған еді. Оған қатысқан қызметкерлерге Отбасы банк жылдық 5% үстемемен (ЖТСМ мөлшері 5,2%-дан бастап 5,3%-ға дейін) займ береді. Қарыз алушылардан талап етілетін бастапқы жарна межесі – бар болғаны - 10%. Бұл Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек, Отбасы банк Павлодар облыстық филиалының директоры Талғат Баилов және Қазақстандағы ERG-дің Бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаевтың өзара түсіністік пен әріптестік туралы үшжақты меморандумға қол қоюының нәтижесінде жүзеге асты. Оған сәйкес бағдарламаны іске асыру үшін әр тарап 300 млн теңгеден бөлетін болып уағдаласты. Нәтижесінде бағдарламаның ипотекалық қаржы қоры 900 млн теңгені құрайды. Отбасы банктің шарттарына сүйене отырып, әр пәтердің құны шамамен 17 млн теңге деп есептесек, бұл қаражат 52 отбасының жеңілдікпен пәтер сатып алуына жеткілікті. Жалпы мұндай ипотекалық жоба ERG-дің өзге де кәсіпорындары орналасқан Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында да сәтті іске асырылып жатқан көрінеді. Ал Павлодар облысында биыл алғаш рет қолға алынғалы отыр.

«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның әлеуметтік мәселелер жөніндегі басшысы Айдос Адай атап өткендей, үміткерлерді іріктеу барысында акционерлік қоғамда арнайы құрылған тұрғын үй комиссиясы әкімдіктің кезегіне тұрған мамандарға басымдық береді. Қызметкерлер сатып алатын пәтердің Ақсу қаласында жаңа немесе екінші нарықтан боларын өздері таңдайды.

«Бүгін Ақсу электр станциясында өтіп жатқан «Арманға жол» форумына қатысқаныма қуаныштымын. Себебі, біз өз қызметкерлеріміздің жайлы жағдайда жұмыс істеп қана қоймай, жайлы баспанада тұруын қалаймыз. Форумға қатысқан 200-ден астам қызметкер өздері үшін пайдалы ақпарат алды деп ойлаймын. Іс-шараға «ERG Service»  ЖШС-нің де өкілдері қатысты. Азаматтардың кейбірі жаңадан үй алғысы келсе, енді бірі тұрып жатқан үйін кеңейткісі келеді. Ал тағы бірі балаларының келешегін ойлап, депозит ашуды армандайды. Балаларымыздың жарқын болашағына негізделген «Aqyl» депозиті, сондай-а «Ұлттық қор - балаларға» жобасы жайында да банк өкілдері өте  пайдалы мағлұматтар берді. Әсіресе, қызметкерлер Отбасы банкте 18 ай бойы депозитке қаражат жинап, 20 пайыз алғашқы жарнаны құюмен екінші нарықтан пәтер сатып алуға болатын мүмкіндік біздің компания мамандарын  қуантқаны байқалады. Қарапайым жұмыс адамдары көбіне мұндай бағдарламаларды білмей жатады. Сондықтан Отбасы банк өкілдері арнайы келіп, қызметкерлерімізге барлығын түсіндіріп беріп жатқаны өте үлкен артықшылық деп ойлаймын. Бұл форум  - ERG компаниясы және Отбасы банктің бірлесуімен ұйымдастырылып отырған жоба. Біздің кәсіпорында 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Алдағы уақытта ұйымда тұрғын үй кезегіне мұқтаж жандардың әлеуметтік жағдайы мен кезегін анықтайтын арнайы автоматты жүйе құрылады. Сол арқылы қызметкерлеріміздің қаншасы баспанаға зәру екенін біліп отыратын боламыз. Қызметкер халыққа қызмет көрсету орталығында құжаттарын тиісті үрде рәсімдеп келген соң, әлгі жүйеге тіркеледі. Арнайы комиссия оларды іріктеуден өткізіп, үміткерлерді таңдайтын болады. Егер пәтер сатып алуды қалайтын азаматтарымыздың саны көбейетін болса болашақта бағдарламаны қаржыландыру көлемін ұлғайтып, жоба әрі қарай жалғаса береді», деп әңгімеледі Айдос Адай.

 

Соңғы бес жылда Отбасы банктің бағдарламаларын қолдану нәтижесінде ERG компаниясында еңбек ететін 600-ден астам адам баспаналы болған. Жалпы алғанда 2009 жылдан бері ERG қызметкерлерінің қатарындағы 2 мың отбасы тұрғын үймен қамтылған.

