Саясат • 20 Маусым, 2024

Тәуелсіз кассациялық соттар құрылмақ

113 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжілісте Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста ел дамуына елеулі үлес қосар заң жобалары талқыланды. Әсіресе іс жүргізу түрлері бойынша құрылатын тәуелсіз кассациялық соттар құру туралы заң жобасы төңірегінде ұзақ талқылау болды.

Тәуелсіз кассациялық соттар құрылмақ

Әділет органдарының рөлін күшейту қажет

Кассациялық соттар жайында Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ баяндама жасады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы 14 маусым күні өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында мақұлданған Конституциялық заң жобасының ажырамас бөлігі саналады. Заң жобасы шартты түрде үш блокқа бөлініп отыр. Баяндама барысында Ү.Шапақ осы үш бөлікке жеке-жеке тоқталды.

– Біріншісі – «Қазақстан Респуб­ли­касының Жоғары Сот Кеңесі туралы» заңға енгізілген түзетулер. Ол сот актісі шығарылған кезде судья заңдылықты өрескел бұзуға жол берген әрбір күшін жойған сот актісін тексерудің жаңа тетігін енгізуге байланысты сот жюриінің жұмы­сын жетілдіру мәселесі. Екіншісі – әкімшілік әділет. Мемлекет басшысы мемлекеттік басқаруды қайта іске қосу қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Саяси қызметшілердің дербес жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса назар аудару қажет. Жоғарғы Сот жартыжылдық негізде мемлекеттік органдардың қызметіне олардың әкімшілік актілеріне немесе іс-әрекеттеріне шағымдану туралы талап-арыздарды сотта қарау нәтижелері бойынша белгіленген проблемалар мен кемшіліктерді анықтау тұрғысынан талдау жасайды, – деді баяндамашы.

Депутаттың айтуынша, өткен жылы мемлекеттік органдарға қойы­латын талаптардың қанағат­тан­дырылуы 63%-ға жеткен. Яғни ұтылудың тұрақтылығы мемле­кеттік органдардың әлі де сот практикасын ескере отырып, әкімшілік қызметтің біркелкілігін қам­тамасыз етудің тиісті шараларын қабыл­дамайтындығын көрсетіп отыр.

Бұдан бөлек, баяндамашы сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануға байланысты істерге де назар аударды.

– ӘРПК-ні қабылданғаннан кейін мұндай істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады. Атқарушылық іс жүргізу туралы заң сот орындаушысының әрбір әрекетіне шағымдану құқығын береді. Бүгінде мұндай құқықты борышкерлер асыра пайдаланады.

Сот орындаушылары бұзушы­лық­тарды растайды және келіседі. Жоғарғы Соттың мәліметтеріне жүгінсек, сот орындаушыларымен істердің 55%-дан астамы олар­дың заңсыз әрекеттерін растаумен аяқталады. Сондықтан мұн­дай даулар бойынша әділет орган­дарының рөлін күшейтіп, олар­ға сот орындаушыларының қаулы­лары­ның күшін жою құқығын беру орынды деп санаймыз. Бұл атқару­шылық іс жүргізуді жедел орындауға мүмкіндік береді, – дейді Үнзила Шапақ.

 

Кассациялық саты жетілдіріледі

Баяндамашы тоқталған заң жо­басының үшінші блогі кассация­лық сатыны жетілдіру мәселесіне қатысты.

