Адамдар көп жағдайда сақтық шараларын естен шығарып алып жатады, бүгінгідей ауа райының құбылмалы кезінде қанша ескертілсе де, жолға шығып кететін оқиғалар аз кездеспейді.
Жақында солтүстікқазақстандықтардың ұялы телефондарына «112» нөмірі арқылы облыс аумағында күннің күрт суытып, желдің күшейетіні туралы жедел хабар жолданған болатын. Алайда, кей елді мекен тұрғындары бұған құлақ аспастан жолға шыққан. Ақыры не болды дейсіз ғой? Тек Шал ақын ауданында ғана 175 адам қар құрсауында қалған.
«ҚазАвтоЖол» АҚ пен СҚО ішкі істер департаментінің өзара келісімімен республикалық және жергілікті маңыздағы барлық жолдардың жабылатыны жайлы хабардың түскеніне қарамастан, бірқатар төтенше оқиғалар орын алды. Атап айтқанда, Тимирязев, Аққайың, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Қызылжар, Жамбыл аудандарында 151 көлікке мінген 382 жолаушыға жедел көмек беруге тура келді.
Семиполка ауылына бара жатқан жеңіл көлік ішінде өзге жүргіншілермен бірге жүкті әйел де болған. Осындай бейқамдықтың ақыры опық жегізіп жатса кімді кінәлауға болады?
Наталья ПОПОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі
департаменттің бас маманы.
ПЕТРОПАВЛ.