щ

«Отбасы банк ERG компаниясымен 5 жылдан астам уақыт бойы әріптестік байланыста жұмыс істеп келеміз. Әуел баста арендалық-жинақтық тетікпен пәтерлерді беру  жүйесін бірлесе енгіздік. Аталған компания өз бетімен баспаналар салып, оларды жас мамандарға, бағалы кадрларына жалға ұсынды. Бұл азаматтар ай сайын пәтерді жалдау ақысынан бөлек, баспананы толықтай өз меншігіне сатып алу үшін арнайы шотқа қаражат жинады. Арада үш жыл өткенде өздері жинап келген қаражатты алғашқы жарна ретінде салып, біздің банк жылдық сыйақы үстемесі небәрі 5 пайызбен (ЖТСМ 5,2%-дан бастап 5,3%-ға дейін) ипотекалық несие ұсынды. Компания барлық қызметкерлеріне тұрғын үй салып беруге үлгермейтінін байқаған соң өзге де несиелік бағдарламаларымызға қатысуға ниет танытты. Осылайша ERG-дің Ақтөбе, Павлодар, Қостанай облыстарындағы кәсіпорындарында еңбек ететін қызметкерлер үшін алғашқы жарнасы 10 пайыз, жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен (ЖТСМ 5,2%-дан бастап 5,3%-ға дейін)  несие ұсынуды бастадық», дейді форумға арнайы келіп қатысқан «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

ш

Форумда Отбасы банктің өкілдері «Наурыз», «Отау», «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламалары мен «Aqyl» депозиті туралы кеңірек ақпарат ұсынды. Қаржы ұйымынан ипотекалық қарыз алып, баспаналы болған азаматтардың мысалдары келтірілді. Мәселен Тереңкөл ауданында ұзақ жыл тұрып, кейін Ақсу қаласынан 12 млн теңгеге баспана сатып алған зейнеткердің тәжірибесі айтылды. 57 жасар әйел адам Отбасы банктен депозит ашып, 6 жыл бойы алғашқы жарна жинаған. Нәтижесінде 63 жасқа келгенде банктің көмегімен Ақсудан жайлы пәтер сатып алған. Отбасы банк арқылы армандаған баспанаға қол жеткізгендердің қатарында ERG компаниясына жаңадан орналасқан жас мамандар да баршылық. Солардың бірі – Абылайхан Дюсеков.

«Ата-анам мектепте оқып жүрген шағымда Отбасы банкінен депозит ашып, менің атыма ақша жинап жүрді. Соның арқасында жақында ипотекаға 2 бөлмелі пәтер алдым. Жасым 23-те. Отбасы банкінің ұсынып отырған барлық мүмкіндіктері үшін алғыс айтқым келеді», дейді жас маман.

Ал Ақсу электр станциясындағы учаске басшысы Дәулет Сағандықов 2018 жылы банкте депозит ашып, арада 3 жыл өткенде аңсаған пәтерін сатып алғанын баяндады. Айтуынша, ата-анасы зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асқан соманы қосып, үйді жылдам сатып алуға септігін тигізген.

щ

«Отбасы банк арқылы пәтер сатып алуды армандап жүрмін. Себебі несие шарттары біз сияқты еңбек адамдары үшін тиімді. Бұрын жаңа баспана алу үшін банкте 50 пайыз жарнасын жинауға тура келетін. Ал қазір халыққа тиімді жаңа бағдарламалар бар екенін біліп жатырмыз. Әсіресе, «Наурыз» бағдарламасы арқылы 20 пайыздық алғашқы жарнаны құйсаң, кез келген қаладан қалаған пәтеріңді сатып алуға болады екен. Өзге біреудің пәтерін жалдап тұрғанша, өз пәтерің үшін төлеген әлдеқайда жақсырақ. Депозитім жиналып тұр, енді пәтер таңдаудамын», деп өз пікірін бөлісті форум соңынан Ақсу электр станциясындағы сорғы станциясының жөндеу жөніндегі инженері Данияр Тоқсанбаев.

Басында үйі бар адамның ертеңге деген сенімі артып, отбасында тұрақтылық пен береке болатыны мәлім. Ендеше Отбасы банк пен ERG ұсынып отырған жаңа жоба алдағы уақытта жүздеген жанұяға баспана қуанышын сыйлайды деген ойдамыз.

 

 

Павлодар облысы

Ақсу қаласы