– Сот ісін жүргізу мәселесі ең өткір, күрделі және өзекті мәсе­лелер­дің бірі болып қала береді. Сот төрелігін жүзеге асыру­дың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі әр сот сатысы жұ­мысының тиімділігіне тікелей байланысты. Кассацияның бүгінгі моделі азаматтар мен заң қоғамдастығы өкілдері тарапынан елеулі сынға ұшырап отыр. Азаматтық және қыл­мыстық iстер бойынша касса­циялық өтiнiшхаттарды алдын ала қараудың тәртiбi мен шарттары әртүрлi. Азаматтық істер бойынша судья азаматтардың өтінішхат­тарын алқалы қарауға беру туралы ше­шім қабылдайды. Қылмыстық істер бойынша тек 2023 жылдың шілдесінен бастап кассациялық өтінішхаттарды алқалы алдын ала қарауға көшу жүзеге асырылды. Бірақ бұл тәртіп те жетілдірілмеген, себебі бір «үштік» судьялар алдын ала қарайды, ал екінші «үштік» судья­­лар істі мәні бойынша қайта қараған кезде әріптестерін қолда­мауы мүмкін, бұл процеске қатысу­шы­лардың наразылығын тудырып отыр, – деген депутат мұндай шағым­дар тек әкімшілік әділет тәжі­ри­бе­сінде жоқ дейді, өйткені онда «жаппай кассация» жұмыс істейді.

– Барлығы «жаппай кассация» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс, яғни істер бірден кемінде 3 судьядан тұратын құрамның қарауына түсуге тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Жоғарғы Сот кәсіпкерлермен және заң қоғамдастығымен дербес кассациялық саты құру мәселесі бойынша консультациялар раун­дын, яғни кездесулер өткізді. Қорытындылары бойынша дербес кассациялық сатының жаңа моделі ұсынылды. Яғни бұл жерде елордада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша 3 кас­сациялық сот құру туралы сөз болып отыр, – деді баяндамашы.

Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қор­ғаудың сапасын арттыруға мүм­кіндік беретін заң жобасының негізгі новеллалары туралы егжей-тегжей айтып өткен Ү.Шапақ өзге деп­утат­тар­дың сұрақтарына да жауап берді.

Мәселен, депутат Ерлан Саиров заң жобасын қолдайтынын айтып, баяндамашы мен Жоғарғы Сот өкіліне сұрағын жолдады.

– Әділеттілік таба алмаған азаматтар Президент әкімшілігіне, Жоғарғы Сотқа, Мәжіліске келіп, шағым жазып жүгінетін. Мұндай шағымдар қазірдің өзінде өте көп. Осы заң қа­был­данғаннан кейін азаматтардың Жо­ғарғы Сотқа арыз-шағымы тоқ­тай ма, әлде әрмен қарай жалғаса бере ме? Өйткені сот жүйесіне, оның ішін­де Жоғарғы Соттың шешім­дері­мен халықтың келіспейтін шағымдары аз емес, – дейді Е.Саиров.

Баяндамашы Ү.Шапақ бұл сұраққа жауап ретінде 2016 жылы бес сатылы сот төрелігінен үш сатылы сот төрелігіне көшкен кезде кассация айтарлықтай қысқартылғанын атап өтті. «Мемлекет басшысы айтып өткендей, бүгінде істердің тек бес пайызы кассациялық сатыға жетіп отыр. Яғни азаматтардың шырылдайтыны – кассацияға қолжетімділік жоқ. Сондықтан кассациялық кезеңге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін азаматтардың шағымдарын жаппай кассацияға жіберуді ұсынып отырмыз», деді депутат.

 

Реформаның қателігі қайта түзетілмек

Жоғарғы Соттың азаматтық іс­тер жөніндегі сот алқасының төраға­сы Нұрсерік Шәріпов те талқылау кезеңінде жаппай кассацияның қажеттілігіне тоқталды.

– 2016 жылы қабылданған заң­дағы өзгерістер бүгінгі касса­циялық істерді шектейді. Судья­лардың азаматтық істер бойынша дара «үштікпен» қаралған акті­лерге баға беруі үнемі сынға ұшы­рап келеді. Біз оны мойындаймыз. Яғни 2016 жылғы соңғы реформа тиімсіздігін көрсетті. Ал арыз-шағымдар азая ма дегенге келсек, азаматтық істер саласы бойынша кейінгі үш жылда 270 мыңдай шешім шығардық. Оның облыстық деңгейіндегі апелляцияға арыздану көлемі 10-12 пайыз ғана. Одан әрі аспайды. Бұрынғы реформада кассациялық шектеу тұр­ғандықтан біз осындай келең­сіздікке тап болып отырмыз. Заң жобасы қабылданғаннан кейін сот шешімдеріне деген арыз-шағым­дар күрт азая түседі деп айта ал­маймын. Себебі кез келген сот шешімінен кейін ұтатын және ұты­латын тарап бар. Әрине, ұтыл­ған тараптың міндетті түрде өз шын­дығы, өз ақиқаты бар. Ол өзінің мүд­десін қорғап әрмен қарай түсін­діре береді, шағым жаза береді. Сон­дық­тан шағымдар азаяды деп бірден кесіп айта алмаймыз. Бірақ сот төре­лігіне деген қолжетімділік арта тү­сетіні анық, – деді Жоғарғы Сот өкілі.

Заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева жаңа модель елордада үш кассациялық сотты, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша соттарды құруды көздейтінін айтып өтті. Жұмыс тобының қарауына енгізілген ұсыныстар бойынша кассацияға істер алдын ала қарау­сыз үш судьядан тұратын алқаға тікелей түседі. Баяндамашының айтуынша, кассациялық соттардың құрылуымен Жоғарғы Соттың да рөлі өзгермек. Оның жұмысы сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Сұрақ-жауап кезінде Жоғарғы Соттың, жалпы сот жүйесінің ашықтығы, билік тармақтарының арасындағы байланыс жөнінде де айтылды. Мәселен, депутат Ринат Зайытов бір жылдан бері сайлаушылардың арыздарымен соттың қабылдауына кіре алмай жүргенін айтса, Еділ Жаңбыршин әділ сот төрелігі болмай Әділетті Қазақстан құра алмайтынымызды жеткізді.

Осылайша, жалпы отырысқа қатысып отырған 90 депутаттың үшеуі қарсы шығып, төртеуі қалыс қалып, үшеуі мүлдем дауыс бермей, 80-і жақтап дауыс берген сот жүйесін реформалау және про­цестік заңнаманы жетілдіруді көзде­ген заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ күн тәртібінде өзге де бірқатар заң жобалары қаралып, тиісті шешімдері шығарылды. Арасында бірқатар халықаралық келісімді ратификациялайтын заңдар да қабылданды.

 

Киіз үйдің киесімен ойнап...

Әлеуметтік желідегі бабаларымыздан қалған қасиетті мұрамыз – киіз үйді қорлаған бейнероликке қатысты депутаттық сауал жолдаған Самат Мұсабаев өз наразылығын жет­кізді. Сауалын еліміздің Бас про­ку­ро­ры Берік Асылов пен Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа бағыттаған депутат:

– Сан ғасыр бойы хандарымызға еңсесі биік ақ орда, халқымызға құт ұялаған баспана болған киіз үйге және басқа да құндылықтарымызға ақпараттық шабуыл да басталды. Күні кеше киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі исі қазақтың ашу-ызасын тудырып отыр. Халықтың бұған наразылығы әбден орынды. Олардың ойына келгенді істеп, тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық. Олар бүгін төрімізде тайраңдаса, ертең төбемізде ойнамасына кім кепіл? Сондықтан бұған көз жұмып қарап, жай қалдыра салуға болмайды, – деп, құзырлы органдарға аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұрады.

Депутат Жанарбек Әшімжанов Алматы қаласына еліміздің әр өңірінен ағылған көші-қонға байланысты мегаполистегі тұрғын үйге деген қолжетімділіктің төмендеп бара жатқанын мәселе етіп көтерсе, Нұртай Сабильянов «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне үстемақы төлеу, әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіру мәселесіне байланысты Үкімет басшысына сауал жолдады.